Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үміттің үйретері көп

Үміттің үйретері көп

Қалаға шыға қалсаңыз қазақтың қаракөздері мен қара домалақтарының шет тілінде қиналмай сайрап тұрғанын аңғару жат емес. Тіпті ағылшын тілін еркін меңгерген мұндай жастардың қатары күн санап көбейіп келеді. Расында бұл бүгінгі уақыттың талабы. Ілгері озамын деушілер үшін тіл өнерін терең меңгеру маңызды. Жаһандану үшін де шет тілін меңгеру қажеттігін жастар жақсы біледі. Себібі «көз – жанның айнасы, тіл – қоғамның айнасы» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Бұл ана тілін ұмытып, өзге тілде еркін сөйлеу қажет деген пікіріміз емес. Қазақтың біртуар қайраткері, поэзия әлемінде өзгеше орыны бар Қадыр ақынның:
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! – деген сөзі іспеттес дүние. Расында қала қазақтарының осы бір тілді меңгеруіне қызыға қарайтын кездер аз емес. Тілді меңгеру арқылы қалаған жерде, қалаған адаммен тез тіл табысып, одан қалды шет елдердің мәдениетінің озығын, әдебиетінің азығын, бізге қажетті құндылықтарын үйренуге мүмкіндік ашыла түседі. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе халықаралық байланыс құралына айналған ағылшын тілін терең түсінген адам үшін келешекте жетістікке жету үшін тағы бір қақпа артық ашылғандай болады.
Ал осы мүмкіндік ауыл жастары үшін жасалған ба? Оның қандай жолы бар деген сауал баршамыздың көкейімізде тұрары анық. Шынымен санасы аппақ парақтай бүгінгі жастарға осы бастан ағылшын тілін үйретсек, болашақта балаларымыз бізге алғыс айтпайды ма?! Тез қабылдауға бейім тұратын олар мұны да жетік меңгерсе, күні ертең-ақ жемісін жейтінін ойласақ, бұл ұрпағымызға жасаған жақсылық сияқты көрінеді өзімізге.
Иә, мұндай жағдай бізде де жасалған. Аралда қазірге дейін талай баланың тілін икемдеп, ағылшын тілін тереңірек түсіндірген жан қазірде арамызда жүр. Ол – Үміт Қазыбайқызы.
Осы уақытқа дейін де әлеуметтік желідегі парақшалардан жарнамасымен жақын таныс жанның өзімен тілдесіп, жұмысы жайлы сөйлесудің сәті түсті. Ағылшын тілін ана тіліндей меңгерген Үміт өз кәсібі жайлы егжей-тегжейлі айтып, тіл меңгерсем деген адамның арманын тіпті асқақтататындай әсер қалдырды. Қазақ тілінен бөлек орыс, ағылшын, тіпті неміс тілінде де еркін сөйлейтін кейіпкеріміз осыдан тура бір жыл бұрын, нақтырақ 2022 жылдың тамызында ағылшын тілін үйрететін курсты бастап қолға алған. Қазірде аудандық мәдениет орталығына қарсы орналасқан тілдер орталығында өз кәсібін дөңгелетіп отырған Үміттің үйренушілерінің ең кішісі 5 жаста.
– Жалпы тілді меңгеруде адамның жасы ешқашан кедергі болған емес. Тек оның қызығушылығын оята алсаңыз болғаны. Дегенмен бала кезден жаттап, бейімделетін болса, есте сақталып қалады. Әрі ары қарай алып кетуіне де өте оңай. Бүгінгі уақытта 5 жастан бастап бала қабылдап жатырмын. Бірақ бұл шамадағы оқушыларға бірден ағылшын алфавитін жаттатып, тереңірек үйренуіне ықпал жасау қателік болады. Себебі мектеп қабырғасында қазақ әліпбиін жаңа үйреніп жүрген бүлдіршіндер екі тілдің әріптерін қатар меңгеруінде кедергілер болуы әбден мүмкін. Өйткені жазылуы бірдей болғанымен, дыбысталуы әр түрлі болатын әріптер бар. Бірақ 5 жастағы бала сөздерді, шағын өлеңдерді жаттауға бейімделеді. Тіл сындырады. Өзіміз де жазудан бұрын мектеп қабырғасына бармай-ақ сөйлеп үйренеміз ғой. Бұл цикл де дәл сол сияқты өтеді. Сөйлеу білген бала әрі қарай оңай алып кете алады, – дейді Үміт.
Иә, дегенмен біз үшін бірінші кезекте ең керегі – нәтиже. Ал Үміттің сабағын тыңдаған үйренушілерінің нәтижесі қандай? Осы жайлы сөз етер болсақ, тіпті сенбейтін боларсыз. Бірақ бұл ақиқат дүние.
