Шөлді даланың шырайы
Жазық даланың көркіне сән беріп тұрған ежелден келе жатқан бұталы өсімдік жыңғыл әсем табиғаттың әрін келтіріп қана қоймай, бойына жинаған нәрімен де пайдалы екенін көбісі біле бермейді. Өзіне тән жұпар иісі адамды баурап, биік гүлді бұталары көлеңкелегенге сая болары анық. Оның теңдессіз сұлулығы туралы Алаш ақыны Жүрсін Ерман келесідей жырлаған:
Иіскесем шашақталған шырпыңнан бір,
Жаныма болатындай мың күндік ем.
Өткізем жыңғыл кезіп бұл күнді мен,
Жұпары құдіредей жыңғылдың ем, – деп құдіретті қара өлеңге тамсана қосқан екен.
Биіктігі 2-2,5 метрді құрайтын жыңғыл алуан түрлі климатқа бейімделген. Әсіресе Сырдың сәніне айналған жыңғылдың төзімділігіне тең келетін өсімдік жоқ, құрғақшылықта, сортаң жерлерде де өз өмірін жалғастыра береді. Мың ауруға ем болған жыңғылдың емдік қасиеті халықтық медицинада кеңінен таралған. Ал басқа алабұта өсімдіктерімен салыстырғандағы жылуы өте жоғары екенін атап өткен жөн.
Жалпы жыңғылдар тұқымдасы сырт пішіндері кипаристерге ұқсас. Қосалқы жапырақтары жоқ, бұтақтары ұсақ қабыршақ немесе тікенек тәрізді ұсақ жапырақтармен қапталған бұталар мен ағаштар жатады. Фотосинтез процесі жас бұтақтарында жүреді. Бірден бұтақта дамитын ұсақ гүлдері шашақ, сырға, сыпыртқы гүлшоғырларын құрайды.
Жыңғылдың ең бір әсем бейнесі оның гүлдеген сәті. Көрген адамның көзін тартатын нағыз теңдессіз сұлулықтың сипатына сай келетін гүлдері қызғылт, күлгін, көк, ақшыл қызыл түсті болып келеді. Қос гүлсеріктері бес немесе төрт мүшелі шеңберлер түзей орналасқан.
Белгілі бір аумақтарда ғана шығатын жыңғылдар құрамында 100 шақты ғана түрлері бар сирек тұқымдас. Шөлге бейім келгендіктен болар Африка, Оңтүстік Еуропа және Орталық Азияда көптеп кездеседі. Ал Қазақстан флорасында аумағында жыңғылдың 13 түрі бар. Олардың ішінде өзендер мен көлдердің құмды жағалауларында, кейде сортаңдау жерлерде өсетін қызыл жыңғыл біздің табиғатымызға бейім келеді. Шөлді аймақтарда боз жыңғыл жиі кездеседі.
Қорытындылай келе, осынау жыңғылдың халқымыздың тыныс-тіршілігінде жылдар бойы қалыптасқандығын байқауымызға болады. Ата-бабамыз ежелден қолданған жыңғыл өсімдігін қазір неге дәріптемеске? Түптеп егіп, келер ұрпаққа аманат етуге әбден болады. Қазірде сексеуіл отырғызу кеңінен қамтылып, әсіресе құрғаған теңіз табанында экологиялық ахуалды тұрақтандыру жолында тұрақты түрде сексеуіл көшеттері отырғызылып келеді. Халқымыздың «артыңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілін негізге ала отырып, жыңғылдың да көптеп отырғызылуына жұмыла атсалыссақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Жанерке ҚАЛИЕВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті