Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Замандастарды қолдау – менің жұмысым

Замандастарды қолдау – менің жұмысым

Еліміз егемендік алғалы бері мемлекетіміз гүлденіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Барлық салада қарқынды өсім бастады. Әсіресе, жастарға жан-жақтан қолдау көрсетіліп, олардың өз білімін шетелдерде арттыруына, тәжірбие жинақтауына, идеялары мен мақсаттарын жүзеге асыруына мүмкіндіктер берілді. Олай болуы заңдылық та еді. Себебі, қай заманда болмасын өскелең ұрпақ елдің үкілі үміті болды. Оған бабаларымыздың даналық сөздері мен Алаш арыстарының рухты жырлары дәлел бола алады.
Арал жастары теңізді өлекенің қайнаған тірлігінде, елдің ауызбіршілігі мен жұмылып жұдырық болып, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазір жастардың көкірек көзі ояу. Оларды елдің ертеңгі тағдыры алаңдатады. Сондықтан бүгінгі республика көлеміндегі маңызды мәселеге өз қолдауларын көрсетеді. Мәселен, ел басына түскен табиғи апат кезінде аралдық белсенді жастар күн, түн демей зардап шеккен халыққа көмек көрсетуге кірісті. Қандай иігі істің болса да басынан табылып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану жолында уақытпен санаспай еңбек етуде. Жастардың осындай табандылығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады. Ол жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында жастарды ерекше атап өтіп, қолдау көрсетуден танған емес.
– Мен 3 жылдан астам уақыт аудандық жастар ресурстық орталығында жұмыс істеп келемін. Осы жылдар ішінде аудан жастары ерікті түрде қаншама шараларды атқарды. «Жас толқын» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде ерікті жастардың басын біріктіріп, ауданда мәдени-танымдық, спорттық, шығармашылық бағыттарда жастардың талантын ашу жолында жұмыстар атқарып жүрміз. Жуырда бас қаламызда өткен Халықаралық жас волонтерлар форумына қатыстым. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен шараға ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты. Мен үшін мемлекет басшысымен бір аудиторияда отыру, емен-жарқын жүздесу ерекше әсер қалдырды. Шарада «Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамның саналы түрде таңдаған өмір салты.Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойына сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет» - деген Президент жастар рухын көтере түсті.
Бәзбіреулер жастар тек ойын-сауық, той-думанның басында даңғазалықпен уақыт өткереді деп ойлауы мүмкін. Жоқ, мұндай пікір қате. Біздің белсенді жастар жастар орталығында қайырымдылық шаралармен, қиындыққа тап болған жастарға моралдық көмек көрсетумен, жұмыссыз жатарды жұмыспен қамтуға жол ашумен және заңдылық тұрғыдан ақыл-кеңестер беру сынды жұмыстарды да атқарамыз.
Қиындығы мен қызығы көп осы жұмысым өзіме ұнайды. Жастарды қолдау мен үшін асқан құлшыныспен атқаратын жұмыс. Сондықтан жұмысымнан тек шабыт аламын. Сондай-ақ аудан жастарын белсенді болуға шақырамын. Жастық жігерімізді жақсылыққа жұмсайық жас дос.
Нұрсұлтан Алдамұратов,
Арал аудандық жастар ресурстық орталығының маманы
12 тамыз 2023 ж. 325 0