Еткен еңбегінің жемісін көріп, үйреткен білімінің далаға кетпегеніне қуанған кейіпкеріміз:
– Болашақ білімді жастарды, үздіктерді нақтырақ лидерлікке сай жастардың тәжірибе алмасуына таптырмас мүмкіндік сыйлайтын халықаралық FLEX бағдарламасы бар. Міне, осы бағдарлама аясында 4 шәкіртім өз бағын сынап көрді. Қазіргі білімін жетілдіріп, шет елдерден тәжірибе жинаймын, олардың озық дүниелерін меңгеремін деген ниеттегі 4 шәкіртімнің екеуі соңғы шешуші кезеңіне дейін сүрінбей өтті. 40 мың талапкердің арасынан мұндай көрсеткіш көрсету олардың өзі үшін де, мен үшін де үлкен мақтаныш. Тағы бір айта кетерлігі, бұл тек бір жылда алған білімінің нәтижесі. Бірақ үйренушілерімнің сағы сынбады. Керісінше жігерленіп, алдағы уақытта тағы талап қылуды көздеп отыр, – деген ол, – мұнан бөлек менен ағылшын тілін үйреніп жүрген жастардың бір тобы IELTS халықаралық тестін тапсырды. Бұл бағдарлама да оларға шет елдерде оқып, сол жақта жұмыс жасап, тәжірибе жинақтауына ашылған жол. Сол тесттен сүрінбей өткен 2 оқушы қазір Англияда білім алып жатыр. Алдағы тестте тағы 3 қыз өз болашағы үшін IELTS тестін тапсыруды жоспарлап отыр, – деді.
Иә, орталықта оқушылар үшін мұнан бөлек те түрлі дайындық жұмыстарын жүргізу жағы қарастырылған. Зияткерлік мектепке, Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлайтын орталықта ІТ мамандары да ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Технология тіліне баланған бұл тілді меңгеру арқылы программалау тілін толықтай түсінуге болатынын білген жандар бүгінде жұмыстың жемісін көруде. Бұл жерде 5-6 айдың көлемінде ағылшынның барлық сөздігін жатқа білмесе де, ауызекі пікірлесуге, сұхбаттасушымен түсінісіп, сөйлесуге әбден болады.
Мынаны қараңыз. Үміт тек Арал халқымен ғана жұмыс жасамайды. «UMKA» тіл үйрету орталығының арнайы парақшасы арқылы онлайн форматта да жұмыс жүргізеді. Уақыт талабына сай өз кәсібін бейімдей білген жерлесіміздің бұл еңбегі тіпті мақтауға тұрарлық. Өзінің қолында барды қоғамның қажетіне бағыттай алған Үміт тілді меңгеру тек біздің елде ғана емес, әлем халқы үшін өзекті нәрсе екенін анық байқаған. Оған төмендегі өзінің айтқан сөздері айқын дәлел бола алады.
– Кәсіпті алғаш бастаған тұста оқушыларыммен жұмыс жасап, оларды нәтижеге жеткізуді ойладым. Ойға алған мақсатым орындалып, бұл кәсіпті одан әрі дамытуды көздедім. Бүгінде ғылым мен техниканың дамыған кезі. Сондықтан қай бағытта жұмыс жасаймын десеңізде еш кедергі жоқ. Міне, интернеттің көмегін пайдаланып, алға жылжуды көздедім. Бұл қадамым да өте сәтті шықты. Осылайша онлайн форматта жұмысты бастадым. Бірден нәтижеге жету оңай емес деп ойлағам. Оның үстіне үйренушілердің қызығушылығы да алаңдатты. Бірақ «көз – қорқақ, қол – батыр» екеніне тағы көзім жетті. Себебі бір ғана REELS(шағын көлемдегі видео сабақ) әп-сәтте 500 мыңнан аса қаралым жинап, тек Қазақстан ғана емес, өзге шет елдерден онлайн курсқа жазылушылар көптеп тіркелді. Бүгінгі уақытта 100-ден адам адам онлайн курстан тіл меңгеріп жатыр. Олар Қытай, Моңғолия, Корея, Албания елдерінде тұрғанымен барлығы дерлік қазақ тілін біледі. Сол жақта қоныстанып жатқан қазақтар. Бірінші кезекте өз ортасына тез бейімделіп, өздеріне ыңғайлы жұмыс табу үшін ағылшын тілінің қажеттігін сезініп жүргендер. Мұнан бөлек әншілер мен актерлер, тележүргізушілер мен эстрадада жүрген жандардың арасынан да ағылшын тілін үйреніп жүрген жандар бар, – дейді.
Сондай-ақ кәсіпкердің айтуынша өзге елдегі бауырластардың онлайн форматта білім алуына мұндағы бағаның төмендігі өте қолайлы болып келуі. Кішісі 6 жасар, үлкені 61 жастағы тіл үйренушілердің барлығы «Сіздің ұсынып отырған бағаңыз қолжетімді. Бұл жақта тіл үйрену үшін өтетін курстар өте қымбат» деп пікірін айтып, батасын беріп жататын көрінеді.
Иә, Үміт Қазыбаева мұнымен шектеліп қалғысы келмейді. Алдағы уақытта өзінің нәтижесімен бізді де, үйренушілерін де қуанта бермек. Ағылшын тілін өзі ғана жетік біліп қоймай, білгенін көппен бөлісіп жүрген жанға біз де сәттілік тілейміз. Және қолдау жасалар болса қолдан келері көп Үміттің бұл бастамасына дем берсек, әлем елдерімен бәсекелесуге қабілетті жастар Аралдан да көптеп шығары сөзсіз.
О.ЖОЛДАСОВ
31 тамыз 2023 ж. 236 0