Ерекше балалардың ерекше өнері

Мектепте 2019 жылы ата-аналардың өтінішіне сәйкес 6 оқушымен алғашқы арнайы сынып ашылған болатын. Содан бері 4 жылдың ішінде мектепте 38 окушы кабылданып, 14 окушы нәтижелі деңгей көрсетіп, арнайы сыныптан қалыпты жай сыныпқа көшірілді. Қазіргі таңда мектепте 4 арнайы сынып бар, барлығы 24 оқушы білім алуда.
Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған «ЖОЛ КАРТАСЫ» жобасы аясында «инклюзивті қолдау» кабинеті ашылып, арнайы педагог, логопед, педагог-асссистент мамандармен толыктырылды және де инклюзивті қолдау кабинеті қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Соның арқасында оқушылардың бойындағы түрлі ерекшеліктерді ескере отырып, мектеп психологтары балаларға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіп, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді.
Істелген жұмыстардың нәтижесінде инклюзивті сыныптың 3 сынып оқушысы Ибраев Әли өзін жаңа қырынан ашып, жақсы жетістіктерге жете бастады. Айтар болсақ, Әли алғаш мектепке келгенде педагог-ассистенттің көмегімен ғана жұмыс істейтін. Уақыт өте келе педагог-ассистент пен сынып жетекшісі оның музыкаға бейімділігін анықтап, музыка пәні мұғалімінің үйретуімен фортепианода ойнап үйренді. Әли өзінің талабы мен қызығушылығының арқасында өткен жылы Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназия базасында өткен облыстық семинарда музыка пәні мұғалімі Ұ.Қуаңбаевтың сүйемелдеуімен өз өнерін көрсетті.
Қазір Әлидің мінезі ашылған, ортаға тез бейімделеді. Алғашқы уақытпен салыстырғанда бала түйсігінің дамығаны, ойлау қабілетінің жақсарғаны байқалады. Оның осы уақытқа дейін жеткен жетістігі мектеп пен ата-ана, оқушы үштағанының жақсы жұмысының көрінісі.
Мектептің 2 «в» сынып оқушысы Тәжібек Мадина да семинарда би өнерімен көпшілікті тәнті еткен болатын.

Білім ұясында арнайы сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімдері ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша арнайы курстардан өткен. Қазір сынып ашық сабақтар мен тәрбие кештерін еркін өткізе алады. Осы тұста ерекше балаларымыздың білімді меңгеріп, сауаттанып, нәтижелі деңгейге жетуіне пән мұғалімдерінің үлесі зор.
Иә, арманы асқақ, қатарынан озат ерекше баланы тәрбиелеу оңай емес. Ал «болам деген баланың белінен буатын» мұғалімдер мен ата-ана бар кезде олардың қоғамда алар орны қашан да биік болмақ. Ерекше өнерімен көзге түскен балаларға тек сәттілік тілейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА