Кент ажары айшықты
Сексеуіл кенті – Арал қаласынан кейін көлемі жағынан екінші орында. Арал ауданынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Сексеуіл кентінің халық саны 12 мың 350 адамды құрайды. Кент 1937 жылы құрылған. Қазіргі таңда кентте 2600 отбасы тіршілік түтінін түтетуде. Тоғыз жолдың торабына баланған Сексеуіл тіректі елді мекенге 5 елді мекен қарайды.
Халық саны көрсеткіші бойынша Республика, облыс көлеміндегі кейбір аудан орталықтарындағы тұрғындар санымен теңесетіндей ірі елді мекендердің бірі. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына кенттегі бюджеттік және теміржол мекемелері және жеке кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда. Сексеуіл кенті тұрғындарының 70 пайызға жуығы ел экономикасының күретамыры болып табылатын теміржол саласында жұмыс істейді.1980 жылдары 1500 адамға дейін жұмыспен қамтыған құрылым 2000 жылы локомотив пайдалану және жөндеу депосы болып екіге бөлінді. Ал 2004 жылы Сексеуіл пайдалану локомотив депосынан ТҚҚ-2 техникалық байқауы өтетін «Локомотив Сервис орталығы» АҚ болып бөлініп шықса, 2016 жылы осы депоға қайта қосылды. Бүгінде жолаушылар тасымалын да жүргізіп келе жатқан депоның табысты еңбек етуінде бүкіл ұжымның еңбегі ерекше. Мұнда тіпті өмірін темір жолмен байланыстырып, 40 жылдан аса қызмет жасаған жандар да көп.
Кентімізде халық саны 12350-ді құраса, экономикалық белсенді халық саны – 6091, оның ішінде 3254 адам жұмыспен қамтылған. 2718-і өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырса, ал 42-сі мал шаруашылығымен, 533-і сауда саласында, 50-і қоғамдық ақылы жұмыспен қамтылған.
Қазіргі таңда кентте базар, сауда қатарлары, шаруа қожалықтары, жанармай құю бекеті, дәріханалар, тігін цехы, шаштараз, тойхана, «Актив» және «Вееline» жүйесі, телекоммуникация мекемесі және де басқа мекемелер халыққа қызмет етуде.
Іргелі білім ұяларына қамқорлық та ерекше. Кентте №177, №87, №231, №283 орта мектептер балаларды білім нәрімен сусындатуда. Иә, тәуелсіздіктің 30 жылдығында қол жеткізген жетістік жетіп артылады. Кенттің көкжиегі кеңейіп, Тербенбес тауының баурайында серпінді істер жыл сайын көрініс табуда. Осының бәрі Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен өркен жайған Қазақстанның жемісті жолы екені даусыз.«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сексеуілде кентішілік ауызсу құбырлары қайта жаңғыртылды. Бүгінде сексеуілдіктер тәулік бойы сапалы ауызсуды пайдалануда.
Мемлекеттік бағдарламалардың да орындалуы көңіл көншітерліктей. Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды істер тындырылуда. Кентімізде 1 мемлекеттік, 3 жеке балабақшаға 580 бала қамтылған. Сондай-ақ күніне 100 адамды қабылдайтын емхана, 150 орындық мәдениет үйі халыққа мінсіз қызмет етуде. Енді кентте мәдени саясатты жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып отыр. Жылдағыдай биыл да тірек елді мекенінде шағын және орта кәсіпкерлік жұмысы жандандырылып келеді. Бұл бағытта бүгінгі таңда 612 кәсіпкер нақты жұмыстарын жүргізуде. Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Ақтан Жұбатов Говоров көшесінің бойынан «Даму» банкінен 4 млн теңге несие алып, отбасылық дәмханасын ашып, 2 адамды жұмыспен қамтыса, жеке кәсіпкер Эльмира Жұмағазиева 1 млн 225 теңге грант алып, өз қаражатынан 1 млн теңге қаржы жұмсап, Привокзальная көшесінің бойынан сүт өнімдерін өндіру цехын ашып, 3 адамды жұмыспен қамтыды. Ал жеке кәсіпкер Қасым Айменов өз қаражатынан 100 млн теңге жұмсап, «Даму» банкінен ішкі айналымына 30 млн теңге несие алып, наурыз айында Бүкірек батыр көшесінің бойынан «Абылай хан» сауда үйін ашып, 5 адамды жұмысқа қабылдаса, жеке кәсіпкер Нұргүл Алдабергенова Бүкірек батыр көшесінің бойынан наубайхана цехын ашып, 3 млн 500 мың теңге несие алып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Сара Рысбаева Бигелдинов көшесінің бойынан 13 сәуірде азық-түлік дүкенін ашып, 2 адамды жұмыспен қамтыды. Кенттен 10 азамат қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіптерін жалғастыруды жоспарлауда.
