Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 40-та қандай кие бар?

40-та қандай кие бар?

Қазақ халқының тұрмысымен біте қайнасып кеткен жазылмаған дала заңдары бар. Адам баласы өмірге келген соң тал бесік пен жер бесіктің арасында жасалу керек ырым-тыйым, салт-дәстүрдің бәрінің астарына үңілсек, оның терең мән-мағынасын түсінеміз. Заман ағымына сай жаңғырудың жаңа жолына түссек те бабалардан қалған сол рухани құндылықтар әлі күнге дейін бізбен бірге біте қайнасып келеді. Мәселен, адам баласы ана құрсағында қырық аптада толық адамға айналса, өмірге келген соң қырық күннен кейін буыны бекіп, қатая түседі. Ол осының неге тап қырық күнмен байланысты екендігі туралы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабында былай дейді.
Әлі есімде, бір жолы анамнан:
– Қазақтар неге қырық санын қастерлейді? – деп сұрадым. Білгім келгенді жауапсыз қалдырмайтын әдетімен ол кісі:
– Қырық күн, қырық саны адам жаратылысымен тікелей байланысты болғандықтан қасиеттейді. Бойға бала бітерде ештеңені артық-кем жаратпаған Алла тағаланың құдіретімен бір тамшы ұрық суы қырық күнде қанға айналады, қаннан қырық күнде етке айналады. Тағы қырық күнде еттен сүйек пайда болады, одан қырық күн өткен соң ет пен сүйекке жан бітеді және қырық күн өткенде жан алған ет пен сүйек адам пішініне енеді. Содан кейін шақалаққа сезім жүйесінің пайда болуына қырық күн кетеді. Тағы қырық күнде бала толысады. Сөйтіп, 280 күн – қырық аптада, анығын айтқанда, тоғыз ай, 9-10 күнде нәресте өмірге келеді. Баланы қырқынан шығару – жоғарыдағы қырықтардың соңғы жалғасы. Ғылым-білімнің не дейтінін білмеймін, онда шаруам жоқ. Білетінім, бабалардан қалған осы қисынды ақиқатқа сенемін. Сен де ұмытпа, – деп еді жарықтық.
Мен ұмытқам жоқ, ата-бабалардың бай өмір тәжірибесі мен ой-өресінің ғылыммен ұштасып жатқанын кейін түсіндім.Біздің қазақта «өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін ауыр сөз бар. Әншейін ауыр сөз емес, қарғыстың ең жаманы. Құдайым мұндай сөзді ешкімге естіртпей-ақ қойсын дейсің. Әйтсе де, өмірде не болмайды, менің Атамқұл нағашым айтқандай, жер бетінде жүрген соң аяқ не баспайды. Сонда да әр нәрсенің орны бар, шегі мен сұрауы бар емес пе. Бұлай дегенім, кейінгі жылдары қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрып, жол-жобасына қол сұғып, бұра тартып бұрмалау белең алды. Дәстүр-салттың негізгі мән-мағынасынан әліпті таяқ деп білмесе де, оны өздерінше өзгертіп бүлдіретіндер жетіп жатыр. Оның бәрін жіпке тізіп әңгімені сын мақалаға айналдырғым келмейді, одан да нақты мысал келтірейін. Бір бейтаныс келіншек хабарласып жағдайын айтты.
– Апай, тұңғыш баламды босанғаныма он сегіз күн болды. Өзім Талдықорған жақтың қызымын, келін боп түскен жерім – Оңтүстік өңірі. Кеше Шымкенттен енем келіп, немересін екі күннен кейін қырқынан шығармақшы. Мен әже қолында өскенмін, ес білгелі бері баланы жиырма күнде қырқынан шығаруды көрген де, естіген де емеспін. Осыны енеме айтсам, ол кісі: «Бұл – қазақтың бұрыннан бар салты. Күн мен түнді қосып санап кіші шілдесінен шығарса, бала тез ширайды», – дейді. Анам сырқаттанып ауруханада жатқандықтан, батылым жетіп сізге хабарласып тұрмын. Мүмкін мен бір нәрсені білмейтін шығармын, бір жағынан, сәбиіме кесірі тие ме деп қорқамын. Қырық күннің жай-жапсарын түсіндіріп беріңізші, – деді.
Салт-дәстүрді сыйлайтын, есі дұрыс адамды есеңгірететін «жаңалықты» естігенде таңғалғанымды айтпаңыз! Атам заманнан арнасы бар, «қырқынан шығару» деп айдай анық атауына мазмұны сай салтты қай кезде шолтитып жиырма күнге түсірген? Бабалар әруағынан именбей, ғасырлардан аман өткен халықтың дәстүріне қиянат жасаған қандай «білгіш» екен? Енді оны анықтау мүмкін емес, біреу бастады, басқалар: «Е-е, бұлай да жарай береді екен ғой», – деп көргенін ойсыз қайталайтын жыртақай маймыл әдетпен ары қарай әкете берген сыңайлы. Жұқпалы індеттің тез таралатыны секілді бұл да жайылып, кез келгенге елпілдеп еліктейтіндердің ермегіне айналыпты. «Есалаңның өзінен гөрі оған ілесушілер қауіпті», – деуші еді менің дәрігер әкем...
Өз басым әлгі келіншекке өте риза болдым. Әже тәрбиесін көргендіктен ұлттық салтты құрметтеп әрі қырық күннің кемдігі бір күні болмаса, бір күні перзентіне кесірін тигізе ме деп, жас та болса, ойлана білгеніне көңілім толды. Мен оған білгенімді ықыласпен түсіндірдім, бірақ ол енесіне сөзін өткізе алды ма, алмады ма, одан бейхабармын. Әйтеуір қайда жүрсе де аман болсын деп тіледім.
Расында өзім де тұңғышымды өмірге әкелгенде осы қырық күн баланы да тұзды сумен шомылдырып, маймен сылап, дене жаттығуын жасап, өзім де қалың киініп жылы жүріп, аса жоғары күтімде болуым керектігін енем айтқанда балалықпен мән бермеген едім. Сол рас дейсің бе, басқа ұлттар 40 күн күтінбесе де түк болып жатқан жоқ қой, дедім. Бірде енемнің үйде жоқтығын пайдаланып душқа түсіп суық су ішіп, салқын суға баланың кірін жуып, енем келген соң түк болмағандай қайта қымтанып ала қойдым. Бірақ ертеңгі күні таңертең тұрғанда бетімнің бір жаққа қисайып кеткендігін көріп шошыдым. Секем алған енем не себеп болуы мүмкіндігін сұрады. Сонда шындықты айтуға мәжбүр болды. Не керек, аурухана есігін жағалап ем алып барып бетім орнына келді. Содан кейін 40 күн күтінудің мәнін түсіндім. Өмірге ұрпақ әкелген ананың да қырық күнге дейін денесі жас сәбидің денесіндей, буыны бекімейтіндігін, бүкіл денесі босап үп еткен желдің де салқыны тиетіндігін үлкендер ескерткен кезде өз қателігімді түсініп ұялдым.
Бұл әңгімені де жастарға үлгі болсын деп айтып отырмын. Ырымға сенсек қырын кетпейді екенбіз.
Н. БАҚЫРАН 
25 сәуір 2023 ж. 466 0