Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана денсаулығы бәрінен маңызды

Ана денсаулығы бәрінен маңызды

«Отан отбасынан басталады» дейді. Елдің тұтастығы, мемлекеттің келешегі әр отбасының жағдайымен тығыз байланысты. Ал отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы – әйел, ана. Қазақ әйелінің образы кең. Ол – батыр, ол – ардақты ана, ол – ұлтты сақтаушы, ол – отбасының  ұйытқысы, ол – тәлім-тәрбие беруші. Қазіргі таңда елімізде ана денсаулығы мен әлеуметтік қорғалуы бірінші орында тұрған мәселенің бірі. Мемлекет өмірге ұрпақ әкелуді мақсат еткен аналарға ең алдымен медициналық қолдау көрсетіп, олардың дені сау баланы өмірге әкелуіне ықпал көрсетеді. Онан соң баланың күтімі үшін 1,5 жасқа дейін жәрдемақы мен  бір реттік қаржылай әлеуметтік көмек көрсетіледі.  Бұл қаржылай берілетін көмек те жыл сайын артып келеді.
Елімізде 4 балалы ана «көпбалалы ана» санатына жатады. Оның 18 жасқа толмаған немесе 23 жасқа дейінгі оқу оқитын баласы бар болса ай сайын белгіленген мөлшерде жәрдемақы алады. Сондай-ақ 6 балалы анаға «күміс алқа», 7 баласы барларға «Алтын алқа», онан да көп ұрпақ әкелген әйелге «Батыр ана» мен 1,2 дәрежелі «Ана даңқы» ордені беріледі.
Біз бүгін ана мен баланың денсаулығын жақсарту бағытында қандай жағдайлар жасалып жатқандығы туралы кеңінен тоқталуды мақсат етіп, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Лаула Жанысқызымен байланысқан болатынбыз.  
Ана мен бала денсаулығы медицина саласының  ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Ұлт байлығы десе де артық емес. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына байланысты.
– Ана денсаулығы деп  жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңдегі  аналар денсаулығын айтамыз. Қазіргі таңда перзентхананың барлық бөлмелерінде анаға қажетті барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар туылған нәрестеге қосымша арнайы кереуеттер бөлінген. Босану залында табиғи жолмен босануға жағдай жасалып, жүкті әйелдер еркін босануға мүмкіндік алып отыр. Жаңа туған нәрестенің алғашқы айдағы денсаулығы біздің ұдайы назарымызда. Өмірге келген нәрестенің денсаулығының  жақсы болуының негізгі  кепілі – ана сүтімен тамақтандыру.
Босанғаннан кейін ананың балаға деген мейіріміне ықпал ету мақсатында нәрестені көкірегіне жатқызады. Перзентханада атқарылып жатқан іс-шаралардың қатарына босану серіктестігі модулі енгізілген, яғни босанатын анаға  жақындарының біреуі келіп демеу бола алады. Ауруханада «қауіпсіз ана», «жаңа туған балалар реанимациясы», «шала туған балаларды күту»,  «акушерлік қан кету кезінде шұғыл көмек» бөлімшелері аналарға қалтқысыз көмек көрсетеді, - деді дәрігер.
Аудандық емханаларда «жас аналар», «дені сау бала», «отбасын жоспарлау» кабинеттері аналар мен балаларға кеңестер береді. «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра қарау» бағдарламасы бойынша нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге үй жағдайында қарау мақсатында патронаждық көмек ұйымдастарылған. Бұл қызметтің маңыздылығы ана мен баланың денсаулығы ғана емес, отбасының әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлінеді.
– Ауданда ұрпақты болу жасындағы 15 139 әйел бар. Осы аналардың 6 785 гинекологиялық және экстрагениталды аурулармен бақылауда тұрады.  2845 ана – әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасы және көпбосанушы аналар. Аталған екі топтағы әйел-аналардың денсаулығын жақсарту, сауықтыру, жүктілікті жоспарлау жұмыстарын нәтижелі жүргізу қатаң бақылауда. Ұрпақты болу жасындағы әйелдер және жүкті әйелдер денсаулығын қадағалау және сауықтыру мақсатында ауданға терапевт-дәрігер жұмысқа қосылды. Біздің мақсатымыз – дені сау анадан дені сау ұрпақ дүниеге әкелу. Ол үшін ана денсаулығы жақсы болу керек. Дәрігерлердің берген ұсыныстарын уақытылы орындап, тағайындамаларды бұлжытпай орындау қажет, – деді  Лаура Жанысқызы.
Қазақстан әйелдерді кемсітудің кез-келген түрін жоюға бағытталған конвенцияны қабылдады. Бұл елдегі гендерлік теңдіктің сақталу заңдылықтарына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Әйелдер денсаулығын жақсарту мақсатында облыстар мен қалаларда Біріккен Ұлттар Ұйымының халық саны қорының репродуктивті денсаулығын  сақтауға бағытталған жобасы жүзеге асырылды.
Ана мен бала өлім-жітімінің Қазақстанда ең жоғары деңгейде байқалғандығынан Қазақстанда зәбір көрушілерге арналған дағдарыс орталықтары жүйесі жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бойынша әйелдерге заңды-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20-дан астам дағдарыс орталығы бар. Бұл дағдарыс орталығында стационар жағдайында әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған әйелдерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі ғаламдық сипатта және батыстың дамыған елдерінде ерекше әлеуметтік мәселе болып табылады. Онда азаматтардың қоғамдық құқықтық нормалары әлеуметтік орталықтардың бақылауында. Қазақстанда адамдар көп жағдайда отбасындағы қақтығыстарды дәстүрлі түрде, атап айтқанда гендерлік стереотиптермен шешеді. Сонымен қатар қазіргі кездегі халықтың, әсіресе экономикалық деңгейі төмен сатыдағы отбасы мүшелерінің өздеріне деген сенімсіздік, қорқыныш сезімін тудырады, қарым-қатынаста жанжал туындатып, нәтижесінде маскүнемдік пен есірткіге салынып, әйел адамдар ер азамат тарапынан отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады.
Тұрмыстың тауқыметіне тап болған отбасыларды, соның ішінде әйелдерді қолдау бағытында ауданда «отбасын қолдау орталығы» ашылды. Қазіргі таңда орталықта түрлі деңгейдегі аналар кәсіп меңгеріп, психологиялық көмек алып, жан-жақты дамуда. Әсіресе  тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған аналар үшін орталық өзінің айтарлықтай пайдасын тигізуде.
Қорыта келгенде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандарды қадірлеу оларға қолдау көрсету елімізде бір ізге салынып келеді. Әйел өмірге ұрпақ әкелуші алып күштің иесі болғандықтан олардың дені сау, өмірі қауіпсіз, көңілі тыныш болуы керек. Сонда ғана өркениетті елдің көшін бастайтын өрелі ұрпақтар көбейеді.

Назерке БАҚЫРАН
Фото: ашық дереккөз 

21 қаңтар 2024 ж. 325 0