Жыл сайын оң өзгерістер орын алып, қашан да сапалы нәтиже үшін жұмыс жасап келеміз. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз еңсесін тіктеп, кемелдікке бет бұрды. Сол еңселі егемендіктің арқасында жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылдық. «Ауылдың дамуы – тұтас мемлекеттің дамуы» деген қағиданы басты нысана етіп, Мемлекет басшысының ел дамуы бағытында берген тапсырмаларының үдесінен шығып келеміз. Бұл сөзімізге кентіміздегі ауқымды істер мен толымды тірліктер айқын дәлел бола алады. Мәселен, қазіргі таңда өзім басқарып отырған кенттің әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға дамып келеді. Атап айтар болсақ, 2022-2023 жылдар аралығында кентішілік газ құбыры жүргізіліп, АГТС құрылысы қолға алынып, осы жылдың аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тұралап қалған 40 төсектік аурухана құрылысы жалғастырылуда. Өткен жылы кенттегі Бүкірек батыр көшесіне 2 км асфальт жабындысы жүргізілсе, биыл 1,4 км асфальт жабындысы төселіп, толығымен аяқталды.
Ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл кентішілік 6 көшеге (Б.Майлин, А.Маханов, Б.Айхынов, І.Жансүгіров, К.Байсейітова, Ж.Жабаев) орташа жөндеу, асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Темір жолдың арғы бетінде орналасқан №283 орта мектебінен бастап, теміржол өткеліне дейін ұзындығы 3,5 шақырым жарық шамдар орнатылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Айта кетерлік тағы бір жайт, осы жылы орталық алаңда спорт мектебінің маңынан жас жеткіншектерге арнап стадион құрылысы салынуда. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.
Округ бойынша әр түрлі салада шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер жұмыс істеуде. Осы бағытта еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған тұрғындар баршылық. Олар мемлекет қамқорлығын сезініп, тұрмысын түзеуде.
Тірлігінің тұтқасын төрт түліктен тапқан тұрғындар үшін ауыл шаруашылығы да аса маңыздылыққа ие. Иә, бәсекелестік басым уақытта санға емес, сапаға жұмыс жасауды басты мақсат етіп отырған жайымыз бар. Білім беру, емдеу мекемелерінің материалдық базасын нығайту қолға алынды. Бұл үрдіс ұзақ жылдар бойы өз жалғасын тауып келеді.
Ел дәулеті мен сәулетіне өз үлестерін қосуды мұрат тұтқан кент тұрғындарының басты мақсаты – кентті уақыт талабына сай дамыту. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты қағидаға сүйеніп, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесіне жүгініп, бірлігімізге сызат түсірмеу жолында ынтымағымыз жарасқан күйі кемел келешекті бетке ала береміз деген сенімдеміз. Алдағы уақытта кент тұрғындарына үй құрылысын жүргізу мақсатында жер телімдерін беру үшін инфрақұрылым тарту, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон, өрт сөндіру бекетін және спорт және балалар алаңын салу сынды және де басқа атқарылатын ауқымды істер күтіп тұр.
Иә, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар бүгінгі күннің талабы екенін білеміз. Экономикалық реформаларды кешенді жүзеге асыруда бұдан былай да кент тұрғындары сүбелі үлестерін қосып, өз деңгейінде жұмыстарын жандандыра беретін болады.
Сәкен Төрешов,
Сексеуіл кентінің әкімі