Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табақ жасау да өнер

Табақ жасау да өнер

Бұрын ата-әкелеріміздің мал сойғанын жиі көріп өстік. Сом етті 12 жілікке бөлшектеп, артық бездері мен қажетсіз жерлерін жазбай тануды сол кісілерге кім үйретті екен деп ойлаушы едік. Өйткені мұндау іске баулитын мектеп немесе орталықтар ол кезде болмаған. Қазір де жоқ. Сөйтсек ол кісілер де біз секілді көргенін көңілге түйю арқылы меңгерген екен ғой. Қолымызға құман ұстап әкеміздің қала берді ешек-қарын аршуға келген анамыздың жанында қолғанат болып жүруші едік. Бүгінде сол кезде көңілге түйгендер өмірлік мәселеге келгенде үлкен сабақ болып отыр. Қазір ше. Қазіргі жас мал союды білеме екен? Тым арыға кеттік ау шамасы. Алдымен ет турай білеме десеңші?! Мұндай келесіздіктер қазіргі қоғамның қисық айнасына айналып бара жатыр-ау. Өткені қазірдің өзінде етті дастарқанға турап алып баратын болған. Бұл қылық еркегі жоқ үйге жарасар. Басқаларға ше?
Хош... Бұрын ата-әкелеріміз мал соярда қажетті заттарын дайындап шығатын. Бізге де солай үйретті.
«Қай уақытта болмасын мал соятын болсаңдар пышақ, суларыңды үйден дайындап шығыңдар. Міндетті түрде дәрет алыңдар» деп өз атам жиі айтып отырушы еді. Сол сөздері санама сіңіп қалғандықтан ба, өзім де солай етемін. Дей тұрғанмен осындай істерде менің де кемшіліктерім бар екен.
Шындығында, біз осы күнделікті тұрмыста кезігіп жататын жұмыстарға неге немқұрайлы қараймыз?! Кейде менің мал союды білсем де, тамақ салу мен табақ тартуды білмегенім қалай, деп ойланатын кезедерім жиі болады. Бірақ, көбіне құнт қыла бермейді екем. Бір көкемнен «аға, осы қазіргі жастардың арасында табақ жасауды білетіндер барма?» десем, ол кісі «жастарды былай қойғанда мен де білмеймін шырағым», деп қысқа қайырды. Кейде сондай жағдайларға жиі кезігіп жатқан сәттерде үйреніп алармын деймін де артынша ұмыт қалдырам. Қысқасы, айтарлықтай құнт болмайды. Ауыл баласы болсақ та осыған келгенде осалдаумыз.
Біздерге мұндай жұмыстарды үнемі үйретіп отыратын аға буынның да халі анау. Бұрынғы аталарымыз алдына тартылған үлкен ас арқылы сол үйдің күйеу баласының немесе ұлының қандай екеніне баға беріп отырған ғой. Тіпті, малды сойғанда оның жіліктеуіне қарап-ақ, сынын немесе мақтауын айтып отыратын болған. Ал, қазіргі қонақта мұндай пікір мүлдем жоқ деуге болады. Оларға жеп отырған асы тамақтан өтсе болды. Басқасында шаруалары шамалы. Гу-гу әңгімелерін соғады да, көппен бірге беттерін бір сыйпап, сыртқа атып шығады. Міне, сондықтан мұндай кедергіге кезікпеген қазіргі жас ондай отбасылық істерге аса құнт қылмайтындай сезіледі маған.
Біз қалай айтсақ та, қазіргі жас қазақи құндылықтардан ажырап бара жатыр. Мал соймақ түгілі нан турай білмейтін жас ұлдар бар қазір. Олар үшін пышақ қайрау да әжептәуір жұмыс. Оларға қазіргі ғаламтордың тілін айтсаңыз сізден көмек сұрамайды. Есесіне, іс жүзінде жүзеге асырылатын жұмыстарды жасауға жоқ. Кейде, біздер бара-бара үйге қонақ жайлау үшін де адам жалдайтын жағдайға жететін шығармыз. Бұлай майдаланып кететіндей нендей қысымға ұшырадық екен?! Әлде, ғаламтор көрмеді, есіріп жүрмеді деген қазіргі аға буыннан ақыл кетті ме?! Біз негізі дәл қазіргі уақытта өсіп келе жатқан ұрпаққа көп нәрсе үйретуіміз керек. Әйтпесе, өзгенің қаңсығын таңсық көретін жастардың не болса соған еріп кетері анық. Ал, ол үшін қазірден бастап өзімізді өзгеге үлгі ете білгеніміз жөн шығар. Әр жерлерде жастармен жұмыс жасайтын ұйымдар ата жолын негізге ала отырып, от басы, ошақ қасындағы рухани құндылықтарды қазіргі жастың бойына сіңіре білумен айналысуы керек шығар. Қажет болса, біз көтерген мәселені арнайы сайыс ретінде ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша қазақы баланы қазіргі ақпараттық технологияның мүмкіндіктері арқылы атын ауданға, қажет болса облыс, республикалық деңгейге шығару керек. Қысқасы, қазақы құндылықтарды дәріптеу үшін бізге біреу үлгі болуы керек. Сонда ғана, соған ұқсағысы келгендер, қазаққа керек құндылықтарды қаперінде ұстайтын болады деп ойлаймыз.
А.ҚАРАСАЙ

12 желтоқсан 2023 ж. 273 0