Көзмоншақ тағу дұрыс па?

Негізі «көз тию», «тіл тию» деген сынды сөздер бекер емес. Мәселен, әр адамның бойында қазіргі тілмен айтсақ энергиясы, аурасы болады. Сәбиге ешқандай жамандық ойламаса да, көзіндегі назар күші балаға беріліп, сәби ауырып қалуы мүмкін. Яғни, қызуы көтеріледі немесе құсады, іші өтетін секілді балаға ауырлық түседі. Бұрындары әжелер мұндай жағдайды бірден түсініп баланы таза сумен ұшықтап, тұзбен аластайтын болған. Тіпті әжелеріміз баланың маңдайына күйе де жағып қоятын болған. Мұның себебі адамның көзі балаға емес, маңдайындағы күйеге түссін дейтін. Тіпті баланы көзге түспейтіндей етіп, қораш киіндіріп қоятын. Сонымен бірге бала шетіней берсе «Елемес», «Елеусіз», «Ескермес» деген секілді есімдер қою арқылы назардан қашуға болады деп ырымдаған.
Бүгінде үкі тағып, күйе жағып жүретін жандар саусақпен санарлық. Сондай-ақ қазіргі көзмоншақтардың бәрі қолдан жасалғаны белгілі. Ал шынайы көзмоншақ деген кез келген жерде жататын, оңай табылатын зат емес. Оны дария мен өзен-көлдердің жаға-жиегінен кезіктіруге болады. Толқын ұрып шайып, жып-жылтыр болған кішкентай домалақ қарасұр немесе қара тастың бірнеше жерінде ақ дақтары болады. Мұндай тас адам көзінің ағы мен қарасының нышанындай болғандықтан былайғы тастардан өзгешеленіп, тылсымдау көрінеді екен. Сол ерекше тасты зергерлер шеберлікпен әдемілеп теседі де, ұл балалардың бас киіміне немесе киімінің өңіріне қадап қояды. Ал қыздардың көзмоншағын көбінесе күміске бекітіп, бұралмалы бау жасап сәндейтін болған.
Көз тиюдің алдын алған ертедегі ата-әжелеріміз түрлі әрекеттер жасайтын. Ол әрекеттердің барлығын бекерден бекер жасамайтыны белгілі. Сол үшін балаларымызды көз тиюден сақтап жүргеніміз дұрыс.
А. НҰРЛАНОВА