Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еленген аға

Еңбегі еленген аға

1945 жылдың 9 мамыры күні «Тастүбек» колхозында Қошқарбаев Жолдас атаның шаңырағында екі бірдей сүйінші хабар орын алды. Алғашқысы – талайдың тағдырын жалмап, мыңдаған отбасының басына қайғы алып келген Ұлы Отан соғысының жеңісі болса, екіншісі – Жоламан атты ұлының дүниеге келуі.Жоламан атаның әкесі Жолдас сұрапыл соғыс өрті тұтанған шақта соғысқа аттанды. Қарша бораған оқтың ортасында болды. Елге аман ораламын деген ой түсіне де енген жоқ. Қолына қару алып, майдандастарымен алдыңғы шепте жүріп ерліктің үлгісін көрсетті. Соғыс аяқталмай қолынан жараланып елге оралды. Осы хабарды естіген әжесі Сағира "екі қолы жоқ болса да елге аман келсе болады" деп армандады. Жоламан атаның әкесі Жолдас, шешесі Бибіхан екеуі отбасында 6 бала тәрбиелеп өсірді. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырды. Барлығы дерлік жоғары білімді ұстаздар 15 немере сүйіп отыр.
Ауылға келгеннен кейін еңбекке етене араласты. Қойма меңгерушісі, партөре, балық инспекторы, басқарма орынбасары болып еңбек етті. Ол Ұлы Отан соғысының 20, 30, 40, 50 жылдығы және Кеңес Одағының маршалы «Жуков» ордендерінің иегері. Бірінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен марапатталған. Жастары жетіп зейнетке шықты. Немере, шөбере, шөпшек сүйді. Екеуі де 91 жасында дүние салды. Артында қалған ұрпағы әкесі мен шешесіне Құран бағыштап отырады.
Міне, бүгінгі біздің әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз жауынгердің ұрпағы, құрметке лайық қария, ардагер ұстаз Жолдасов Жоламан ағай туралы болмақ. Ол бала кезінен «Мен бақытты ұрпақпын, Жеңіс күні туғанымды мақтан тұтамын» дейтін.
Жоламан ағай 1963 жылы №423 орта мектебін бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. Жастайынан батырлықтың үлгісін көріп өскен ол оқып жүріп 1965-1967 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп келді. Әскерден оралған соң оқуын қайта жалғастырды. 1970 жылы өзі білім алған Сексеуілдегі №23 мектепке мұғалім болып орналасты. Еңбек жолын осы жерде бастаған атай кенттегі мектептерде директор, мектеп директорының орынбасары, әдіскер, клуб директоры болып абыройлы қызметтер атқарды.
41 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. Жоламан ағаның жұбайы Базира да осы саланың білікті маманы. Математика пәнінің мұғалімі болды. Жоғары білімді ұстаз «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің иегері. Көп жыл еңбек етіп, зейнетке шықты.
Отбасы тауқыметін өзімен тең бөлісіп келе жатқан зайыбы Базира екеуі 15 немере сүйіп отырған бақытты ата-ана, қадірлі ардагер. 6 бала тәрбиелеп өсіріп, барлығы дерлік әкесі мен шешесінің жолын қуып ұстаздық етуде. Жанұяда балаларының бәрі жоғары білімді. Бекболат – депода бас экономист, Аманкелді – мектеп директорының орынбасары. Мұхтар, Дамира – №87 мектепте, Динара №177 мектепте мұғалімдік қызметте. Келіндері Нұргүл, Айымкүл, Гүлмира да мұғалімдер. Жоламан ағаның тынымсыз адал еңбегі елге танылды. Осының арқасында қоғамға да, адамға да қызмет еткен абзал азамат бола білді.
Келешек ұрпақ үшін тер төгіп, қажымай-талмай еңбек еткен, қазір ел игілігін көріп отырған аға. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, іскер басшының мектепте мұғалімдермен, оқушылармен, ата-аналармен, қоғамдық мекеме қызметкерлерімен ынтымақты байланыс жасауының арқасында кездескен қиындықтар артта қалып, оң нәтиже берді.
Жоламан аға тәрбиелеген шәкірттері әр тарапта абыройлы қызмет атқаруда. Жуырда Жоламан ағаның мектеп бітіргеніне 60 жыл толуына орай №87, №177 мектепте кездесу кештері өткізілді. Мұндай шаралар келешек мектеп бітіруші түлектерге сабақ болмақ. Жоламан аға қат-қабат жұмыстың арасында қолы қалт еткенде ауыл өмірі, ардагер мен ұстаздар өмірі туралы үзбестен газет бетіне мақала жариялап тұрды. Сексеуілдіктер ұстаз деп қана қоймай, тілші аға деп мақтанышпен айтады. Ол «Еңбек ардагері», «Жеңістің 20 жылдығы» медальдарының иегері және Арал ауданының қайраткер ардагері, ардагер ұстаз. Оқырмандар ортасында жол тартқан «Мәңгі сағыныш», «Жалған дүние-ай», «Ұстазым, менің ұстазым» атты кітаптарының авторы.
Облыстық, аудандық журналист қауымына тонның ішкі бауындай етене жақын, қандай тақырыпта қалам тербесе де жанашыр оқырман қауым арасынан табылады. «Теміржолшы», «Толқын», «Құрылтай», «Сыр мектебі», облыстық «Арал әлемі» газеттерінің қоғамдық тілшісі.
Халықаралық Жазушылар одағы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Облыстық радио, телевидение комитетінің қоғамдық тілшісі. Қайнаған тірліктің ортасында жүрсе де, жанына қаламын серік еткен атаның осындай адал еңбегінің арқасында алған мақтаулары аз емес. Сексеуіл кентінде "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы, облыстық «Арал әлемі» газетінің меншікті тілшісі. Жоламан ата жайлы «Арал әлемі» газетіне «Сіздей болу қайда?» деген мақала жарияланды. Сексеуіл кентінің тұрғыны, журналист-қаламгер Жоламан Жолдасов «Ұстазым, менің ұстазым» деген кітабын шығарды. «Теміржолшы» газетінің мерекелік санында жарияланған.
Сексеуілде жаңалықтың жаршысы,
Жолдасовтан жазғыш қандай бар кісі.
Ол жазбаған осы кентте жоқ адам.
Бір басына жетер алған алғысы.
Уақыт өтсе де Жоламан атаның еңбегін ұжымдастары, замандастары, шәкірттері ұмытпақ емес. Иә, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы емес пе? Осылайша Жоламан атаның игілікті ісі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек.
Дамет Өтебаева,
№ 87 орта мектеп,
Сексеуіл кенті
26 қыркүйек 2023 ж. 236 0