Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келінді күте алмаған күң етеді

Келінді күте алмаған күң етеді

Біз, қазақ қыз баланы ес біліп, етек жеңін жинай бастағаннан жат-жұрттық екендігін айтып, келіндік, аналық өмірге дайындай бастаймыз. Аналарымыз қыздың әр ісін бағып «Ертең біреудің үйіне барғанда бұлай деме, бұлай істеме» деген сөздер арқылы қызды ибалы келін болуға тәрбиелейді. Бұл – бұрыннан жалғасып келе жатқан жазылмаған тәрбиенің бөлшегі. Оң босағада жүріп ана мен жеңгеден тәлім-тәрбие алып өсетін қызға оғаш қылық көрсетпеуін ескертіп «шешесі үйретпеген бе деп айтады. Сөз маған келеді» деген сөздер арқылы көп жағдайдан тыйып отырады. Міне, осыдан бастап ес жиып келе жатқан қыз өзін мінсіз келін болуға дайындай бастайды.
Қыз баланы өз теңін тауып, жұбайлық өмірге шығарып салу әрбір ата-ананың жүрегінде қимастық сезімін ұялататын ерекше сәттердің бірі. Балапандай мәпелеп өсірген қызының бойына ізгілік дәнін сеуіп, оқытып, бар тілегін орындаған ата-ана қызды қонақ деп қабылдайды. Сол қонағын өз ұясына ұшырар сәтте оның алдағы өмірінде кездесетін қиыншылықтар мен түрлі сынақтарда сынбауын ескертіп, түрлі тілектер айтылады. Және жаңа босаға аттағалы тұрған өрімдей жас қыздың мойнына көптеген жауапкершілік жүктейді. Мәселен, бізде «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген сөз бар. Бұл ұзатылар қызға бағытталып айтылған сөз. Осы өздің мәніне үңілер болсақ, не қиындық көрсең де шыда, аналарымыздың "өлсең өлігің сол үйден шықсын" деген сөзінің жұмсартылған сөзі. Ал қыз жат жұртқа тастай бату үшін барған жері судай терең әрі мөлдір, судай сіңуі үшін құмдай жұмсақ болу керек екендігін естен шығарып жатамыз. Бұл тұста келін түсіріп жатқан жақ та бұл сөздің түпкі мәнін түсінуі қажет. Және тағы «Сол әулетте бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын де» деген сөзді де әдемі тілектің тізбегіне қосып, өзімізше өсиет қыламыз. Рас, келін келсе құт келеді деп қуанатын қазақпыз. Бірақ жаңа түскен жас келін сол отбасының мызғымас қағидасы мен өмір сүру салтына үйренісіп кетуі үшін қайын жұрты қолдау көрсету керек. Оның кейбір істерін сынап-мінемей, жай сөзбен түсіндіріп, ақылын айтар болса, қызындай еркелете жүріп қажет кезінде келіндік міндетін еске салып отырса, жас келін де шыбықтай иіліп тұрар. Сонда ғана өзін бақытты сезіне алар еді. Ал өзі бақытты адам жан-жағына да бақыт дәнін себері белгілі. Кейбір қайын жұрт болады "келін ол келін" деген қағиданы ұстап алып, құлша жұмсап, әр басқан қадамы мен айтқан сөзін аңдып, сыпсыңдап сөз етіп, «сен келінсің, орныңды біл» деп оны төмендетіп тастайды. Осыдай отбасындағы жағдай келінге жайсыздық тудырады. Кім қыспақта өзін еркін сезіне алушы еді? Сонан барып бір-бірімен жарасым тауып, отбасын құрған екі жастың арасына жік түсіп, екіге ажырап кете барады. Баласын келінінен қызғанып жататын аналар да бар. Бірақ ұл өсіріп отырған әрбір қазақ әйелі қызын жат-жұрттыққа тәрбиелегені сияқты, өзін де «ертең мен ене болсам...» деген ұғыммен енелік өмірге дайындау керек деп ойлаймын.
Қазір сымсыз байланысқа бәріміз тәуелді заманда көп шаңырақтың шайқалуы да құрғыр телефонның кесірінен болып тұр. Бұрын кеткен қызының жағдайын айлап келетін хат арқылы, жолаушылап келген адамдардан біліп отырушы еді. Қазір болған жай сол бойы ананың құлағына тиіп отырады. Әрине, өзегін жарып шыққан өз баласының жағдайы кез келген ата-ананы алаңдатпай қоймайды. Жаңа келген жерінде жанына жақын жан таппаған келін байғұс сырын туған анасына шерте бастайды. Осыны естіген құдағи қарап тұрсын ба?!
Бұл жерде жалпы жұртқа топырақ шашудан аулақпыз. Келінге туған анасындай қамқор енелер де бар. Тіпті олардың көшеде қол ұстасып, сырласып жүргендеріне қарап қызыға қарайсың. Ешкім келін болып аспаннан салбырап түсе салмайды. Жас келіннің сол әулеттің ана, дана келін атанып, ұрпағын өмірге әкеліп, тамырын кереңге жайып кетуі үшін өзі де ене көріп, келіндік өмірдің қиыншылығын өткеріп, өзі қазір ене атанған нәзік болмыс иесі келінге де сіңісіп кеткенше жұмсақ болғаны абзал. «Біз баяғыда бүйткенбіз, сөйткенбіз, қазір сендерге рахат. Бәрі дайын» деп өткен өміріндегі қиыншылықтары үшін келінді қинаудың қажеті жоқ. Әр заманның ағымы солай болғаны үшін ешкім кінәлі емес. Жұмыр басты пенде бұйырған өмірін көптің көшімен ілесе сүреді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, "жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді" деген сөзді санадан шығармайық, енелер.
Р/с. Бұл мақаланы жазуға көптеген келіндердің жаңа отбасына деген ренішін естуім себеп болды. Әркім өзінше шындық іздейді. Кейде келіндердің де ағаттығы болатын шығар. Бірақ үлкендер үлкендік танытып, жас шыбықты идірем деп сындырып алмаса жарар еді деген ойдан туған дүние болды.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
23 қыркүйек 2023 ж. 465 0