Аралда Наурыз тойы тойланды
Арал ауданында «Қош келдің Әз-Наурыз» атты мерекелік шарасы өтті. Бұл мерекені Арал ауданының халқы ерекше шаттықпен тойлауда.
Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мерекесі Арал ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Орталық алаңда ретімен құрылған киіз үйлер сән түзеп, алыстан көз тарта алаң ажарын ашып, мерекелік шараларға ерте жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады. Мерекеге жиналған тұрғындар ең алдымен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеген көріністердің куәсі болды.
Одан әрі салтанатты шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан жұртшылығын Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын! Теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымаған, дархан көңілді Арал жұртын тағы да Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тіршілік жаңарып, жыл бастауы болған Әз-Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Ұлыс оң болсын!»,-деп ізгі тілегін жеткізді.
Мұнан соң аудан басшысы бастаған бір топ аудан азаматтары алаңда құрылған киіз үйлерге бас сұғып жиылғанғандарға ыстық ықыласын жеткізді. Айта кетейік орталық алаңда, «Сыбаға», «Қауышу», «Кәсіпкерлер», «Ұлы Жібек жолы», «Береке-бірлік», «Рухани құндылық», «Ырыс-ынтымақ», «Алтын орда», «Анаға тағзым», «Алтын орда» атты оннан астам киіз үй тігілді.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан әкімі бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақсақалдар ақ батасын берді.
Сондай-ақ шара барысында орталыққа жиылған жастар ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түссе, бойжеткендер мен қыз-келіншектер ұлттық дәстүрді, әдет-ғұрыптарды насихаттады.
Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жайма шуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені қарсы алған аудан тұрғындары наурыз көжеден дәм татып, ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берісті.
"Толқын" ақпарат