Еңбек ерден, береке жерден

Тұрғындар қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы, тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді.Осы ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына алдағы уақытта бақшалық жерді жергілікті халықтың сұранысына сәйкес жоспарлап дайындауды тапсырды. Сондай-ақ дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісіп, жиын-терімнің уақытына дейін бұл бағыттағы жұмыстардың барлығына лайықты деңгейде бақылау болатындығы айтылды.
Бүгінде шіліңгір шілденің де бел ортасынан астық. Қазақ бұл айды «шілденің қауын пісірер ыстығы» десе, ендігі жерде егіншіліктің жемісін жей бастайтынымыз белгілі. Қазіргі уақытта базар сөрелеріне жеткізіліп жатқан жергілікті өнімдер екенін ескерсек, еңбектің рәтті болып жатқанын байқаймыз. Бұл істе шаруалармен қатар ауыл тұрғындарының да белсенді екенін айта кетуіміз керек. Олар да аптап ыстыққа қарамай бау-бақша жұмыстарымен айналысуды қолға алған. Нәтиже де жоқ емес.
Мәселен, Бекбауыл ауылдық округінің тұрғындары сонау 2000 жылдардан бері қол үзіп қалған егіншілік кәсіпті қайта қолға алып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өткен 2022 жылдан бастап қарқынды қолға алынуда. Сол бір берекелі бастаманы қолға алған 10-ға жуық ауыл тұрғындары егіншілікпен қарқынды айналысып келеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары аудан әкімдігінің бау-бақша жұмыстарына арнап берген су айдау насосымен және жеке тұрғындар өзінің насос құралдарымен бау-бақша өндіруді қолға алды.Бүгінде сол еңбегінің жемісін жей бастаған жандардың бірі –Бекбауыл ауылдық округіне қарасты Үкілісай елді мекенінің тұрғыны Қуаныш Есентаев. Ол 2-3 гектар жерге қауын, қарбыз, тағы басқа дәнді дақылдар егіп, қазіргі таңда Үкілісай ауылы тұрғындарын бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етуде. Қуаныш №265 Үкілісай негізгі мектебіндегі ұстаздық жұмысымен қатар осы жылы бау-бақша жұмыстарымен айналысып жатыр.
Иә, соқаның ұшымен, білектің күшімен ризығын жерден тауып жеген аралдық ағайынның бұл жолы тілегі қабыл. Табиғат-Ананың тосын құбылыстарынан өтіп, егіншілік кәсіптің жемісін жей бастады. Бастысы – төккен терінің өтеуін жерден тілейтін жандардың жігері жасып қалмаса болғаны. Еңбек етемін деушілерге көрсетілген қолдаудың арқасында әрбір істен нәтиже күтіп жүрміз. Лайым еңбек рәтті болғай!

А. БИСЕНОВ