Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Оқырман қызығушылығын ояту да өнер

Оқырман қызығушылығын ояту да өнер

Кітапхана – дүниеде ештеңеге теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.
Осынау қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Мәртебелі мамандық иесі, жаңашылдықты жаны сүйетін, елеулі еңбегінің арқасында «Халық құрметі» және «Қазақстанның үздік кітапханашысы» төсбелгі иегері атанған білікті маман, Арал қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Өтегенова Мейрамкүл Маханбетжанқызы оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытында түрлі тың жобалармен жұмыс жасауда. Кітап оқылымын жоғарылату мен кітап қорындағы кітаптардың қолжетімділігін арттырып, насихаттауда «Кітап оқырман іздейді» жобасы және алда балалардың жазғы демалысын пайдалы өтуіне басшылық жасайтын «Жаз кітаппен көңілді» атты жазғы кітапхана жобасын үздік нәтижеге жеткізу мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізуде.
Мейрамкүл Маханбетжанқызының жетекшілігімен кітапхана мен оқырманның арасындағы байланысын дамыту және кітапханаға жаңа оқырман тарту мақсатында ұйымдастырған «Мен оқырманмын» байқауы кітапхананың имиджін көтеруде өз нәтижесін көрсетіп келеді. Қалалық балалар кітапханасының оқырмандары да өте белсенді, кітапқұмар, түрлі облыстық, аудандық байқауларда оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атануда.
Эстетикалық талғамы бай, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін ұсынып, жетістікке жетіп жүрген Мейрамкул Маханбетжанызының толымды шарасы жақында аудандық орталық кітапханада өткен
«Кітап әлемінің сиқырлы түні» кітапхана түнінде оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту,оқу мәдениетін қалыптастыру және жаңа оқырман тарту мақсатында қоғам белсенділері, аудандық мәслихат депутаттарының және кітапхана оқырмандарының қатысуымен жаңа форматта «Дәмді кітаптар шақырады» библиокафе жоғары деңгейде өткізілді.
«Библиокафе – бұл мүмкін бе?, біздің берер жауабымыз – әрине, мүмкін. Себебі, кітап – рухани байлық,ақылға да,жанға да азық. «Бір шәугім шай» дегендей, библиокафе қонақтары үстел басында шай іше отырып, «Дәмді оқу» мәзірі бойынша, өздеріне ұнаған тағамына тапсырыс беріп, оқыған кітаптарына шолу жасап, дәмді әңгіме өрбітті. Мәзірде ыстық тағам – «Сезім патшалығы», салқын тағам – «Классикалық дәмділер», жеңіл тағам – «Шетел әдебиеті», дәстүрлі тағам – «Бір ел-бір кітап», Ассорти – «Дәмді кітаптар» және десерт – «Жаңалық» атты жаңа кітаптар тағамдарға бөлініп ұсынылды.
Сергіту сәтінде оқырмандармен «Караоке смайлик», «Құпия сурет», «Көңілді шарлар», «Кім тапқыр?», «Әуенді құлаққап» тапсырмалары бойынша, «Ақылды түстер» ойыны ойнатылды.Әдеби дегустация жасалып, қатысушылар кітап туралы қысқа әрі нұсқа қорытынды ой-пікірлерін білдірді. Библиокафе қызметі кітап пен кітап оқуды ұнататындарға рухани бай, мәдени демалыс сыйлады. Кеш соңында «Жаңалық» десерті бойынша жаңа кітаптарға шолу берілді. Сонымен қатар кафенің үйге тапсырыс қабылдайтынын және бұл қызмет түрі оқырман формуляры арқылы жүзеге асырылатыны жайлы хабардар етілді.
Қазіргі таңда әр адам өзінің тірліктерімен жүрген кезде,адамға жетпейтіні дәл осындай рухани, мәдени демалыс. Оқырмандарға ұсынған библиокафеде емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, кітап жайлы ойларымен сыр-сұхбат құрып сырласып отыруы бір ғанибет болды. Сөз соңында айтылар ойлы сөз – кітап оқиық. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйыламыз. Кітап – шын мәнінде адам баласына білім нәрін беретін рухани азық.
Н. МАРАТ 
11 мамыр 2023 ж. 631 0