Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдер қатыгездігі жанды түршіктірді

Жасөспірімдер қатыгездігі жанды түршіктірді

Қазір жақсыны да, жаманды да әлеуметтік желіден еститін дәрежеге жеттік. Ақпараттық технологияның алапат күшке айналғаны соншалық, болған оқиға боямасыз, сол қалпында бейнежазба, сурет арқылы тарап жатады. Бұл бір жағы дәлел мен дәйек. Бір жағы жақ қарысып, жаға ұстатарлық, адам баласы осындайға да бара ма деген жантүршігерлік көрініс. Хош дестік... Өткен аптада осындай бір видео желіні желдей есті. Қоғамда қызу талқыға түсті. Облыс әкімінен бастап шенділер мен шекпенділерді алаңдатқан көрініс көршіміз Қазалыда болған. Онда жасөспірімдер бір жеткіншекті жабыла теуіп, адам көргісіз етіп сабағанын бейнежазбаға түсірген.
Бұл жазбадағы жауыздыққа таңғалмау мүмкін емес. Естен танып жатқан жасөспірімді аяусыз тепкілеген әрекеттерін рахаттана телефонның бейнежазбасына түсірген бозбалаларды құдды безбүйрек, қандықол қарақшы ма деп қаласың. Бірақ олардың 15 жастағы мектеп оқушылары екендігі мәлім болды. Осыған байланысты жасөспірім балалардық құқық бұзушылыққа жол бермеу, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде рейд жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар Арал ауданында да өтті. Рейд жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары, полиция қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің басшысы, қызметкерлері және мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар да атсалысты. Түнгі қозғалысты бақылау барысында белгіленген уақыттан кейін жүрген балаларға, жасөспірімдердің қоғам тыныштығына залал келтіретін әрекетінің алдын алу мақсатында ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай жағдайдың жасөспірімдер арасында орын алып отырғандығы бірінші рет емес. Талай мәрте бесіктен белі енді ғана шыққан балалардың қатыгез әрекеті туралы естіп, төбе құйқамыз шымырлай түскен. Мұндайда кім жауапты, кім жазықты? деген заңды сауал туындайды. Ең алдымен бала тәрбиесі үйдегі ата-анаға байланысты, одан соң мектеп пен қоршаған орта, қоғам жауапты. Қазір жігіттер арасында райондық бөлініс бар. Олар жай ғана бөлінбей, екеуара келіспеушіліктің артын топтық төбелеске айналдырып жібереді. Бұрындары да мұндай төбелестер болған жоқ деуге келмес. Бірақ «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей, жалпақ жұртқа жария етпей, жәбірленуші тарап пен бұзақылар өзара келісімге келетін. Ал топтасып төбелесу бір бөлек те, өздерінің өрескел әрекетін бейнежазбаға түсіріп, желіге тарату бір бөлек нәрсе. Бұл қатыгездіктің шыңы десек болар.
Бірін бірі батыр деп әспеттеп, ертеңгі күні елдің басына күн туа қалса күш біріктірер, болашағымыз деп жүрген өрендеріміз. Мектеп қабырғасынан қатыгездікке, жауыздыққа шімірікпей қарайтын болып өспесе екен дейміз. Бұл бағытта қоғамда тәрбиелік бағыттағы жұмыстар атқарылуда. Бірақ бар жауапкершілікті мектеп пен полицияға жүктемей, бала тәрбиелеп отырған әр ата-ана өзінің өсіп келе жатқан ұлының бейсауыт жүрісін бақыласа, отбасы, дастарқан үстінде тәрбиелік мәні бар әңгіме айтылып, бала санасына сіңірілсе, жасөспірімдер жантүршігерлік әрекетке бармас деген үміт бар. Ертеңгі күні сол баланың қызығын да, қайғысын да көретін өзіміз екендігін естен шығармайық. Итің жаман дегеннен намыстанатын елдің ұлы жаман болып еңсесін езбесін.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
11 сәуір 2023 ж. 250 0