Сарбаз, антыңа адал бол!
Отан қорғаушы! Жастарға жігер беріп, әрбір азаматты желпінтіп қоятын қандай қастерлі ұғым десеңші. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті екені осыдан-ақ түсінікті емес пе?! Батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің көрінісін көрсетіп, жерді жаудан, елді даудан қорғаған аға буын мен аталарымыздың ізін жалғау әскер жасына толған әр азаматтың ең басты адами міндеті. Бұл жайында жиі айтып келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойғаны да сөзімізді салмақтай түседі.
Расында қолға қару алып, қатарда сап түзеп, әскери тәртіпті көріп өскен жігіт жауапкершілікке берік, антына адалдықты үйреніп өсері сөзсіз. Оған бүгінгі күні ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлкендеріміздің болмысы мен ұстанымы анық дәлел болады. Дегенмен әскер жасындағы перзент тәрбиелеп отырған ата-аналардың пікірі келесідей.
– Әскери қызмет тек қызмет қана емес, ер баланың Отан алдындағы үлкен міндеті. Біз бұл кезеңді өзіміз де бастан өткердік. Ол кезде Кеңес әскерінің қатарында 2 жыл, 3 жыл борышын өтеген азаматтар өте көп болатын. Тіпті әскер қатарына бармаған ер азаматтар сол қылығы үшін ұялатын уақыт еді. Қазіргі кезде де ұлдарымыздың осындай түсінікте болғанын баршамыз қалаймыз. Себебі нағыз тәртіп пен тазалықты, ұқыптылықты үйренеді. Оның үстіне біздің уақыттағыдай өзге елде емес, тәуелсіз Қазақстанның өзінде бір жыл әскерде болады. Отбасымен тілдесіп, сөйлесіп отыруға да қазіргі таңда мүмкіндік көп.
Бірақ барлығымыз бала үшін деп өмір сүріп жүрміз. Солар бақытты болса деп амандығын тілеп отырамыз. Несін жасырайық, бүгінде ғаламтор дамыған уақытта түрлі жағдайларды көріп жатамыз. Естіп, біліп отырмыз. Сол себепті кейде қауіпсіздігіне алаңдайтынымыз бар. Бірақ ол жақта да тәртіп, қадағалау барын біз білеміз. Сөздің ашығы мынау. Бүгінде шындық деген ұғымды көпшілігі жамандау дегенмен шатыстырып алғандай. Әскерден абыройға бөленіп, шен алып, одан әрі келісімшартпен қызмет жасап жатқандардың да қарасы көбін ескерсек, әлгі жаңалықтар тек халықтың санасында үрей тудырып, елді шулату, өз арналарына оқырман жинаудың, жалпы хайптың бір жолы екенін көре аламыз, – дейді.
Рас, ғаламторды жайлаған жайсыз жаңалықтар белгілі бір бағдарламаның тек жарнамасы ғана ма, әлде ақиқатында әскерлердің көретін қиындығы осы ма деген сауал барлығымызды толғандыратыны сөзсіз. Аталған сұраққа жауап іздеп Ақтөбе қаласындағы 30-238 әскери бөлімінде борышын өтеп, жақында ғана елге оралған аралдық Мұхтар Сейітұлымен тілдестік.
– Әскердегі өмірді әрбір ер азамат көруге міндетті деп білемін. Себебі кез келген жігіттің мінезін де, болмысын да, ұстанымын да қалыптастыратын орта – әскери өмір. Алдымен антқа адалдық бірінші кезекте тұрады. Қатарға қабылданып тұрып тапсырған анттан аттау азаматтығыңа үлкен сын болатынын түсінесің. Екіншіден, жауапкершілікті үйренесің. Өзіңе артылған міндетті тиянақты орындай алсаң ғана абыройлы боласың. Қолға қару алып, оның тілін үйрену де шеберлік. Еліміз тәуелсіз, таңымыз алаңсыз атып жатыр. Десе де азаматтарымыз қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұра білуі қажет. Кешегі халықтың басына қауіп төнген сындарлы сәттерде, әлемді жалмаған пандемияның өршіген уақытында халықтың қауіпсіздігі үшін, бірлігімізді бұзуға ниетті жандардың бас көтерген сәтінде тыныштық үшін күрескен осы әскери азаматтар. Сондықтан мемлекет те сарбаздарға қолайлы жағдай жасап, қауіпсіздігін жете қадағалап отырады.
Ал ең бастысы үйімізден, ата-ана, бауырларымыздан шалғайда жүріп, олардың қадірін, бағасын түсінесің. Нағыз сағыныш пен патриоттық сезім оянып, солардың абыройы үшін өз абыройыңды сақтап қалуға тырысасың, – дейді.
Иә, сарбаздың айтқанындай, әскери қызметтің құзіреті туралы ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. 18-27 жас аралығындағы жастарды әскерге тартудың тиімді жақтарын қарастырып, түрлі жеңілдіктер жасалатыны жалпы оқырманға жақсы таныс. Ол осы жұмыстардың нәтижесі қандай? Жастардың белсенділігіне қалай әсер етуде деген сауалымызға Арал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Б.Қуатов:
– Әскерге тарту, оларды қызықтыру, денінің саулығын қадағалау, борышын өтеуге жарамдылығын тексеру мен олардың қауіпсіздігін бақылау біздің басты міндетіміз. Әрбір азамат – мемлекеттің басты капиталы. Сондықтан біз де жауапкершілікпен қараймыз. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан әскерге тарту, қызықтыру ғана емес, жыл көлеміндегі олардың қауіпсіздігі де қатаң қадағаланып отыр. Осы уақытқа дейін ауданымыздан әскерге аттанған жастар абыроймен қайтып жүр. Белсенділіктері де өте жоғары. Оған жыл сайынғы алға қойылған жоспардың орындалуы айқын дәлел. Жақында ғана аудандық «Толқын» газеті арқылы 2022 жылы әскерге аттанған азаматтардың тізімі жарияланды. 177 жас сарбаз атанып, еліміздің түкпір-түкпірінде борышын өтеді және өтеп жатыр. Биыл да наурыз-маусым кезеңінде ауданға берілген жоспар толықтай орындалды, – дейді.
Түйін:Қауіпсіздік – басты мақсат. Оған жауапты азаматтар да бар. Ал ел ішіндегі әңгіме осы қауіпсіздікке деген сенімге селкеу түсіріп, жастардың бойында қорқыныш тудырады. Дегенмен нағыз азамат қана сол қорқынышты жеңеді. Ал қорқынышты жеңген кезде белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз. Сондықтан әрбір азамат үшін басты құндылық саналған ел алдындағы міндетті орындау борышымыз деп таныған абзал.
О.ЖОЛДАСОВ