Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесіне байыпты қарайық

Бала тәрбиесіне байыпты қарайық

Ұрпағымызды саналы, салауатты, дені сау, рухы биік етіп тәрбиелеу үшін ата-ана мен ұстаз арасындағы байланыс тығыз болуы шарт. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп Әл-Фараби атамыз айтқандай, тәрбиесіз білім алу мүмкін емес.
Иә, бүгінгі жастар, оқушылар ертең елдің болашағы, мемлекеттің тұтқасы болады. Сондықтан ұрпақтың қамын ойлау – бүкіл қауымға ортақ парыз. Бала өсіру, оны өнер-білімге, адамгершілікке тәрбиелеу ата-анамен ұстаздардың міндеті. Қай ата-анада баласын жаман болсын демейді.Барлық ата-ана "балам бақытты болып, елімнің қалаулы азаматы болса екен" деп армандайды. Сол адал тілегіне жетіп, ұл-қызының болашағы кемел болуы үшін барын салады. Білімді болсын деп олардың оқуынан қолындағысын аяп қалмайды.
Міне, осы кезекте әрбір әке мен ананың көңіліндегі сәулені жалғап, балаларын білім нәрімен сусындату біздің міндетіміз. Тек біліммен ғана жетілдіріп қоймай, тәрбиенің де тереңдігіне аса мән береміз. Бұғанасы қатпаған, дүниетанымы әлі де болса даму үстіндегі оқушыларды барынша адалдыққа, татулыққа, Отанды, ата-ананы сүюге баулимыз. Бірақ мына бір жағдайды естен шығармаған жөн. Мектеп бала тәрбиесіне, оның қалыптасуына белгілі бір дәрежеде ғана жауап бере алады. Ал бірінші кезекте тәрбие мен тәртіптің түпқазығы отбасынан бастау алады. «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» деген сөз бекер айтылмаған ғой.
Жас өскін талды қалай қарай исең, солай өседі.Әу баста түзу бағыт нұсқасаңыз, сіз отырғызған шыбық та ертеңгі күні жемісін береді. Өйткені не ексең соны орасың.
Осы ретте бала тәрбиесіне байыпты қарау керектігі әрбір ата-ананың жадында жаңғырып тұруы тиіс.Өмірге сәби әкелгесін, оның болашағын ойлау ләзім. Өмірге деген көзқарасын, келешекте қалай болмағын күні бұрын құнттаған жөн. Сонда ғана бала есейе келе шаңырағында көрген-білгенін қайталай бастайды.«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тәрбиелеген ұлтпыз ғой.
Расында бүгінгі қоғам тәрбиені тіпті көп талап етіп отыр. Жасыратыны жоқ, қазірде талай жаға ұстарлық жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Ұсақ тәртіпсіздіктерден бастап қатыгездікке толы көріністерді де ақпарат беттері арқылы көзіміз шалып қалып жатады. Әлбетте, бұл кезекте бірінші баланың оқитын мектебі жауапкершілікке міндетті болып табылады. Бұл талапқа соңғы уақытта қоғам да бейімделіп алғандай. Десе де отбасының жауапты екенін естен шығармау қажет-ақ.
Ендеше бала тәрбиесін екінші орынға ысырып қоймай,бесігіміздің дұрыс тербелуі үшін бүгіннен бастап білек сыбанып кіріскеніміз дұрыс.Осы ретте ата-аналар мен мектеп ұжымы бір-біріне деген құрмет сезімін жоғалтпай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса нұр үстіне нұр болары анық. "Балам үйде, қылығы түзде" десек те, түздегі қылығы да шаңырақтан басталарын тағы да қайталап өткім келеді.
Рахима Оспанова,
№260 орта мектебінің педагог-психологы
14 сәуір 2023 ж. 548 0