Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көгілдір отын бағасы арзандады

Көгілдір отын бағасы арзандады

Қыс – қыр астында. Ал қыстың қамын жаз ойлаған қазақтың бүгінгі қыс маусымына дайындығы қандай? Алдағы күндердің суығы мен қыстың қытымыр аязына қаншалықты әзірміз? Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жылу маусымына әзірлік қай деңгейде екенін білу мақсатында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚӨФ Арал аудандық газ шаруашылығының директоры Әділхан Алдановпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Әділхан Шанжарханұлы, қазірде қысқа дайындық жұмыстары толықтай аяқталғанын естіп отырмыз. Аудан бойынша қанша тұрғын үй мен мекемелер көгілдір отын тұтынады?
– Арал қаласы 2015 жылы 27 қазанда газға қосылғандығы белгілі. Бұл аудан халқы үшін тарихи күн, ұмытылмайды. Содан бері қала халқы көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Қазіргі таңда аралдықтарды қамтамасыз ету үшін 1 АГРП, 3 ГРП, 40 ШРП жұмыс істеп тұр. Ал негізгі газ желісінің ұзындығы 288 км ұзындықты қамтиды. Оның жоғарғы қысымдысы – 10,2 км, орта қысымда – 24,2 км, төменгі қысымда – 251,6 км. Осы аумақтың барлығының қауіпсіздігін, қалтқысыз жұмыс жасауы осындағы 29 адамның бақылауында.
Қазіргі таңда қала бойынша 7742 үй газ көзіне қосылып, қаладағы тұрғын үйлердің 98 проценттік үлесін құраса, Жақсықылыш кентінде бұл көрсеткіш 85 пайызға тең. Нақтырақ айтар болсақ кентте 744 үй көгілдір отынмен қамтылған. Мұнан бөлек аудан бойынша 251 коммуналдық, мемлекеттік мекемелер, оның ішінде ірі кәсіпорын "Аралтұз" АҚ, аудандық аурухана, 8 орта мектеп пен 5 балабақша және 2 мәдениет үйі газ желісін пайдаланып отыр.
– Иә, расында газдың тиімділігі өте жоғары. Тұрғындар бұрынғы бейнеттен арылды. Бірақ қаупі де жоқ емес. Өзіңіз айтып өткендей қауіптің алдын алу үшін жылу маусымынан бұрын қандай жұмыстар жүргізілді?
– Қауіпсіздік біздің басты назарымыздағы жағдай. 1 мамырдан бастап барлық газ құбырларын толықтай тексеруді бастап 1 қыркүйекте аяқтадық. Астанадан Пергам машинасы келіп, үш апта газ желісіндегі ақауларды анықтап, соларды жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміндегі Жақсықылыш кенті газ құбырларымен нысандар келісім шартқа сәйкес техникалық қызмет көрсетілді.
– Әңгіме барысында сіздер тарапыңыздан атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болып отырмыз. Осы ретте қауіпсіздікті сақтау үшін тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
– Иә, арзан, тиімді отын ретінде пайдаланамыз ғой бәріміз. Десе де дұрыс пайдаланбасақ, жарылғышқа да айналатынын ұмытпаған дұрыс. Газ пешін орнату немесе ауыстыру арнайы біздің арнайы қызметкерлердің рұқсатынсыз, қатысуынсыз жүргізілмеуі керек. Тіпті біліксіз монтаждау жұмыстарының өзі үлкен апат алып келуі мүмкін. Қолданудың да арнайы ережесі бар. Соны ұстансақ деймін.
Тағы да айта кетейін. Біз бұрын қолданған газ пропан болатын. Қазіргі қолданатынымыз метан. Екеуінің айырмашылығы бар. Пропаннан иіс шығатын. Ал метан мүлде иіссіз. Сондықтан біз көгілдір отынның қауіптілігін жиі естен шығарып жатамыз. "Сақтансаң сақтаймын" деген тәмсіл бар ғой.
– Әділхан Шанжарханұлы, қазір халық арасында көгілдір отын бағасының арзандағаны жиі айтылып жүр. Алдағы қыста тұрғындар газ бағасын қандай тарифпен тұтынады?
– Шындығында газ бағасының төмендеуі халықтың көңіліне қуаныш ұялатты. Жалпы көгілдір отынның құны жыл сайын арзандап келеді. Мәселен 2020 жылы газдың 1 метр кубы 20 теңге 91 тиыннан болса, 2021 жылы 19 теңге 62 тиын болды. Ал биыл жыл басында осы баға тағы төмендеп, 18 теңге 47 тиын болса, тамыз айынан бастап 14 теңге 61 тиыннан пайдалануға беріліп жатыр. Дегенмен тұтынушылар да осы жеңілдікті жіті түсініп, тұтыну ақысын мерзімінде уақытылы төлеп отырса дейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
15 қазан 2022 ж. 4 274 0