Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдени мұраға толы мекеме

Мәдени мұраға толы мекеме

Әр халықтың өзіне тән мәдениеті, салт-дәстүрлері мен руханияты болатыны анық. Яғни, әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Ендігі кезекте 2013 жылы 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні болып бекітілген еді. Айтулы мереке барша қазақ өлкесінде кең көлемде аталып өтеді.
Ел мәдениетін дамытушы күштердің бірі – мәдени мұраға толы кітапхана екені анық. Иә, кітапхана – дүниеде ешқандай затқа тең келмейтін, ғасыр бойына адамзат тарихының асыл сырларын сүріндірмей сақтап келе жатқан шырағы биік киелі орда. Білім мен парасатқа толы атаулы мекен оқырмандары үшін тірбие мен өмір мектебі болып табылады.
Бүгінгі технология дамыған заманда кітап оқуға арналған түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, өзіңізді қызықтырған кітапты аудио түрінде тыңдасаңыз болады немесе электронды кітап түрінде қолыңыздағы ұялы телефон арқылы оқи берсеңіз де болады. Осы тұста электронды форматтың қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхана рөлі мәнін жоғалтпайтыны сөзсіз. Осы тақырып төңірегінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:«Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар –білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды»,– деген болатын.
Айдынды Арал өлкесі де рухани қазынаға толы кітапханадан кенде емес. Солардың бірі – Арал аудандық Абай кітапханасы барша аудан тұрғындарын қазынаға толы асыл мұраларымызбен қамтып отыр. Атаулы кітапхана іргесі 1940 жылы құрылып, 1976 жылы жаңа ғимараты салынған. Ал 1980 жылы аудан кітапханалары орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне ауысып, сол жылдан бастап атаулы кітапхана аудан кітапханаларының барлығына дерлік басшылық жасайтын орталыққа айналған. Сонымен бірге кітапхана қызметкерлері жаңа технологияларды жетік меңгеріп, болашаққа жаңа міндеттер мен талаптар қойылған. Бүгінгі күні дәстүрлі оқумен қатар жаңа технологиялар игеру негізіндегі жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тағы айта кетерлігі, кітапхана ақпарат орталығы ретінде дәстүрлі құндылықтармен бірге қазіргі заманауи кітапханалар қызметін жаңа технологиялар негізінде түрлендірілген. Сондай-ақ барлық кітапхана интернет жүйесіне қосылған. Кітапхана оқырмандары ғаламторды еркін пайдаланып, салалық, сапалық қызмет бойынша ерекше басымдықтарға ие болып отыр. Аудандық орталық кітапханада кітаптардың электронды нұсқалары цифрланып, «QR» арқылы сирек кездесетін кітаптар мен өлкеден шыққан ақын-жазушылардың әдебиеттерін оқуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар тегін «Wi-fi» желісі, жоғары жылдамдықтағы интернет, заманауи компьютерлермен жабдықталған «Coworking» орталығы жеке жұмыс аймағы ретінде кітапхана оқырмандарына берілген. «Арал_кітап» электронды веб-сайты құрылып, ақпараттар енгізілу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы аудан бойынша халыққа мәдени және рухани білім беретін, оқырмандарға қызмет көрсететін 39 кітапхана бар. 2022 жылы жалпы кітап өоры 612 049 дана, оның ішінде 376 647 данасы мемлекеттік тілдегі кітаптар болып табылады. Сонымен қатар 36 600-ге жуық оқырмандары бар. Жыл сайын кітапхана қоры 8000-ға жуық жаңа әдебиеттермен толықтырылып отыр. Аудандық ОКЖ бойынша 8 коворкинг орталығы, 10 модульді кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетіп келеді. Аудандағы барлық кітапханалар адамдардың мәртебесі, лауазымына қарамастан аудан халқының рухани дамуына үлес қосып, аянбай қызмет көрсетіп келеді. Сонымен бірге аудан кітапханалары өз оқырмандары үшін рухани мұраға толы түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жаңа форматта қызықты еркін жиындар өткізеді. Осындай шаралар арқылы кітапқұмарлыққа, сауаттылыққа, дүниетанымын кеңейтуге, сөздік қорын молайтуға баулып келеді.
Кітапхана – адам баласы бойын мәдениетке баулып, білім мен тәрбиені қатар беретін рухани қазына ошағы. Аудан кітапханалары да оқырмандарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, оқырман қызығушылықтарын арттыра түсуде. Келешек қоғам және ондағы жастардың мәдениетінде кітапхананың атқарар рөлі зор.
А. НҰРЛАНОВА
20 мамыр 2023 ж. 245 0