Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада кәмелетке толмағандар арасында қылмыс көбейген

Қызылордада кәмелетке толмағандар арасында қылмыс көбейген

Ақпарат құралдарында кәмелет жасқа толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты материалдар өте жиі айтылады. Тіпті қоғамдағы өзекті мәселеге айналды. Кім кінәлі? Біріміз мұғалім, біріміз құқық қорғау органдарын айыптап жатамыз. Ата-ана қайда? Шындап келгенде бұл мәселеге бүкіл қоғам жауаптымыз және қоғам болып күресуіміз керек.

Мемлекет басшысының кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту қажеттігі жөніндегі тапсырмасы өңірде қалай жүзеге асуда? Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселесіне сәйкес психологиялық қолдау қызметін күшейту мен бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруда не істеліп жатыр? Осы өзекті мәселе «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы отырысында талқыланды.

«Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу мақсатында өткен жылы 7743 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның 306 кәмелетке толмағандар. Түнгі уақытта заңды өкілісіз тұрғын үй жайдан тыс жерде жүрген 5743 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда қаншама профилактикалық жұмыстар жүргізілгенімен 2023 жыл көлемінде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 2012 жылмен салыстырғанда 21,4 пайызға өсім алған», - дейді облыстық полиция департаменті, Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Рауан Алдешов.

Облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісованың айтуынша "Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қою бойынша білім беру ұйымдары қызметкерлерінің іс-қимылы алгоритміне" сәйкес әр оқиғаға қатысты шұғыл әрекет ететін аудандық және облыстық мобильді топтар құрылған.Олар бүгінгі күні 31 оқиға басында болып,12 сағат ішінде зорлық көрген баланы отбасында қалдыру немесе қалдырмау жөнінде шешім шығарған.

Жиын барысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы қауіп-қатер тобын анықтау үшін мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың жұмысын арттыру, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ата-аналар комитеті, әкелер, аналар кеңестері жұмысын біріктіру, арнайы әлеуметтік маңызы бар бейнероликтер әзірлеп, БАҚ және әлеуметтік желілерде, мектептерде жариялау, тәрбиелі балаларды, олардың ата-аналарын қолдап, оларды насихаттау секілді ұсыныстар ортаға салынды.

Отырыс соңында партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының 2024 жылға арналған жоспары бекітіліп, комиссия құрамына өзгерістер енгізілді.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: egemen.kz
25 қаңтар 2024 ж. 228 0