Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құс өсіруді қолға алған

Құс өсіруді қолға алған

Сөзімізді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Қазірде еңбекке жарамды халықтың арасында бизнес саласына бет бұрғандар көп. Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын әлі де күшейту қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл туралы халықтың көбі білмей жатады. Сондықтан ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет» деген сөзімен бастағалы отырмыз. Ендеше тақырыптың төркіні түсінікті болар.
Расында қазіргі таңда кәсіпкерлікке ынталы жандардың қарасы көп. Оған аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстар мен кәсіпкерлердің еңбекке деген құлшынысы анық дәлел бола алады. Бүгінгі кейіпкеріміз көп балалы ана Гүлсара Айтпақова да осы салада жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкерлердің бірі. Биыл наурызда мемлекеттің қолдауына ие болып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Гүлсара қалада отырып құс өсіруді кәсіп еткен.
Алғашында қызығушылықпен бастаған жұмысы кейіннен өзінің кәсібіне айналады деп ойламаса керек. Осыдан 5 жыл уақыт бұрын оншақты тауық бағып бастаған кәсіпкер бүгінгі таңда құстың осы түрінің өзінен бірнеше түрін өсіріп отыр. Нақтырақ тоқталсақ, адлер, кучин, голощекин породаларын көбейтіп отыр. Гүлсара Айтпақова өз сөзінде:
– Адам қай жұмысты болса да сүйіп істеуі керек. Басында тауықпен басталған бизнесімнің бүгінде көкжиегі кеңейіп отырғаны да содан болар деп ойлаймын. Өйткені ерекше ықылас қойып, күтім жасамасаң оларды көбейту де қиынға соғады. Қазіргі уақытта тауықтың бірнеше түрімен қатар қаз, үйрек, күркетауық та бағып жатырмын. Тіпті өте сирек кездесетін тауыс та бағып отырмын. Олардың өзін, жұмыртқасын сатып қана қоймай, басын көбейтуді де мақсат қылдым. Осы орайда аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсәуле Ембергенова мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкері Нұрлан Бердібекұлына алғысым шексіз. Бастаған істі үйлестіріп, қолға алған жұмыстың ауқымын арттыруда орынды кеңес беріп, таптырмас мүмкіндік жасады. Солардың кеңесінің арқасында мемлекеттік грантқа ие болып, Түркістан қаласынан жұмыртқа алдырып, инкубатор аппаратын алдым. Құстардың жұмыртқасын салып, соңғы күндері алғашқы балапандар шығып жатыр,– деді.
Өз кезегінде осындай бастаманы қолға алған тұста тілекші болып, көмек беріп келе жатқан отбасына алғыс айтты. Жолдасы Асанхан Тишев екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Қыз ұзатып, құдандалы болған шаңырақ. Асанхан аудандық мәдениет орталығында жұмыс жасайды. Мұнан бөлек оның да жеке кәсібі бар. Балаларының барлығы өнер жолында. Ұлдары Рамазан музыка маманы ретінде баян аспабын игерсе, Аслан – барабаншы. Қазір 1 курс студенті. Инабат Сырдың бойында қалыптасқан жыраулық өнерді жанына серік етіп, осы жолда дәріс алып, аудандық, облыстық, республикалық байқауларда марапат төрінен көрініп жүр. Ал кенжесі Айкөркем 1 жасқа толады.
Кәсіп иесі алдағы жоспарларымен де бөлісіп өтті. Кәсібін ұлғайтуды көздеп отырған Гүлсара жанына адам алып, жұмыспен қамтығысы келеді. Сонымен қатар жер беріліп жатса, құс өсіруді одан әрі дамытпақ. Арнайы бассейн жасап, олардың көбеюіне барынша жағдай жасауды көздеп отыр.
Ерекше кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер аралдық бренд қалыптастырып, табысты жұмысы мен жағымды жаңалықтарын әлі талай ақпараттандырамыз деген сенім бізде де мол.
О. ЖОЛДАСОВ
14 мамыр 2023 ж. 221 0