Жеңілдіктің де жөні болу керек
Қоғам – әлемнің бір бөлігі. Ондағы негізгі мәселенің бірі тұрғындардың ұйымдасу бірлігі, әсіресе қоғамдық орындағы тәртіпті сақтау, өзгеге де, өзіңе де зияныңды тигізбеу – біздің басты міндетіміз.
Осы бағытта облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұловтың төрағалығымен қоғамдық саяси ахуалға байланысты аудан кәсіпкерлерімен кездесу өтті.
Жиынға аудандық маслихат төрағасы Б.Төрахметов, қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, полиция, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, кірістер басқармасының, кәсіпкерлер палатасының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, мейрамхана, сауда үйі мен дүкен иелері қатысты.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов сөз алып, еліміздің өзге өңірлеріндегі көпшілік шаралардағы және жақында ғана Қызылорда қаласындағы аяқ киім дүкенінде өткен акцияда орын алған келеңсіз жағдайға тоқталды. Соған сәйкес аудан кәсіпкерлеріне мұндай дүрбелең туғызатын оқиғаларды болдырмау үшін халық көп шоғырланатын тегін киім-кешек тарату, тағамдар ұсыну, тегін қызмет көрсету, үлкен жеңілдік жасау арқылы тұрғындарды тарту шараларын өткізбекші болса, жергілікті атқарушы органды, полиция бөлімін және тиісті мекемелерді алдын ала хабардар ету қажеттігін түсіндірді.
Сондай-ақ әрбір өткізілетін шараларды қолданыстағы заңнамалар аясында ұйымдастырып, келушілерге қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін ескертуді қаперге салды.
Кездесуде қозғалған мәселеге қатысты аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А. Жоланов пен аудандық мәслихат төрағасы Б. Төрахметов өз пікірлерін ортаға салып, көпшілікті адамгершілік қасиеттерден аттамай, мәдениеттілікті сақтауға шақырды.
Бұдан бөлек, аудан кәсіпкерлеріне мейрамханаларда өткізілетін тойларды ерте аяқтау, санитарлық тазалықты сақтау, нысанға бекітілген келушілер сыйымдылығынан артық адам қабылдамау, спирттік ішімдіктерді заңда көрсетілген уақыт аралығында ғана сату, кәмелетке толмағандарға алкоголь, вейб, темекі өнімдерін мүлдем сатпау, нысанның сырт келбетін реттеу, түнгі жарықшамдар, автотұрақ орнату мәселелері қатаң ескертілді.
Жиынға қатысқан кәсіп иелері де өз пікірлерін білдіріп, бірқатар сауалдарға сала мамандары тарапынан тұшымды жауаптарын алды.
Аталған мәселе бойынша жауапты сала басшылары кәсіпкерлік нысандар мен сауда орталықтарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта рейдтік шаралар ұйымдастырылатындығын жеткізді.
«Толқын» ақпарат