Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Погонды журналист. Түнгі қала тыныштығы назарда

Погонды журналист. Түнгі қала тыныштығы назарда

Өмірде полицей боламын деп армандау бір бөлек те, шын мәнінде полицей болып қызмет атқару бөлек екен. Біз бұған қызмет бабымен жүріп тағы бір мәрте көз жеткіздік. Сол күні түнгі ауысымға түскен полиция капитаны Нұрбектің қызметі өзіне бекітілген учаскелік аумақтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қадағалау еді. Өйткені ол 2019 жылдың ақпанынан бастап Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Өз қызметіне адалдықты әркез бірінші орынға қоятын Нұрбек бүгінде ордалы отыздың көжесін тауысып, қырыққа қарай көш түзеген нағыз дер шағында тұрған азамат. Елінің тыныштығы мен амандығын басты орынға қоятын Нұрбекке аз жұмыс істеп, көп ұйықтауға әсте болмайды. Сондықтан ол сап түзеп қатарда тұруды, қару асынып қоғам тыныштығын қадағалауды басты міндеті санайды. Нұрбек Нағашыбайұлының жеке өмірдерегіне кейінірек тоқталармыз. Әзірше сол күнгі қызметті баяндайық.

Сағат тілі кешкі 20.00 көрсеткенде түнгі ауысымға түскен погондылардың қатарында Нұрбек те болды. Мұнда да әскери тәртіп бар. Сондықтан бұл жақта әрбір тапсырма орындалуымен құнды. Әркім өз шеніне қарай иықтағы әр жұлдыздың бағасын біледі және оған құрметпен қарайды. Бәлкім, әскери тәртіп деген сол шығар. Аудандағы полиция бөлімінің бас ғимаратында өз қызметіне кірісуға нұсқау алған түнгі ауысым сақшылары алдымен қару-жарақ бөліміне барып қару алды. Мұнан кейінгі жұмыс сізге мәлім болғандай, өз аймақтарының түнгі жағдайын барлау, ұдайы байланыста болып орталықпен байланыс орнату арқылы түскен арыз-шағымдар бойынша жұмыс істеу.Бұл погонды жандардың басты міндеті.
Бұл жолғы бағыт әдеттегідей қаланың оңтүстік-шығысындағы мөлтек ауданы. Бұл шағын ауданды халық бұрыннан Шанхай атап кеткен. Әдетте көлік нөпірі толастамайтын, халқы көп шоғырланған мөлтек ауданның бір түні тыныш өтті деп айта қоюға келмес. Әрине учаскелік полиция инспекторлары үшін. Қазір халық бұрынғыдай емес сауатты. Кез келген жерде құқығын қорғауды біледі. Әділетсіздіктер мен заңсыздықтарды байқаса немесе құқығы бұзылып жатса дереу орталықпен байланыс орнатып, заң қызметкерлерін көмекке шақырады. Бұл жолы да солай болды. Қызметтік көліктегі орталықпен байланыс үшін берілген рацияға қаладағы М.Байымбетов көшесіне бару жөнінде нұсқама түсті. Мұны дер кезінде қабылдаған учаскелік полиция инспекторы Н.Мақашев дереу әлгі мекенжайға бағыт алды. Көше бойымен жүріп келеміз. Әлдебір оғаш көрініс немесе құқық бұзушылықтар байқалмады. Әдеттегі тыныштық, айтылған мекенжай бойынша әлгі тұрғын үйдің ауласына ендік. Әлдебір ер адамның үні өктем естіліп жатты. Негізінен бұл мекенжай тұрғындары бұған дейін де құзырлы орган қызметіне жүгінген екен. Белгілі болғандай, үйдің отағасы ішімдік ұрттап, әлдебір себептермен отбасының тыныштығын алады-мыс. Бұл жолы да сондай негіздегі шағым бойынша бұл отбасы 30 күндік профилактикалық қорғау нұсқама есебіне алынып, үйінің тыныштығын алған азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Егер көрсетілген мерзім ішінде мұндай жағдай тағы да қайталанатын болса, іс құқық бұзушылық негізде қаралып, сот қарауына өтеді.
