Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыйлық

Сыйлық

Қыс. Даланы ақ қар жауып, әлемді тазартқанына да екі жұмадан асты. Табанының астындағы қыстың сыйын сықырлата қадамдай басып Қасым келеді. Тұрмысы ел қызығырлықтай жақсы болмаса да бірінен ілгері, бірінен кейін күн кешіп жатқан Қасымның қуанышында шек жоқ. Кеше ғана қолына тиген жалақысынан ауыстырып қалған азғандай ақшасына алған отшашу мен дастарханның дәмін келтірер сусындар оның көңілін көкке жеткізіп тұр. Айналасындағы дүниенің тазалығы Қасымның жүрегін де жуып кеткендей. Ұзын көшені бойлай келіп, өзі тұратын шағын ғана тұйыққа бұрылғаны сол еді, көзді шағыластыратын аппақ әлемнің бетіне шаша салған шашудай қызылды жасылды киінген балақайларды көзі шалды. Ішінен "менің құлыншағым да ойнап жүр ме екен?" деп өзі сөзіне күлімдеп, ілгері ентелей түсті. Аяғының астындағы қардың сықыры да үдеп кетті. Жақындағаны сол екен "Әкешім" деп құшағын жайған төлбасы Аяжан да қарсы жүгірді. Бетін тұмшалай ораған анасының шарқаты аузынан төмен түсіп, аққұба жүзі аязбен домбығып, қос беті мен мұнының ұшы қарға тамған қандай қызарып кетіпті. Үстіне киген күлгін күртесінің етегі желпілдеп, құшағын кең жайып келе жатқан Аяжанның қолында немересін айналып-толғанып отыратын ақ әжесінің тоқып берген жүн қолғабы. "Әкең мен анаң өз қамын жасар, маған сендер тоңбай жүрсеңдер болды, құлыншағым" деп кигізген сол қолғапты қыс түссе болды бір сәт қолынан тастаған емес. Осыдан тура үш жыл бұрын немересін сағындырып кеткен әжесінің бұл сыйлығы оған өте қымбат. Алғашында "Әжең алысқа қылырып кетті" деген сөзге сеніп іштей "маған қандай сыйлық алып келеді екен?" деп жүретін бала жүрегі де әжесінің енді қайтып оралмайтынына сенгендей. Мұны Қасым мен Құралай да сезеді. Кейде сабақтан екі бетін сиапалай кірген ол "Әкешім, анашым, қараңдаршы, қолғабымнан әжемінің иісі шығады" дегенде Қасым еріксіз келген жасты жасырмақ болып, қызарып кеткен жанарын қолымен жасырса, "Аяжанымды мектепке жетектеп алып барсам, сол да жетеді" деп отыратын енесінің арманына жете алмай кеткеніне іштей қиналған келіні омыраудағы Жансерігін құшақтап, басқа бөлмеге бұрылып кететін.
Міне, сол Аяжаны қазірде 2 сыныпта оқиды. Әкесінің мойнынан қапсыра құшақтап, үйге бірге кірді де "Анашым, сізге сыйлық алып келдік" деп қуаныштан аяқ киімін шешпестен төрге қарай жүгіре жөнелді. Кенет әлденені ұмытқандай Қасымға қайта келіп "Әкешім, ақша бар ма?" деді.
Қызының бұл қылығын қызықтай күлген ол сырт киімін шешіп, ішке кірді де "ақша бар қызым, бар" дегені сол еді, осы сөзді күткендей Аяжан өзінің әмиянын қалтасынан шығарып, "осында салыңызшы" деді. Кезегін күткендей анасы да:
– Қызым-ау, бұл ақшаларды не істейсің? – деді басынан сипап. Сыныбында алдыңғы қатарлы оқу үздігі болып келе жатқан Аяжан жұлып алғандай қылып:
– Әжем өле жегенше бөле же деп айтатын еді ғой. Осы жинаған ақшама Жансерікке жаңа жылда сыйлық алып беремін. Сосын ертең Аяз атаның берген сыйлығын да бөліп жейміз, – деді де бесікте жатқан бөпесін бетінен сүйіп, әмиянын қалтасына салып ойнап кете барды.
Міне, бала күніміздің бейнесіндей осы бір көрініс қайта сағынышқа айналған балалығымыздың көз алдымызға алып келеді. Алаңсыз шақтар көңілінде кірбің жоқ балақайлардың нағыз бақытты шағы екенін өздері жете түсінбесе де, сол күннен алыстап кеткен біздің көзіміз оның қадіріне анық жетіп отыр. Әсіресе шүбәсіз сенімді аңсайтынымызды ешкім жоққа шығармайды.
Қол ұстаса әндетіп, шыршаны айнала билеп, ортамызға келген Аяз атаның ақ сақалына, Ақшақардың сұлулығына қызығатынымыз сондай, солардың киімін киюді арман ететінбіз. Бірақ жоқшылық уақытта ондай мүмкіндік екінің біріне туындай бермейтін. Ал бүгінде қажетіңді тауып алу қиындық тудырмайды. Баласының арманын орындау үшін еңбектенген әрбір ата-ана мұны көзбен көріп жүр.
Десе де бала қай уақытта да бала болып қала бермек. Аяз атаға хат жазып, көңіліміздегі алғымыз келген сыйлықты содан сұрайтын біз сияқты бүгінгі балақайлар да хат жазып, Аяз атаны қызықтаудан жалықпайды. Сондықтан олардың қуанышын еселеу бірінші кезекте ата-ананың мойынында. Ал сіз балаңызға, бауырыңызға не сыйлар едіңіз?
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Сурет: massaget.kz

31 қаңтар 2023 ж. 51 0