Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Чех инвесторлармен кездесті

Облыс әкімі Чех инвесторлармен кездесті

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Чехия Республикасының бизнес өкілдерімен кездесіп, өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырды.
Аймақ басшысы қызылордалықтар жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді. Балық өнімдерін экспорттау, энергетикалық жобалар мен мұнай-газ құбырлары өндірісіне қызығушылық танытқан инвесторларға өңірдің мүмкіндіктері туралы айтты.
«Біздің аймақ – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы дамыған, минералдық шикізат ресурстарына бай агро-индустриялық өңір. Қызылорда облысында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және 201 көл бар, онда балық аулау кәсібі жолға қойылған. Өңірде жылына 36,5 мың тонна балық өндіретін 10 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Өткен жылы 8,3 млн. АҚШ долларына бағаланған 3,3 мың тонна балық өнімдері экспортталды. Оның ішінде құны 150 мың АҚШ долларын құрайтын 197,3 тоннасы Грузияға, 114,8 мың АҚШ доллары болатын 15,8 тоннасы Чехияға жіберілді.
Энергетика саласына келсек, аймақта жиынтық қуаттылығы 89 мегаваттық 9 күн электр станциясы жұмыс жасайды. Оның үшеуі шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асты. «Акса энерджи» түрік компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаваттық жылу-электр стансасын салуда. Оның қуаты өңірдің сұранысын толық қанағаттандырады. Экспортқа бағытталған, өңделген отандық өнімдерге бірқатар қолдау шаралары бар. Сыртқы нарыққа шығару үшін кәсіпорындарға жан-жақты сервистік қолдау көрсетіледі, жол шығындары 80%-ға дейін өтелуде. Сіздерге перспективалы жобаларды іске асыруда мүмкіндігінше жан-жақты қолдау көрсетеміз. Біздің өңірге келген сапарыңыз Қызылорда облысы мен Чехия арасындағы достық байланысты одан әрі кеңейтетініне сенімдімін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз кезегінде, инвесторлар ұсынылған жобаларға қызығушылық танытып, алдағы уақытта аталған салалар бойынша әріптестік орнатуға ниет білдірді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

22 қаңтар 2024 ж. 258 0