Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш баған алынса, бетон қадау қағылса...

Ағаш баған алынса, бетон қадау қағылса...

Бұрынғы Жеңістің 30 жылдығы қазіргі Жұпан Тәжімбетов көшесінде біршама түтін тұрады. Қаланың сәулеттік жобасы бойынша кейін пайда болған көшелер санатында. Сол көшеге кіреберісті қарасаңыз жолдың қақ ортасында ағаш бағана тұр. Бойынан 220 вольттық электр желісі жүріп жатыр. Басында ақ самаладай жарық шамы тұр. Сол көшеге берілген жалғыз жарық сол-ау, сірә?! Жарықты қойшы. Бір қарағанда сол бағананың өзі кескен теректей құламасына ешкім кепіл бере алмайды. Тұрған жері және жөнсіз. Ары емес, бері емес, көшенің қақ ортасында. Мұны неге сөз еттік? Себебі қалада орналасқан жері жайсыз, қанша уақыт тұрар-тұрмасы белгісіз осындай бағаналар әлі де жеткілікті. Кім қалай айтса да көрген көзде жазық жоқ. Ендеше осы мәселе төңірегінде сөз қаузасақ...
Қазір қаланың өзінде 200-ден әрі көше бар. Олардың қатары ай сайын толығып, тіпті жаңа мөлтек аудандар пайда болуда. Әрқайсысында 100-ден, 50-ден үй бар. Сол шаңыраққа барып тұрған жарықтың бағаналары қазіргі таңда толық жаңара қойған жоқ. Демек сонау Кеңес заманынан келе жатқан ескі әрі шіри бастаған ағаш бағаналарға сенім жоқ. Жанынан өтпеуге тырысыңыз. Алда-жалда құлай кетсе, жолындағысы мен жанындағысын жайпай салады. Бір қатардың бойына салынбай, ыңғайлы жерге қондыра кеткен сол бағаналар бір қарағанда көшенің сәнін кетіріп тұрғаны да жасырын емес. Ертеректе бірлі-жарым үй түскен көшелерді жарықсыз қалдырмаудың амалын қарастырудан туындаған қарбалас тірліктің нәтижесі-ау. Десе де елдің жайын ескерген сала мамандары сол кездері жан-жақты ойласып, болашақ бұл жер де көше болады-ау деген шешім қабылдамады ма деген ой келеді. Мүмкін солай да шығар. Енді сол олқылықтардың орнын толтырар кез келді.
Өткен жылдары қолыма осы қаланың ескі суреттерінің бірі түсті. Қазіргідей қызылды-жасылды ғимараттардан ада аудан орталығы жарық шамдарынан да жұрдай. Құдды бір жұпыны тұрмыс, жадау үй. Көз алдыңа ескі заманның тарихи қалаларын алып келеді. Қазіргі буынға бұл Арал десең сенбеген болар еді. Бірақ сол күйден басқаша түлеген қаланың қазіргі жайы айтса айтқандай-ақ. Алайда ескілік сарыны есетін инфрақұрылым жүйелері толық ауысып болған жоқ. Қатарында біз айтып отырған жарық бағаналары да бар. Сандарды сөйлетсек, 2022 жылдың өзінде қала көшелерінде ағаш тіректердің 54 данасы бетон тірекке алмасқан. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Десе де жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңадан пайда болып жатқан мөлтек аудандар мен көшелерге жарық бағаналарын орнату жұмыстары да өз деңгейінде жүріп жатыр. Бұл мәселе төңірегінде білмек болып аудандық электр тарату торабы мекемесіне хабарластық. Арал қаласымен қоса ауданға қарасты өзге ауылдарда да бұл мәселе толық шешімін таппаған. Яғни ескірген электр желілерін жаңалау мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түспеген. Тіректі елді мекендер санатындағы Сексеуіл кентінің өзінде бағаналардың үштен бірі жаңаланған. Тиісті құжаттар қабылданып, қаржылық мәселе алдағы уақытта шешілетін болса, тағы 8 елді мекендегі электр бағаналарын жаңалау жұмыстары басталмақ.
