Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚҚА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

ТАЗАЛЫҚҚА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Таяуда аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен санитарлық штабтың отырысы өткізілді. Штаб отырысында қала аумағындағы тазалықтың сақталуын қадағалау мақсатында бөлінген сектор жетекшілерінің жасаған жұмыстары сараланды. Сектор жетекшілерінің хабарлауынша тұрғындарға рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастамау қажеттігі жөнінде түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Дегенмен белгіленбеген жерлерде санитарлық тазалық шараларының сақталмауы жиі орын алуда. Ол үшін көше комитеттері мен тұрғындардың қатысуымен жиындар өткізіліп келеді.
Жиын барысында әрбір сектордағы тазаланған орындарға қайта қоқыс тасталған жағдайлар слайд арқылы көрсетілді.
Аудан басшысы шаһар тазалығын ұстап тұру жан-жақты шараларды үздіксіз жүргізу қажеттігін айтты. Халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін күнделікті белгіленген аймақты аралап, тұрғындарға үнемі ескерту жасап отыруды тапсырды. «Әрбір тұрғын үй бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтарды тиісті мекеме арқылы арнайы полигонға төктіру бағытында жұмыс жасау қажет. Туған қаланы таза ұстау тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ ісі»,- деп аудан әкімі тазалық шарасына бір кісідей атсалысу қажеттігін айтты.

Қала бойынша 8 сектордың жұмысын жекелей талдап өткен аудан басшысы әлі де болса кемшіліктердің бар екендігін жеткізді. Тазартылған аумақтардың қайта бүлінуі орын алған секторларда тиісті шараларды күшейту қажеттігін айтты. Қошаған ортаны ластамаудың алдын алу үшін рейдтік шараларды үздіксіз жүргізе отырып, тәртіпке бағынбаған тұлғаларға қатаң шаралар қабылдау керектігін ескертті. Сондай-ақ аудан басшысы көшелердің түнгі жарықшамдарының толық жануын, әр сектордағы ойын алаңдары мен аллеялардың жағдайын қадағалау, кәсіпкерлік нысандардың сырт келбеттерін реттеуді тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда қала аумағы бойынша тазалыққа жауапты мердігер мекемелер анықталды. Олар «Қуанышбек» ЖШС-мен «Қуаныш» ЖК. Бүгінде аталған мекемелер кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандар және тұрғындармен келісімшартқа отыру жұмыстарын жүргізуде.
01 сәуір 2023 ж. 251 0