Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет

Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет

Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын. Өйткені ол бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп.Қала берді ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан ұстаз болудан әріге аса алмас еді. Біздің педагогтар бала жанының бағбаны болумен қатар, қоғам өмірінің қалыптасуына да үлес қосып келеді. Қатарында өзімнің болғанымды да мақтаныш тұтамын.
Ұстаз мәртебесі – астары тереңде жатқан қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры. Қай мемлекет ұстаздарына қатысты қандай саясат ұстанса, мемлекеттің беделі де соған сай қалыптасады. Сондықтан еліміздегі мұғалім беделін арттыра түскен заң жобасының қабылдануы ұстаздар мерейін өсіре түсті. «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген халқымызда мұғалімді қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бар. Әрине білім саласының өзіндік, кәсіби тұрғыда қиындықтары бар. Шын ұстаз шәкірттерінің алдында ешқашан да жалған, жасанды, жүйесіз әрекетке бармайды. Бұл талқылауға келмейтін қатаң қағида. Жалпы, әділдік пен тазалықтың бастауы – мектеп десек қоғам қай жағынан да көштен қалмасы анық. Ал сол мектептің басты тетігі – ұстаз.Үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін үнемі шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі, бар бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана ұстазы емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз. Дана бабаларымыз балаға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді. Атап айтсақ, мақсат – бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру, ал білімнің мазмұны – елдік тәлім-тәрбие мен адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны деп білеміз.
Өткен жылғы республикалық тамыз конференциясында ел Президенті Қ.К.Тоқаев қабылдануы жоспарланған «Педагог мәртебесі туралы» Заңда ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылғанын, соның ішінде мұғалім жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту белгіленгенін қадап айтты. Міне, Мемлекет басшысының бастамасымен мұғалімдердің қоғамдағы рөлі айшықтала түсті. Жалақы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Бізге мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалуда. Біз мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Осылайша барлық салада, бастамада халықтың береке-бірлігі артып келеді.
Мемлекет басшысы «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген еді. Мен де еліміздің күннен-күнге нығайып, дамуында әрбір қазақстандық аянбай еңбек ететін жас ұрпақ тәрбиелей білуіміз керек деп есептеймін.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ алғаш әліппенің бетін ашып әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болған, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған алғаш бастауыш кластағы жетекшімізге еліктеп, ұстаз болуды армандадым. Мектепті бітіргенге дейін сол ойымызда қалдық.Енді міне, көп еңбекті, шыдамдылықты, төзімділікті, адалдықты, әділдікті талап ететін мәртебелі мамандықтың шылбырын ұстап келеміз. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Және оны абыроймен алып жүруге бар ынта-жігерімді саламын.
Хош... Президент кешегі Жолдауда өскелең ұрпаққа ерекше назар аударылып отырғанын айрықша байқауға болады. Мемлекет басшысы жалпы білім беру сапасын көтеру мәселесіне екпін қойды. Қазіргі заманғы өмір жағдайы балаларды болашаққа тыңғылықты даярлауды талап етеді. Осы орайда тәрбиешілерге қатысты біліктілік талаптарын қайта қарап, олардың еңбекақы төлеу жүйесін қарастыруға назар аударылды. Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды.
Қазіргі уақытта мұғалім мәртебесінің биіктеп, көптеген мәселе заң жүзінде қолға алынып жатқаны белгілі. Соған байланысты ұстаздардың жалақысы да өсіп, олардың жұмысына біршама жағымды жаңалықтар енді. Сонымен қатар мұғалім болудың талабы да күшейе түсті. Бұл өз кезегінде ұлт тәрбиесін мойнына алған ұстаздың міндетін де, жұмысын да жүйелей түспек. Себебі жаңадан қолданысқа енген классификация білікті мамандарды ғана іріктеп шығармақ. Бұл ұлт болашағын қалыптастыруда тәуелсіз елдің ұстаздарын саралауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шәкірт тәрбиелеу ісінде де білікті де білімді мұғалімдердің ықпалы арта бермек. Тәуелсіздік жылдары еліміздің білім беру жүйесінде толымды, түбегейлі өзгерістер орын алды. Бұл кезде елеулі нормативті және құқықтық актілер қабылданып, жүзеге асырылды.
Жаһандану дәуірі білім саласына біршама өзгерістер әкелді. Бұрыннан қалыптасқан оқу үлгісінің формациясына ерекшеліктер енгізіп, мектептегі оқытуды жаңаша бағытқа бұрды. Тағы бір айта кететін мәселе – білім жүйесін жандандыру мақсатында мемлекетіміздің саясаты педагогикалық мамандықтарға басымдық беріп жатыр. Бүгінгі күнгі ұстаздың алдына қойылар талап пен міндет өте көп. Қазіргі заманғы педагогтің басты міндеті – бүгінгі қоғамның қажетіне жарай алатын, жоғары мәдениетті меңгерген, өресі биік, білімі жоғары, жан-жақты жас өскіндерді дайындау. Ұстаз атана білу деген сөзді сол есімді қадір тұту, бойтұмарыңдай жүрегіңе сақтау деп ұққан жөн. Шын педагог өз жұмысын сүйеді, кәсібіне адалдықпен қарайды. Бір қарағанда, мұғалім қатардағы мамандықтың бірі секілді көрінеді. Алайда ұстаз ұлттың болашағын тәрбиелейді және оларды қалыптастырады.
Кезіндегі ұлы ғұламаларымыз: «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл сөздің өзектілігі әлі күнге дейін жойылмады. Баланың болашақ өмірінде ұстаз берген өнеге мен өсиеттің арқалар жүгі өте ауыр. Бала мектеп жасында қандай білім алса, кейінгі өмірінде сол білімнің арқасында қызмет етеді. Елдің ертеңі болу да, халықтың қамын жеу де осы ұстаздардың іс-әрекетінен көрінеді. Соған сәйкес жаһандану дәуірінде оқушыға сапалы білім беріп, оны практикалық тұрғыда қолдана алсақ, нұр үстіне нұр болады. Бүгінгі күні тәуелсіз елдің ұстазына қойылар талап пен міндеттер осындай күрделі. Ал осы күрделі де қиын мамандықты игеріп, ұлт болашағын қалыптастырып жатқан ұстаздардың жұмысы жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Сондықтан тәуелсіз елдің ұстазының білімді де білікті оқушыларды қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар да едәуір.
Ал қазіргі таңда бұл мәселені ескеріп, тиісті орындар педагогикалық мамандыққа деген грант санын көбейте түсті. Аталған шешім осы мамандыққа қызығушылық танытқан жастарға үлкен серпін болды. Олар өздері қалаған осы кәсіпке бар ынта-жігерімен араласып, тәуелсіз елдің жан-жақты мұғалімі болу үшін барын салуда.
Тәуелсіздігіміз берік болып, еліміз дами берсе, ендігі ұрпақ біздің аманатымызды алға апаратынына сенімдімін. Сол жастарды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз. Мұның бәрі – егемен еліміздің, тәуелсіздігіміздің шапағаты. Болашақ ел тізгінін ұстар, дені сау, білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеуде елімізде осындай игілікті істер жүзеге асырылуда. Әлі де атқарылатын шаруалар жетіп артылады. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің басты жемісі екені даусыз.
А. Барақова,
№227 негізгі мектебінің мұғалімі
01 шілде 2023 ж. 248 0