Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асылай – республика жүлдегері

Асылай – республика жүлдегері

Егемендік алып, еңсе тіктеген еліміздің басты жетістігінің бірі – ілім, ғылым жолындағы ізденіс. Соның арқасында өзгелермен бәсекелесіп, оза шабатын деңгейге де жеттік. Оған түрлі білім бәйгесінде қатарынан алға шығып, қабілетімен таңдандырған жастардың жеңісі дәлел. Солардың бірі қаладағы №220 мектептің 3 сынып оқушысы Әбілбай Асылай Әлібиқызы.

Білімді бала қашан да ел мақтанышы. Оның жеткен жетістіктері мен алған марапаты өзінің де, ата-ана мен жетекші ұстаздың ерен еңбегінің жемісі. Жақында ғана Республикалық ғылыми жоба сайысынан жүлделі ІІІ орын алған Асылайдың осы жетістігі туралы жетекшісі Мадина Үмбетова:

–Асылай алғашқыда «GN» академиясынан арнайы саз балшықтан бұйым жасауды үйренген. Кейіннен қызығушылығы оянып, оқушыммен соңғы 1 жылдың көлемінде осы бағытта көп жұмыс істедік. Бұл «Саздың сан алуан сыры» тақырыбымен саз балшық туралы ақпарат, оның ішінде түрлі бұйым жасау мен оның адам денсаулығына пайдасы туралы жоба. Әсіресе балшықты илеу арқылы сүйектің қатаятыны, құмыра жасау барысында алақан арқылы денсаулыққа тигізер пайдасы біздің басты назарымызда болды. Сол зерттеу нәтижесінде «Технология және өнер» бағыты бойынша Асылай аудандық, облыстық жобада үздік деп танылып, І орын алды. Республикалық кезеңге жолдама алып, қаңтар айының аяғында Щучинск қаласына барып, жүлделі ІІІ орынмен оралды.
Асылай өте белсенді, ақылды оқушы. Бастауыш сыныпта оқи жүріп осындай жетістікке жету оңай емес. Оған баланың ынтасы, қызығушылығы жақсы болуы керек. Ол осы бетінен таймаса алда алар асуы көп екеніне сенімім мол, – дейді.

Иә, ауданымызда қатарынан суырылып шығып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған дарынды оқушыларымыз жеткілікті. Оған әр ұстаз дер кезінде алдында отырған шәкіртінің табиғи дарынын танып, оны одан әрі дамытуға күш жұмсауы керек. Дарынды оқушы – ұлт болашағы екені даусыз. Ал Асылайдай білімді жастар бар кезде болашақтың негізі берік қаланбақ.

Гүлмарал САҚТАПОВА
21 ақпан 2024 ж. 309 0