Қызылордадағы NIS-ке 10 жыл
Білім күнінде Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепте 775 бала мұғалімдерімен қайта қауышып, жаңа оқу жылын бастады.
Биылғы салтанатты жиын тым ерекше әрі маңызды болды. Себебі осыдан тура 10 жыл бұрын сырбойылық оқушылар үшін алғаш рет Зияткерлік мектеп есігін айқара ашып, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқытуды бастаған болатын. Мерекелік шарада білім ордасының тарих тағылымдамасына шолу жасап, шәкірттер мен ұстаздардың басты белестері мен жетістіктері аталып өтілді.
Дәстүр бойынша мектеп ұжымы алғаш рет NIS табалдырығын аттаған 120 Өркен грант иегерін құрметпен қарсы алып, алдағы оқуға сәттілік тіледі.
Білім ордасының басшысы Жаңбыржан Бекболатов Зияткерлік мектептер жүйесінің халықаралық және отандық кеңістікте мойындалуын әрі табысты жолын баяндап, мектептің алға қойған мақсаттарымен бөлісті және алдағы оқу үдерісінде мектеп қауымдастығына толағай жеңістер тіледі.
Алғашқы қоңырау салтанатында Кызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов сөз алып, ел келешегі – жастарды Білім күнімен құттықтап, туған жердің гүлденуі үшін қызмет ететін нағыз патриот болатындарына сенімін білдірді.
Сыныптастармен қауыштырған, ұстаздарымен табыстырған шаттыққа толы мерейлі күнде жас зияткерлер алтын ұя мектебінің туған күніне ән арнап, музыкалық қойылымдар ұсынды. Озат оқушылар алғашқы қоңырау соғып, жаңа оқу жылы ресми түрде ашық деп жарияланды.
Мерекелік шарадан соң Шаңырақ оқушылары «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен тәрбие сағаттарына қатысты. Педагог-кураторлар мен мектеп ұстаздары бірлесіп жас зияткерлерге білім алуға ұмтылу, еңбекқор болу және патриоттық секілді маңызды құндылықтардың тұлға болып қалыптасудағы рөлі туралы түсіндірді.
syrboyi.kz