Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолың болсын, жолаушы!

Жолың болсын, жолаушы!

«Жол – өмір» дегенді үлкендерден жиі естуші едік. Заманында керуен тартқан адамзаттың алыс та болса жақын жолы Жібек жолы болатын. Бұл маңызды магистраль уақытында Азия мен кәрі құрлықты жалғап, алыс-беріс пен барыс-келістің күретамырына айналды. Қазір де солай. Тек оның бойымен керуен түзген түйелер мен жылқылар жүрмейді. Заман талабына сай озық технологияның жаңа буыны жүйткиді. Айшылық алыс жолдарды апталарға сыйғызған бұл қатынас құралының өзіне тақтайдай тегіс жол керек, жөн сілтейтін заң керек. Ол болмаса экономиканың күретамыры қансырап, экспорттық және тауар айналымын реттейтін маңызды меже кері кетеді. Бұл түсінікті жағдай. Сайып келгенде, «жол – өмір» деген сөз әсте тегін айтылмаса керек-ті.
Айтпағымыз, сол жолдың бойындағы маңызды қозғалыс соңғы бір аптаның шамасында кілт тоқтады. Себебі сіз бен бізге жақсы таныс шығар. Ақтөбе аумағына түскен ақ ұлпа ақпанның ызғарымен ақтүтек боранға ұласты. Ат құлағы көрінбейтін аласапыран «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» транзиттік көлік дәлізінің Ақтөбе шекарасындағы бөлігін түгелімен жапты. Нәтижесінде шақырымдарға созылған кептеліс, елсізде қалған қалың ел нөпірі пайда болды. Не істемек керек? Көршісі аш отырса қымсынатын қазақтың жомарттығы мұндайда бірінші болып көмекке келеді емес пе? «Ұрыста тұрыс жоқ». Белсенді бастап, билік қоштаған қайырлы іске ақұдайлардың текті азаматтары мен азаматшалары түгелдей бірікті. Үлкен жолдың бойында қалған мыңдаған жолаушыға ақпанның ызғарын сездірмей, жел жағына пана болды біздің жұрт. Жағдайдың қалай болып жатқанын жергілікті арналар мен мерзімді басылымдар арқылы біліп отырған боларсыз. Біз де сол жағдайға тоқталып кеткенді жөн санадық.
Иә, республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы аралығы толықтай жабық екенін бұған дейін де айтқанбыз. Аудандар тұсында көлік қозғалысы тоқтатылып, жолда қалған адамдарға тиісті көмек көрсетуді алдымен Ақтөбенің белсенді азаматтары бастаған-ды. Бұл игі істі Сырды жағалай қоныс еткен өзге аудандар да толықтай қолға алды. Өйткені күре жолдың жабық болуы салдарынан Қызылорда облысындағы кемпингтерде 2636 автокөлік (2085 ауыр жүк көлігі, 532 жеңіл автокөлік, 19 жолаушылар көлігі), 4410 жолаушы сапарын келген жерінен тоқтатқан. Күні кешеге дейін Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласының әкімдігі жолаушыларды орналастырып, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде. Осыған байланысты қала және аудан әкімдіктері жол бойы сервистік кешендерінде азық-түліктің, жанар-жағар май, газдың жеткілікті болуын, ал облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Арал, Қазалы аудандарындағы май және газ құю бекеттерінің бағаны негізсіз өсірмеуін, жеткілікті деңгейде босатылуын қатаң қадағалауға алды. Әйтпесе жұрттың басына түскен қиындықты пайдаланып, бағаны негізсіз көтеруге жол беретін пысықайлардың пасық әрекетке баратынын былайғы жұрт жақсы біледі.
Әрине жол болған соң онда талай тағдыр иелері бар. «Жол мұраты – жету» демекші, жолға шыққан азаматтардың амандығы бәрінен маңызды. Олардың арасында науқас жандар да кезігеді. Күннің ызғарында қысыл-таяң күй кешіп, қуықтай көлікте жан сауғалаған жұрттың үні бүгінде алғыс боп жаңғырып, бата боп төгіліп тұр. Енді дәл сол жағдайда Арал жұрты не істеп, не тындырды деген сауалға тоқталайықшы.