– Арал қаласынан бөлек аудан бойынша да елді мекендер арасындағы электр желілері бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қазірдің өзінде Райым мен Бекбауыл ауылының арасындағы жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын 4 дана ақаулы темір-бетон тіректері жаңасына алмастырылды. Аманөткел мен Райымның арасында да 3 дана ақаулы тірекбағаналар ауыстырылды. Қосаман, Ақеспе, Құланды және Мергенсай елді мекендері бойынша 10 дана қосалқы станциясының ажыратқыштары, оқшаулағыштары алмастырылып, қаңқалары сырланды. Абай ауылында да 15 дана ағаш тірек темір-бетон тірекке алмасты. Сондай-ақ 25 шақырым болатын желілік сымдар мен оқшаулағыштары алмасты. Жақсықылыш кенті бойынша да 11 дана қосалқы станциясының оқшаулағыштары мен сақтандырғыштары алмастырылып, қаңқалары сырланды. Арал ауданы бойынша тұтынушылар электр энергиясын пайдаланатын 110/35/10/0,4кВ әуе желілеріне аралап тексеру және ақауын жою жұмыстары және елді мекендерде орналасқан 110/35/10/0,4кВ қосалқы станцияларына тазалап жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан көлемінде тұтынушылардың пайдаланып отырған электр энергиясының сапасын арттыру мақсатында, көптеген 0,4кВ әуе желілерінің жүктемелері реттелді, – дейді Арал АЭТ өндірістік-техникалық қызмет инженері Т.Өтенәлиев.
Жабайы тұрмыс пен сүйкейсалды тірліктің ендігі ауылы алыста қалды. Солай десекте ескіден жаңаға өте алмай жатқан салалардың жұмысын жандандыру маңызды деп ойлаймын. Аудан тұрғындарының да пікірі осыған саяды. Мәселен, сөз басында сабақтаған Ж.Тәжімбетов көшесі бойындағы ағаш бағаналарды темір тіректерге ауыстыруды және оларды орналастыруда түзулікке мән беруді қажет етеді. Ал осындай мәселе қаланың өзге көшелерінде де бар. Олардың барлығына қаржыны аудан бюджетінен қарап реттей салу оңай шаруа емес. Сондықтан мәселені біржақты шеше салуда тиісті мекемелер тарапында қаржылық қолбайлау болып тұратыны жасырын емес. Дейтұрғанмен ендігі жерде жергілікті билік осы мәселелерге лайықты көңіл бөлсе дейміз. Қазіргі уақытта күн райына сенім жоқ. Аспаннан жауып, жерден борап күннің астан-кестені шықса, алдымен әлгіндей "әлжуаз" бағаналар сыр беріп, тартылған сымдар сол маңның тұрғындарына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуіміз керек.
– Біздің осы қалаға көшіп келгенімізге 15 жылдай уақыт болды. Содан бері көшеміздегі электр желілерінің ағаш бағаналары әлі тұр. Айтпағымыз – олардың бірізділікпен орналаспауында. Мәселен, біздің есіктің алдындағы бағана көшенің қақ ортасына түскен. Болашақ осы көшеге тас жол төселетін болса, бұл бағаналар кедергі болады. Сондықтан екі жұмыс болмауы үшін электр бағаналарын осы бастан бетон бағаналарға алмастырып және жолға кедергі келтірмейтіндей етіп түзулігін қараса дейміз. Күн райы бұзылса бұл тіреулер мен тартылған сымдарынан үзіліп құлайма деп қорқамыз. Есік алдында балаларымыз ойнайды. Қаншама көлік өтеді. Қателік болмаса екен дейміз. Сол себепті қай жұмыстың да тыңғылықты әрі сапалы қолға алынғаны жөн. Кезінде бұл маңға үйлер түспегендіктен толық есептелмеген болар. Оны түсінеміз. Алайда мұндай олқылық жалғыз біздің көшеде емес деп ойлаймын, – дейді қаладағы Ж.Тәжімбетов көшесінің тұрғыны Д.Жолдығұлова.
Иә, қай істе болмасын мақтаулы мекеме жақтаулы. Оған елдің де көңілі алабөтен, тілегі де жұғысты болмақ. Сондықтан аудандық электр тарату торабы сондай мақтаулы іске лайық мекеме болуы тиіс деп есептейміз. Халықтың тұрмысын шат қылып, жарық сыйлауда қылып жатқан табанды еңбектері әрине ескерусіз емес. Елге қызмет етуде күні-түні жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегі әрқашан мақтауға лайық. Дейтұрғанмен халық болған соң қай істе де кемшілік байқалып жатады. Соның орнын толтыруға жұмыс жасайтын кез жетті. Біз бұл мәселені де халық сұраған соң көтеріп отырмыз. Расында электр желілерінің толық жаңарып, көшелер мен үйлерде ақ самаладай жарқырап әрі тап-таза түзу қалыпқа енетін кезі жетті. Бұл уақыт сұранысынан туындаған мәселе...

А. ҚАРАСАЙ
15 сәуір 2023 ж. 354 0