Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең жас әкім – Елнұр

Ең жас әкім – Елнұр

Қазақта Төле биден қалған «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақсы сақа тұт, жасы кіші демеңдер, ақылы асса аға тұт» деген аталы сөз бар. Ел ауызында «Төле тауып айтады» деп аталып кеткен төбе бидің тапқырлықпен айтқан бір ауыз түйінін талқылағаннан көрі тереңіне зер салған жөн болар. Өз уақытында өнегеге баланған шешендік шешімі бүгінге дейін өзектілігінен айырылған емес. Мұны көзбен көріп отырмыз. Ел ішінде беделі биік, есімі мәлім жастарды көргенде «Неткен көрегенділік» деп таңдай қағамыз. Солардың бірі 27 жасар жас әкім Елнұр Елшекенов. Әлі отызға келмеген жас жігітті ел басқару ісіне ерте араласып, іргелі ауылға әкім болуына себеп іздеп отырған боларсыздар. Себебін біз айтайық.
Елнұр Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылында туған. Елгезек, еңбекке епті жігіттің аты қаршадайынан қалың бұқараға белгілі болды. Тек туған ауылында емес іргелес алыс-жақын округтердің тұрғындары бұл жігіт турасында талай жақсы пікір білдірді. Небары 7 сыныпқа дейін Жаңақұрылыстағы №74 орта мектепте оқып, 7 сыныптан кейін Қызылордадағы 264 мектеп-лицейді бітірген ол Ақтөбе, Шымкент, Алматы қалаларында жоғары білім алды. Бұл өмірдерегінен аз ғана ақпар. Ал азаматтығы жайлы айтарымыз көп.
Елнұр Бекназарұлы іскерлік шеберлігін де ерте шыңдаған. «Қожағұл Ата» шаруа қожалығына төрағалық ете бастаған уақытында ол 19 жаста еді. Өзі қатарлас жастар өзгеше уақыт өткізіп жүрген кезде ол бүтіндей бір қожалықтың қыруар жұмысын арқалауға тәуекел етті. Талпынысы табысты болды. Төрт түліктің жазғы жағдайын, қысқы қамын қарманып, ненің орынды, ненің қажетті екенін ерте таныды. Мақсат қойып, сол мақсатына жетуді жастайынан жетік меңгерген Елнұр 24 жасында Алматыдағы «Elnur group» ЖШС-ның директоры атанды. «Талапты ерге нұр жауар» деген осы болар. Бірақ жеке бастың қамын күйттемей өз мұратынан ауылдастырының жағдай жоғары қойды. Сырдың бойы дегенімізбен аудан малшылары үшін көбіне жаз мезгілі жеңіл өте бермейді. Жауын-шашынның аздығынан бөлек шабындық алқаптарды суландыру жұмысының машақаты бір бөлек. Ал жаздағы осы жайсыздықтан аман шыққанымен қыстық мал азығын әзірлеу тіпті қиын. Қыс ұзаққа созылған жылдары шөппен қамтамасыз ету малшылардың бас ауруына айналады. Ал жаңақұрылыстықтар бұл мәселеге аса алаңдамайтын. Себебі сенетіндері де осы Елнұр.
Бұл жайлы әр сапарымызда біз де еститінбіз. Көріп те жүрдік. Әдеттегідей аудан әкімінің есептік кездесуінде сөз алған талай ауыл ақсалдары көпшілік алдында «Балам, өркенің өссін! Біз осы азаматтың арқасында қиындық көрмей келеміз» деп батасын бергенін әлі ұмытқан жоқпыз. Себебі біздің бүгінгі кейіпкеріміз өз қаражаты есебінен Сырдариядан келетін ескі каналдардың арнасын ашып, қаздырып, шабындықты жеткілікті көлемде сумен қамтамасыз еткен. Жаңақұрылыспен қатар өзге де ауылдарға шөпті арзан бағада сатып, одан қалды тұрмысы төмен отбасыларға тегін шөп таратып, үнемі қаржылай да қолдау білдіріп жүрді. Бұл «Табалдырықтан биік тау жоқ» дейтін тектіліктің алғашқы көрінісі ғана болатын. Әйтпесе жиырмасында жаппай халықтың жағдайын ойлап, туған топырағына қолдан келген көмекті жасау ілеуде біреудің ғана қолынан келетінін бәріміз білеміз. Ал ендігі айтпағымыз Елнұрдың нағыз елжанды азамат екендігінің айна қатесіз дәлелі.
