Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көгілдір отын сөнді де...

Көгілдір отын сөнді де...

Тамыздың 21-23 күндері аралығында көгілдір отынның ажыратылатындығы жөніндегі хабарлама әлеуметтік желіде желдей есті. Бас қосылған жерде екудің әңгімесінің бірі «газ өшіретін болыпты» деген әңгімемен жалғасып жатты. Бұл ауданға табиғи газ келгелі 8 жылдан ары уақытта 3 күн қатарынан газ болмай тұрған алғашқы жағдай болса керек. Алғаш естігенде абдырап қалдық. Біріміз іштей «тәуекел газ жоқта да өмір сүрдік ғой» деп өзімізді жұбатсақ, біріміз газ балонымыз бен тоқ шәйнегіміздің қажетсіз заттар қатарына жатқызып, шығарып тастаған жерімізден қайта әкеліп әзірлік қылдық.
Айтылған алғашқы күні көгілдір оттының қарқыны бәсең жанса да тіршілікке жарады. Ал екінші күні толық сөнді. «Жалмауызға да жан керек». Енді пайдаланбаймыз деп шығарып тастаған «жаман сарайдағы» газ плитамыз бен балонымызды шығарып, күйелеп жанатын газға түскі асымызды әзерлеп алдық. Енем:
– Айттым ғой сендерге керек емес деген зат та бір күні керек болып қалады деп. Әнеугүні мал ауылға беріп жібермегендерің дұрыс болды. Әйтпесе, бұл кезде отыратын едік ыстық тамақ жей алмай, - деп үлкен адамның сөзіне иланғаның артықтығы болмайтынын тағы бір ұқтырып қойды.
Бірі дегбірі қашып «газ қашан беріледі екен?» деп сарыла күтті. Бірі дүкендерден тез дайындалатын кеспе лапша, шұжықты толтыра алып, газ қосылғанша осыны ас қыламыз десті. Бұл күні дәмханалардың саудасы да күндегіден әлдеқайда ауқымды жүрді. Әсіресе, жеткізу қызметі бойынша тапсырыстар толассыз болғаны анық. Дүкен сөрелерінде нанның тапшылығы сезілді. Бұрын наның сан алуан түрі толып тұрған кезде «мынау жаңа піскен бе?» деп талғап алатын халық сол күні табылған нанға таласып алып жатты. «Ол тәтті бөлке нан ба, кешеден қалған қатқан нан ба?» қараған жоқ. Әйтеуір табылғаны олжа.
Қазір әлеуметтік желі арқылы кімнің қайда, не істеп жатырғанын оңай біліп, бақылап отырамыз ғой. Кешкілік ватсапта ошаққа от жағып, қазанға тамақ пісіріп, самаурынға шәй қойып жатқандарын таспалап, суретке түсіріп өткен күннің естелігін еске түсіргендер де болды. Мұны әрине кезінде осы дағдыны күнделікті өмір салтына айналдырып, кейін газ келген соң да ошақ пен қазанды қасиет санап, сақтап қойған үлкендер жағы жасамаса, жастар 5 минутта қайнаған суға бөге пісіп шығатын лапшаны талғажау етіп жатты ғой.
Газдің бір күндік өшкені бізге көп нәрсені ұқтырғандай болды. Пендеміз ғой. Жайлы өмірге тез биімделеміз. Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде халық басынан талай тауқыметті жылдарды өткерді. Сол кездегі жоқшылықты бастан кешкендердің сабыр, төзімі ерекше. Себебі, ол заманда нан тапшылығы бір күн емес, жылдарға созылды. Сол шақтарда тұрмыс кешкендер газ туралы армандамады да. Жағатын отынды қайдан алам, қазанға салар асты қайдан табамыз? - деген уайымды бастан кешірді. Кейде біз осы күнімізге, елдегі жасалып жатқан жағдайларға көңіліміз, толмай атқарушы биліктің жағасына жармаса кетпесек те, әлеуметтік желіде әлдекімнің желеуіне еріп алып, желпініп жататынымыз бар. Шалғайдағы ауданда өмір сүріп жатсақ та, елордалықтардан әдеқайда ертерек көгілдір отынның игілігін көргенімізді де айтпай кетуге болмайды.
Көгілдір отын қайта жалғанып, парылдай жанған газға ас әзірлеп, шәй қайнатып рахаттанып қалдыңыз ба? «Мә бір күнде азып-тозып кеттік қой, бұрын қалай жүргенбіз» деген сөзді де айттыңыз ғой. Енді «Шүкір» деуді ұмытпаңыз. Лайым тек жақсылық көрейік.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
28 тамыз 2023 ж. 279 0