Осыдан 4-5 күн бұрын шамасында күре жолдың бойындағы ахуал назарға алына бастады. Яғни, Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылуына байланысты Арал қаласынан 20 шақырым қашықтықта жол патрульдік полицияның 6 инспекторы 3 автокөліпен «Самара-Шымкент» автомобиль жол бойын жауып, азаматтардың қауіпсіздігін басты назарда ұстады. Сонымен Ақтөбе облысына бағыт алған барлығы 807 автокөлік (584 жүк көлігі, 13 жолаушылар көлігі, 210 жеңіл көлік) және 1000-ға тарта жолаушы жеткен жерінен сапарларын тоқтатты. Арада көп уақыт өтпей жолдың жабық болуына байланысты Арал аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылды. Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлердің, білім саласы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырыла бастады. Бұдан бөлек, әйелдер мен балалар аудан орталығындағы Арал индустриалды-техникалық колледжінің жатақханасына орналастырылды.
Сонымен қатар, екі мезгіл медицина қызметкерлері жолаушыларды аралап, денсаулығына байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Жолда қалған жолаушылардың жай-күйін білу үшін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жол бойындағы кешендерге арнайы барып, еліміздің және шет ел азаматтарына қажетті көмектер көрсетіліп жатқанына көз жеткізді. Аудан басшысы бұл жағдайды өзінің жұмыс кестесіне тұрақты енгізіп, жағдайды өзі жіті бақылауға алды. Қажет болса, күн райының құбылуына қарамастан жолда қалған жандардың жанына барып, азаматтарға қызмет керсететін түрлі санаттағы жол бойы сервистік нысандарын аралап, кәсіп иелерін болып жатқан уақытша қиындықтарға түсіністік танытуға шақырды. Қанша дегенмен, аудан басшысы да қайырымдылық пен ауызбіршіліктің ерен үлгісін көрсеткен қонақжай халықтың ұрпағы ғой. Азаматтығын алға салып, жас болса да бас болған Арал жұртының белсенді азаматтарына айрықша алғысын білдіріп, шексіз тәнті екенін жеткізді. Бұл елге еге, жұртқа болысқан басшының азаматтығы һәм жомарттығы.
Ұзақ сапардан шет қалып, жат жерге бұйрықсыз табан тіреген өзге жұрттың да алғысына куә болдық осы жолы. Қаладағы Арал индустриалды-техникалық колледжінің жатақханасына орналасқан балалы әйелдер мен өзге де жолаушылардың аудан әкімдігіне және осы істің басы-қасында жүрген барлық азаматтарға алғыстары ерекше. Барлығы да қазақ деген елдің қонақжайлығына және қамқорлығына айрықша ризашылықтарын білдіруде. Бұл бірлескен істе береке бар екендігінің айқын дәлелі болса керек. Қазір жағдай әлі бақылауда тұр. Ақтөбе аймағындағы маңыздың жолдың бір бөлігінде қозғалыс бола бастағанын естігенбіз. Бірақ әлі де тоқмейілсуге болмайды. «Жұт жеті ағайынды» десе, сол жеті ағайындығының бірі ақтүтек боран, аласапыран күн райы. Бақылауды әлі де қолға алу керек. Маңызды жолда түрлі жағдай болып тұратынын ескерсек, бізге біркісідей бірігіп, осы бір уақытша тығырықтан тұтас шығу межесі маңызды болып тұр.
Иә, «Ақ жол», «Сәт сапар» деген жұрттың жол қиындығын біркісідей түсінгенінің арқасында аудан жұрты бұл істе біріге жұмылды. Демек бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін айрықша ұғым, қазақылыққа тән қаймағы бұзылмаған құбылыс. Арал жұрты бұл істе де береке-бірліктің нақ үлгісін көрсете алды. Жолаушының ендігі мақсаты – межелі жеріне жету. Ендеше жолың болсын, жолаушы!
Алтынбек БИСЕНОВ
13 ақпан 2024 ж. 337 0