Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу жылы басталып, тіршілікке жан бітті

Оқу жылы басталып, тіршілікке жан бітті

Күз мезгілі. Қоңыр салқын ауасымен тоңазытады. Төңірек сарыға боялып, аспанды жиі бұлт торлап, жаңбыр да көп жауады. Осы бір мезгілмен келетін шырайлы көрініс ол – білім алуға асыққан оқушылар. Күздің алғашқы күні білім беру мекемелері үшін айтулы мереке. Шәкірттерге құшағын ашып, жаңа оқу жылы басталады. Жаз бойы демалыста болған оқушылар мектебіне қайта оралып, ұстаздарымен, достарымен сағына қауышады.
Иә, жаз бойы мүлгіген тыныштық орнаған мектеп төңірегі бүгін қайта түлеп, тіршілігі жандана түскендей. Халық қозғалысы да көбейген. Бүгін де күндегі бағытыммен келемін. Көше бойында ақ бантигін тағынып, мектеп формасын киіп, сөмкесін қуанышпен көтеріп кел жатқан бейкүнә балақайлар көңілге ыстық көрінеді. Мынау оны жетелеп алып келе жатқан ата-анасы баласының болашағынан зор үміт күтіп, өзіне сан сауалын қойған өмірге құштар балаға мейірлене қарайды. Мектеп ауласында шәкіртін күтіп тұрған ұстаздар да білімнің жаңа баспалдағын аттаған бүлдіршінді аялай қарап тұр. Қоңырау үні. Бұл сыныпта сабақ басталғалы жатқандығының белгісі. Мұны естіген оқушы мектепке қарай асыға адымдайды. Осылайша жаз бойы қаңырап қалған еңселі мектептің маңы әп-сәтте шырайлана түсті.
Түс қайта мектеп маңы баласының сабағы бітіп, қайтуын күткен ата-аналарға толы. Әрине, бұл кішкентай бүлдіршін үшін бірінші кезекте қауіпсіздік негізі. Қазіргі қарбалас қоғамда бұғанасы қатпаған бүлдіршіннің оқыс оқиғаға тап болмас үшін жасалған сақтық.
Ал жоғары сыныпта оқитын бозбала мен бойжеткендер бүлдіршін кезден бірге келе жатқан сыныптас достарымен сағыныса қауышып, сыр ақтарысып, сабақ бітсе де қайтуға асықпайды. Өйткені олар үшін ең алаңсыз, қайғысыз-қамсыз шақтар өтіп жатыр бастарынан.
Міне, осылай жаңа оқу жылының басталуымен көшенің де сәні кіре түскендей. Төңірегімдегі осы көріністерге мұқият зер салдым да өзімнің оқушылық өмірім көз алдымнан елес беріп өте шықты. Мен де анау шашын екі жаққа әдемі етіп түйіп алған қыз секілді әкемді жетектеп алғаш мектепке қуана қадам басқам. Мынау екі құрбы қыз секілді көрші сыныптасыммен әңгіме соғып үйге қайтқам. Мектеп төңірегінде топтасып тұрған анау бозбала мен бойжеткендер секілді біз де қимастық сезімін өткеріп едік. Хош. Қайта келмес қызық дәурен. Сол шақтарда біздің сол бір формадағы бейнеміздің көшенің сәнін кіргізген көркем көрініс екенін білмеппіз. Ал мынау оқушы соны ұқты ма екен?!
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
05 қыркүйек 2023 ж. 313 0