Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полицейлер династиясы

Полицейлер династиясы

Қазақ қашанда ұрпақ сабастығына мол сенім білдіріп, балам бақытты, ұрпағым ұлағатты болсын деп ырымдаған, сол ниетте өлшеусіз еңбек еткен халық. Және сол еңбегінің адал жемісін жейтініне сене білген. Көнеден қалыптасқан бұл түсінік әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Сондықтан болар, "балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген тәмсілдің де қалыптасқаны. Расында солай, ұстаздар отбасында мұғалімдікті, ұсталар отбасында осы кәсіпті, дәрігерлер отбасында ақ халат киюді армандайтын балалардың көп болатыны анық. Бірақ, қауіпті мамандық иелерінің ұрпақтары олардың қаншалықты қиын, қандай ауыр жұмыспен айналысатынын біле отырып, сол мамандыққа қызыға қоюы екіталай. Өз басын қатерге тігіп, өзгенің тыныштығын, амандығын жауапкершілігіне алу оңай шаруа емес. Бұл нағыз көзсіз батырлық десек қателеспейміз. Бірақ бүгінгі кейіпкерлеріміз осы міндетті азаматтық борышына балаған жандар болмақ. Әкелі-балалы Тобажановтардың қызметін бүгінде ел біледі.
Отставкадағы «милиция майоры» Көшекбай Тобажанов ішкі істер саласына өлшеусіз еңбек сіңірген азамат. 1953 жылы Арал ауданы, Сайғонды ауылында дүниеге келген ол 1971-1973 жылдары әскер қатарына шақырылып, Германия Демократиялық Республикасында әскери борышын өтеген. Ал ішкі істер саласындағы қызметін 1978 жылы бастап, табан аудармай 20 жыл қызмет етті. Қызмет етті деу аздық етер. Сол жылдар ішінде ерекшелігімен көзге түсіп, «майор» шенімен зейнеткерлікке шыққан. Еңбегі еленген ағамыз, ІІМ-нің құрметті ардагері «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» І,ІІ,ІІІ дәрежелі медальдарымен, «Үздік» төсбелгісімен, Қызылорда ОПД-нің Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған ардагер қазірде жұбайы Алтын Тоқмырзаева екеуі 5 бала, 13 немере тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Сол перзенттерінің бірі Самат Тобажанов та қазіргі таңда Арал ауданының Полиция бөлімінде абыройлы қызмет атқаруда. Баласы жайлы Көшекбай ағамыз:
– "Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер" деген сөз бар ғой. Расында баланы сөзбен емес, іспен ғана тәрбиелей аламыз. Көргенінен өнеге алып, көңіліне түйіп өседі екен. Соған анық көзім жетті. Ішкі істер саласында қызмет ету өте ауыр жауапкершілікті талап етеді. Тіпті өміріңе де қауіп төнетін кездер болады. Осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықты таңдау одан да қауіптірек. Бірақ Саматымның осы жолды таңдағанына бір жағынан қуанам, бір жағынан уайымдаймын. Біздің тілегіміз балаларымыздың амандығы ғой. Тек аман болса екен дейміз, – дейді.
Иә, расында қырағылықты талап ететін қиын кәсіпті жанына серік еткен Самат бүгінде абыройлы еңбек етіп, қызметтің берекесін көріп отырған жан. Полиция лейтенанты Самат Тобажановтың өз ісіне деген адалдығы, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 14.09.2020 жылғы Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталған. Мұнан бөлек «Қазақстан Полициясына 25 жыл» және «Қазақстан Полициясына 30 жыл»мерекелік медалдарымен, «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ және ІІ дәрежелі медальдарымен және ҚР ІІМ-нің Құрмет Грамотасымен, бірнеше рет Қызылорда облысының Полиция департаментінің Грамотасы, Алғыс хаттарын иеленіп үлгерді. Бұл да еңбектің бағаланғаны.
Жауапкершіліктің жеңілі жоқ. Бірақ бірі балаға үлгі болып, бірі әкенің жолын жалғаған жандарға абырой тілейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

20 маусым 2023 ж. 460 0