Балғындар жайының бір белесі

Хош... Сонымен ауылдың берекесі мен базарына айналған бөбекжайдың бүгінгі шарасына тоқтала кетелік. Отбасылық спорттық сайыс «Әкем, анам және мен» деген. Бұл бүлдіршіндерге денсаулығы зор күшті болуы үшін денені шынықтыру, спортпен айналысу қажет екендігінің маңызын түсіндіру. Салауаттану – адам жанының да тінінің де тазаруы. Денсаулығының жақсаруы. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу балғындар үшін асаң маңызды. Сайыс арасындағы үзілісте бүлдіршіндер ән шырқап көңілімізді көтеріп отырды.
Ендігі кезек әжелерде. Бүлдіршіндердің бал мекені «Балбөбек балабақшасының» 16 жыл туған күніне орай ұйымдастрылған «Ал, кәнекей, әжелер» сайысын балаларға түсіндіре отырып, әже тәрбиесін үлгі ету. Әжелер өнегесінің ерекшелігін ашу. Баланы кішіпейілдікке, қарт адамдарды құрметтеуге үйрету.Әжелердің өнерлерін көріп, өлеңдерін тыңдаған бүлдіршіндердің көңілдері шат. Оларды көріп біздер шат.
«Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, бала өмірдің мәні мен сәні. Олардың сыңғырлаған бал күлкісі, қуанышқа толы жүзі, ешбір байлыққа тең келмесі анық. Бар жақсысын баласына арнаған ата-аналар қашанда өз ұрпағының кемелді келешегі үшін тынбай еңбек етеді. Баласының өмірге келгеннен кейін, оның дұрыс өсуін қадағалап, саналы тәрбие беруге талпынады. Әрине мұндай тәрбие берудің ең алғашқы сатысы – отбасы, балабақша, одан кейін мектеп. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, бала жас шыбық. Осы шыбықтың түзу өсуіне жоғарыда айтқандай, отбасы мен балабақша айрықша көмектеседі. Одан кейін мектеп және орта. Осындай балаларға тәрбие беріп, ата-аналардың құрметіне ие болып жүрген ауданнан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс елді мекеніндегі «Балбөбек» балабақшасының бұл жолғы жұмысы жақсы екенін бірдан аңғардық.
Балабақша меңгеушісінің міндетін атқарушы Гүлсайранмен тілдескенімде, балабақша жайлы жан-жақты айтып берді. Үй салғанда үйдің беріктігі іргетасының беріктігіне байланысты емес пе?! Сол секілді ұжымның да ауызбіршілігі мықты.
– Балабақша ашылғаннан бері 1 сыныпқа баратын балаларды біз алғаш рет партаға отырғызып, қолдарына қалам ұстауды үйретіп, әліппені оқытып, сандарды санатып, мектепке дайындап береміз. Бізден алған білімді мектепте ұластырып, жаңаша өмір жолын бастайды. Ағай өзіңіз білесіз, 1974 жылы совхоз құрылғанда алғаш жатақхана есебінде салынған совхоз кеңсесі бүгінгі таңда балабақша болып тұр. Салынғанына 50 жыл, яғни жарты ғасыр болған. Іргетасы мүжіліп, төбесі жұқарған. Балабақша үйінің бүгінгі таңда кеткенін бүтіндеп, іші-сыртын тазалап ұстап келеміз деп,- сөзін сабақтағы Гүлсайран.
Шынында да әр бөлмесіне кірсең көз тартатын өрнектермен безендірілген. Әдістемелік құралдармен жабдықталып, жаңарғанын көріп, көнелігін ұмытып кетесің. Әрине бұл «Балбөбек» балабақшасының ауызбірлігі деп білемін. Әжелер мен бүлдіршіндердің өнерлеріне риза болып 2 жарым сағат уақыттың қалай өткенін білмей қалдық.
Балаларымыздың саналарын рухани құндылықтармен дамытып, адамгершілік қарым-қатынастар мен әдептілікті бойларына сіңіріп, саналы да салауатты тәрбие беріп, елдің алғысына бөленіп жүрген ұжымның абыройы әрқашан аласармасын дегеміз келеді.
С. ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы