Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жылу маусымына дайындық жоғары деңгейде /Қамданған қапы қалмайды/

Жылу маусымына дайындық жоғары деңгейде /Қамданған қапы қалмайды/


Қыс – қыр астында. Ал қыстың қамын жаз ойлаған қазақтың бүгінгі қыс маусымына дайындығы қандай? Алдағы күндердің суығы мен қыстың қытымыр аязына қаншалықты әзірміз? Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жылу маусымына әзірлік қай деңгейде екенін білу мақсатында «ҚазТрансГазАймақ»  АҚ ҚӨФ Арал аудандық газ шаруашылығы мекемесінің директоры Әділхан Алдановпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Әділхан Шанжарханұлы, ауданға көгілдір отын келгелі айтарлықтай көп уақыт болмаса да, тұрғындардың алғысы шексіз. Қазіргі уақытта табиғи газдың игілігін көріп отырған тұрғын үйлер жайлы айта кетсеңіз...
– Қазіргі таңда қалада 6401 үй көгілдір отынды пайдаланып отыр. Сонымен қатар 226 коммуналдық-тұрмыстық мекемелер, нақтырақ айтсақ, қонақ үйлер мен мейрамханалар, дүкендер, 28 өндірістік мекемелер, оның ішінде 1 аурухана мен 1 емхана, 7 мектеп, 5 балабақша, 1 мәдениет және басқа да нысандар газ отынын пайдалануда. Құжаттарының әзірленуіне байланысты жақын арада іске қосылғалы тұрған мекемелер де бар.
Сондай-ақ биыл 10 шілдеден бастап Жақсықылыш кентінің тұрғындары көгілдір отырмен қамтамасыз етілді. Қазірде кенттегі 852 үйдің 301-і газ желісіне қосылды. Бұл 35%-дық көрсеткешті құрайды. «Аралтұз» АҚ-ның барлық ғимараттары мен цехтарына газ жүргізілгенін де айта кету керек.
– Биылғы алғашқы тоғыз айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш қандай? Алдағы жылу маусымына әзірлік қай деңгейде?
– «ҚазТрансГазАймақ»  АҚ ҚӨФ Арал аудандық газ шаруашылығы мекемесінің «ҚазТрансГазАймақ»  АҚ ҚӨФ Арал аудандық газ шаруашылығы мекемесі 2020-2021 жылдағы қыс мезгіліне дайындық жұмыстарын маусым кесте бойынша маусым айында бастап кетті. Бүгінгі күні қалада 1 АГРС, 2 ГРП, 36 ШРП жұмыс жасайды. Бекітілген кестеге сәйкес мекеме қызметкерлері мен слесарьлер 4 ай бойы жоғарыда аталған пункттердің барлық құрылғыларын толықтай тексеруден өткізіп, қауіпті деген бөлшектерді ауыстырып, жаңартып қойды. Сондай-ақ газды тұтыну кезінде үнемі есте болуға тиісті үгіт-насихат кестелерін жаңартты.
Тек бұл ғана емес, бізге қарасты жоғарғы қысымды 10,2 км, орта қысымды 24,2 км, төменгі қысымды 251,6 км барлығы 288 км ұзындықты құрайтын газ трубаларының желісін толықтай тексеріп шықты. Ақау болған тұстарын қалпына келтірді.
– Көгілдір отынның пайдасы жайлы көпшіліктен жиі естиміз. Бірақ жасыратыны жоқ, газден төнетін қауіп те аз емес. Тілсіз жаудың тұтанып кетуіне де басты себеп болуы әбден мүмкін. Біз мұндай жағдайдың болуын қаламаймыз. Десек те осындай жағдай орын ала қалса, дер кезінде ауыздықтау шараларына әзірлік жайлы не айтар едіңіз?
– Авариялық жағдай бола қалған жағдайда тұрғындар үшін 104 жедел желісі жұмыс жасайды. 1 шебер мен 4 слесарь осы бағытта жұмыс атқарады. Орын ала қалған жағдайда ауыстыруға қажетті құралдар да толық қамтамасыз етілген. Жалпы айтар болсақ, мекеменің әрбір қызметкері өзіне жүктелген жауапкершілікті толықтай ақтауға машықталған.
– Ал осы жағдайдың орын алмауы үшін газ тұтынушыларға нені есте сақтаған жөн?
– Дұрыс айтасыз. Қазақта «сақтансаң сақтайды» деген сөз бар. Біздің мекеме қызметкерлері де бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. 2020 жылдың 14 қыркүйегі мен 11 қазаны аралығында газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану жайлы үгіт-насихат жүргізді. Бұл тұрақты түрде атқарылып келе жатыр. Жалпы, оқыс оқиғаны болдырмау үшін газ аспаптарын пайдалану барысында толық жануды қамтамасыз ететін таза ауаның тұрақты ағыны болуы тиіс. Сондай-ақ газ жабдығын бекіту, құрылғыларын ауыстыру жұмыстарын лицензиялары мен аттестаттары бар мамандарға жүргіздірген жөн. Түтін және желдету арналарын өз беттерінше ауыстыруға болмайды.
Жалпы, тыйым салынатын әрекеттер қатарына мұнан бөлек үйді жылытуға, киім кептіруге, үйді өз бетінше газдандыруға түбегейлі тыйым салынған.
Егер газдың иісін, басқа да қауіп белгілерін байқай қалсаңыз, бөлмеден шығып, 104 нөміріне қоңырау шалып, мамандардың келгенін күткен абзал. Өз бетімізше әрекет жасаудың соңы өкінішке алып келуі мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Оңталап Жолдасов
07 қараша 2020 ж. 658 0