Ысталған балық дайындаудың шебері

Аралқұм ауылында 1300 –ге жуық халық тұрады. Ауылдың қақ ортасын теміржол бөліп жатыр. Ал шығысында «Батыс –Европа-Батыс-Қытай» көлік дәлізі. Ауыл халқы осы өңірлік логестиканың игілігін көріп отыр. Себебі мұнда жұмыссыз жатқан адам жоқ. Бәрі қорадағы малын сауып, балығын ыстап пойызға шығып, жол бойындағы өздері жасап алған шағын дүңгіршекке апарып сатып, нәпақасын тауып жүр.
Дұрыс-ақ, Әсіресе Аралқұмнің ысталған балығының керемет болатындығын аралдықтар тегіс мойындайды. Тіл үйіретін тәтті балықты сүйсініп жесек те оның жасалу жолын көбіміз біле бермейміз. Аралқұмдық кәсіпкер Айжан Әбдірова бізге ысталған балықтың жасалуы туралы мол ақпарат берді.
Оның ауласында тізбектеліп ілінген балықтың сан-алуан түрін көзге ілмей кету мүмкін емес. Тыста келген тосын адамға да ең бірінші көзге шалынатын сол шығар. Және аулада қара бөшке, жанында көне табақ тұрды. Бізді ілтипатпен сәлем беріп қарсыалған Айжан әңгімесін бастап кетті.
– Мен балық ыстауды ең алғаш енемнен үйренгенмін. Қазір тұрмыста болғаныма 20 жыл болды. 3 балам бар. Келін болып түскен күнен бастап, үйдегі айнымас тіршілігімнің бір бөлігі осы балық ыстау болатын. Бұл біздің отбасымызбен істейтін жұмысымыз. Жалғыз біздің отбасы емес, Аралқұмдағы әрбір үшінші отбасы балық ыстаудың технологиясын жақсы біледі, - деген Айжан балық ыстауды көрсетуге кірісті.
Ысталған балық жасау үшін арнайы балық түрі керек емес. Кез –келген балықтан жасай беруге болады. Әсіресе ақ балық, шортан, сазан сынды балық түрлері ысталғанда дәмі ерекше болып шығады екен. Айжан өнімге керекті шикізатты Арал қаласы мен Қамыстыбас ауылының балықшыларынан алады.

Ешқандай қоспасын, табиғи таза өнімнен, үй жағдайында дайындалған мұндай тағамның адам денсаулығына пайдасы да мол. Өнімге сұраныс та жоғары. Аудан аумағынан бөлек Алматы, Шымкент қаласынан да тапсырыс беріп алдыратын адамдар бар. Бағасы балықтың көлеміне қарай қойылып отырады.
– «Әркімнің өз несібесі бар» дейді ғой қазақ. Сол сияқты біздің де бұйырған нанымыз бар. Шаруасы көп болас да, отбасымызбен істейтін болған соң қиындығы көп байқалмайды. Әрі 20 жылдан бері істеп кел жатқандықтан бұл менің күнделікті үйреншікті жұмысыма айналып кеткен, - дейді кейіпкеріміз.

Айжан Әбдірова дайын болған өз өніміне дәм татқызды. Ғажап. Қолдың дәмі деген осылай болса керек. Көз жұмып, таңдай қақпау мүмкін емес. Айжанға кәсібінің берекелі болуын тілеп тарқастық.
Назерке Маратқызы