Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық ұстаздар құрметке бөленді

Аралдық ұстаздар құрметке бөленді

Жуырда Қызылорда қаласында 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Жыл үздіктерін» марапаттау шарасы өтті.
Салтанатты шарада Қызылорда облысының тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархат Досаев білім ұйымдарының үздік ұстаздарын құттықтап, жылы лебізін білдірді. Айта кетерлігі, биылғы оқу жылында облыс оқушыларынан құралған «Сыр айбындары» командасы Қарағанды облысы, Спасск оқу-жаттығу орталығында өткен республикалық жарысында әскери-спорттық сайыстар бойынша жеңіс тұғырынан көрініп, облыс мерейін үстем еткен болатын. Осынау  "Айбын-2023" халықаралық әскери-патриоттық жиынында да Сыр елі шәкірттерінен құралған команда жүлделі І орынды жеңіп алды. Осы команда құрамында ауданымыздың  өрендері де дарынымен дараланған болатын.
Осындай спорттық бәйгелерде топ жарып жүрген шәкірттерді тәрбиелеген және бұқаралық спортты дамытуға ерекше үлес қосқан алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары  Ақылбек Өтегенов (Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектеп),  Талғат Мырзағұлов (№2 облыстық мамандандырылған мектеп- интернаты), Асхат Ахметов (№57 орта мектеп), Сәкен Аймолдаев (№231 орта мектеп) сынды ұстаздар мұғалімдер күніне орай, облыстық білім басқармасы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталып, оларға құрмет-қошемет көрсетілді. Отан, туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетіп, байрақты бәсекеде топ жарған өрендерді патриоттық, ұлтжандылық рухта тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбек еткен жандарды аудан мәртебесін асырып, зор беделге ие болуымен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрініп, биік белестерді бағындыра  берулеріне тілектеспіз.

К. МАХСҰТ
14 қазан 2023 ж. 365 0