Бұл қаланың тыныштығы мен қауіпсіздік қағидалары мұнымен шектелмек емес. Түнгі ауысымға шыққан Нұрбек пен Мұхтардың мойнында өздеріне жүктелген әкімшілік аймақта есепте тұрған өзге де азаматтарды бақылау жауапкершілігі тұр. Бұдан бөлек шағын мөлтек ауданда орналасқан түрлі сауда нүктелеріндегі алкогольді немесе психотропты заттарды сату және босату ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу міндеті тұр. Негізінен босату мерзімі шектелген өнімдерді жасырын түрде саудалау фактілері кездесіп жататыны жасарын емес. Ал ондай жағдай анықталған күнде арнайы әкімшілік хаттама толтырылып, кәсіп иелеріне тиісті мөлшерде айыппұл салып, оны өндіру шаралары қаралған. Алайда сондай шектеулерге қарамай жасырын саудаға жол берген садагерлердің болып тұратыны жасырын емес. Соның салдарынан қаланың түнгі тыныштығы бұзылады. Қоғамдық орындарда немесе жекелеген тұрғын үйлерде мезгілсіз спирттік өнім тұтынып, дау-жанжал себеп болатын оқиғалардың орын алуы әлгіндей жасырын саудаға жол берудің салдарынан. Мұндай олқылықтарға жол бермеуді көздейтін полиция инспекторы Н.Мақашев түнгі жұмыс барысында түн жарым мезгілге дейін жұмыс істейтін сауда орындарын жағалап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Біз аялдаған сауда нүктесінен 50 метр әрілеу тұрған топ баланың да қимыл-қозғалысы Нұрбектің жіті назарында. Дүкеннен шыққан соң уақыт созбай әлгі жиналған жігіттердің жанына жақындадық. Қанша дегенмен қызметтік форманың да мысы бөлек қой. Әншейінде өткен-кеткенге көз алартып, реті келсе жалғыз-жарым жүргенді торуылдай түсетін қаланың түнгі серілері бұл жолы самсоз. Құдды әкесінен сөз естіген баладай бастары салбыраған күйі түнгі сақшының айтқан ескертулеріне үнсіз бас шұлғиды. Жалпы бұл мөлтек ауданның бір сәттік қимыл-қозғалысын бір сәтте шолып шығу мүмкін емес еді. Орталықпен орнатылған байланыстың көмегімен қай жерде қандай жағдай болып жатқаны бізге толық баяндалып отырды. Полиция қызметкерлері көлікпен арлы-берлі жүргенде «осылар не босып жүреді» деген ойға қалуыңыз мүмкін. Алайда жұмыс соны талап еткендіктен кезекшілікке түскен полиция қызметкеріне бір тыным болмайды екен. Бұған біз осы бір түндік ауысым жұмысында куә болдық.
Жалпы біз погонды журналист ретінде танып-білген Нұрбек Нағашыбайұлы бұл қызметке 2016 жылы келген. Нақ сол жылы Арал аудандық ішкі істер бөлімінің тылмен қамтамасыз ету тобының жүргізуші полицейі ретінде тағылымдамадан өткен. Сол жылы ҚР ІІМ-нің Шымкент оқу орталығының тыңдаушысы, кейін Арал АІІб-нің тылдық қамтамасыз ету тобының жүргізушісі ретінде 3 ай сынақ мерзімінен өтеді. Жас полицейге сол қызметтен кейін сенім артылып, қызметтік карьерасы басталған-ды. Араға 2 жыл салып өзі қызмет атқарған топтың полицей-жүргізушісі болды. Ал 2019 жылдан қазіргі атқарып жатқан қызметіне дейін Арал АПБ-нің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жол-патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы болып абыройлы еңбек етті. Қырағы полицей Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің түлегі. Аталған оқу орнынан 2014 жылы «көлікті пайдалану және жол қозғалысын тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығын алса, 2018 жылы «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Туған жер түлегінің болдым-толдым дейтін шағы бұл емес. Өзіне артылған сенім мандаты тұрғанда орда бұзар жастан асқан азаматтың елі үшін атқарар қызметі әлі алда. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруды ойлайтын ол таң атқанша кірпік ілмеді. Түнгі ауысымдағы жұмыс осымен тәмам. Қынына сұғылған қару сол түні қозғалмады. Лайым, қару қолданар күнді көрсетпесін...
А. БИСЕНОВ
30 шілде 2023 ж. 374 0