2021 жыл мал шаруашылығын ширатып отырған әрбір азамат үшін қорқыныш емес, үреймен басталды. Көктем шыға көкке ауызы тиетін төрт түлік жауын-шашын мен жайылымдардың суландыратын басқа көздердің жоқтығынан топырақ талмап қалды. Қыстан қысылып шыққан мал үшін мұнан ауыр нәрсе болар ма?! Ал малды кәсіп етіп, отбасын асырып отырған жандар тіпті абдырап қалды. «Малдан қол жуып қалмаймыз ба?» деген үрей бәрінің санасында. Күннің аптабы мен жердің отсыз болуы мал шығынына алып келді. Осы ретте аудандағы атқарушы билік жан-жақты жұмыс жасады. Дәл осы уақыт Елнұр да елсүйгіштігін көрсетті. Ол да қамсыз қалмады. Еңбегін ел біледі, жоққа шығармайды. Өйткені қалай мақтасақта лайық қадамға барды.
Сол уақыттағы Қазақстанның ықпалды азаматтарының ауданға сапарын ұйымдастырып, елдегі қиындықты, жағдайды көзбен көруге мүмкіндік тудырды. Ахуалға қанық болған олар Аралда төтенше жағдай жариялануға бірден-бір себепкер болды.
Бұл еңбегі елеусіз қалмады. Халықтың ақ батасына бөленген кейіпкеріміз жастар жылы аясында облыстан барған делегаттар қатарында жас кәсіпкер ретінде Мемлекет басшысымен кездесіп қайтқан. Осының өзі оның еткен еңбегінің бағасы деп білсек болады. Тек аудан халқы емес, аймақ жұрты жетік түсінген.
Міне, осылайша «елім» деп соққан жүрегі бар азамат жергілікті жұрттың жігерін оятты. «Елім деген ер болмаса, ерім деген ел бола ма» деген емес пе? Қайда жүрсе де Жаңақұрылысын жадынан шығармаған Елнұрға былтыр ел ағалары қолқа салады. «Ауылдық округ әкімінің сайлауына қатыссаң қайтеді?» деген ой тастаған. Осылайша халық қалады және хан етті. Қазірде Жаңақұрылыс ауылдық округінің әкімі қызметіне кіріскеніне 6 айдан асты.
Осы уақыттың ішінде Қараарық каналын өз қаражаты есебінен тазалап, ауыл халқына су келуіне жағдай жасады. Алдағы уақытта Аралды құтқару қорымен бірлесіп, ауыл аумағынан скважина қазылу көзделуде. Сондай-ақ ауыл халқына бау-бақша егуге, Хан ауылының тұсындағы қалқымалы көпірді салуға техника жағынан демеушілік жасады.
Жаңақұрылыстағы тағы бір мәселе газдың қиындығы еді. Ауыл тұрғындары көлікті және газ баллондарды көрші ауылдардан толтырып келсе, биыл наурыздан бастап бұл қиындық артта қалады. Ауылдан газ құю бекеті ашылады.
Мұнан бөлек әлі талай жоспар бар. Бірақ барлығы уақыттың еншісінде. Аудандағы ең жас әкім, іскер азамат Елнұр өзіне сенген сайлаушыларының, ауылдастарының сенімінен толықтай шығатынына сенеміз.
О.ЖОЛДАСОВ
30 қаңтар 2024 ж. 308 0