Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдан шыққан авиация сайыпқыраны

Аралдан шыққан авиация сайыпқыраны

– Солақай саясаттың қылышынан қан тамып тұрған тұста бұл қазақ даласынан бас сауғалаған жандардың қатары көптеп кездеседі. Елдегі саяси белсенділер мен ықпалы бар азаматтарды тықсыра тергеп, әлдебір ұран сөзге бола бұлтартпас жаламен жазықсыз жауапқа тартқан сол кездегі отаршылдық саясаттың озбырлығы Ұлы Отан соғысы басталғанша үздіксіз жүргізіліп келді. Сол дүрмектің ішінде осы Аралдың тумасы, Сарбасаттың бір баласы Сармағамбет те бар еді. Қазіргінің тілімен айтсақ блогер не болмаса ауылдың айтқышы атанып жүрген Сармағамбет 1937 жылы қудалауға ұшырайды. Бұл сұрқай саясаттың салқыны Тілеумағамбетовтер әулетін айналып өтпесін білген Сармағамбет бір түнде көтеріліп, ел-мен жерді қимай қоштасып, Тәжік жеріне қоныс аударады. Дейтұрғанмен советтік қызыл армияның қағылез сарбаздары қарап қалсынба? Жер дүниені төңкере жүріп елден қашқан екпінді азаматтарды қолға түсіреді. Бұл қатарда Сармағамбетте бар еді. Сөйтіп жүргенде елде соғыс оты тұтанып, елден жырақ Иркутск жеріндегі орманды алқапта орналасқан айродромда еңбек күшіне біріктіріледі бұлар. Тағдыр талайымен тар жол тайғақ кешкен Сармағамбет 1946 жылы аман-есен Тәжік жеріндегі отбасына оралады. Сөйтіп 1947 жылы мен дүниеге келіппін, – деп сөзін бастады телефон арқылы тілдескен Асқар ақсақал.
Бүгінде Астана қаласында тұратын жерлесіміздің Арал десе айтары бір бөлек. Елде тумаса да әке тәлімінен туған топыраққа деген аңсары ауып тұратын аралдық Асқар ақсақалдың үлкен ұлы Рүстем авиация саласы бойынша Полковник дәрежесіне дейін көтерілген. Бүгінгі біздің айтпағымыз да осы Рүстем Тілеумағамбетов жайында болмақ. Сол Рүстем Асқарұлымен де тілдесудің сәті түсті. Ол 1974 жылдың 9 сәуірінде Мәскеу қаласында туылған. Мектеп қабырғасынан ұшқыш болуды армандағанкөк қыраны 9-шы сыныптан бастап Ақтөбе қаласындағы Жас ұшқыштар мектебінің үйірмесіне қатысып, алғашқы дайындықтан өтеді. Паращюттен секіру, ұшақ бортындағы әскери қымилдармен қатартеориялық авиа оқуларын меңгерген ол мектеп бітірісімен 1991 жылы Ресейдің Саратов облысының, Балашов қаласындағы жоғары әскери авиаучилищеге оқуға түседі. Міне бала ұшқыштың үлкен арманы осындай сатылық сынақтардан бастау алады.
– Ұшқыш болу бала кезден арманым еді. Ресейді Балашов қаласындағы жоғары әскери авиаучилищеге оқуға түсенде мен сол арманыма бір қадам жақындай түскенімді сезіндім. Училищені тамадаған соң, 1996-1998 жылдар аралығында өзім оқыған сол училищеге ұшқыш-инструктор болып қызметке қалдырылдым. Сол кездері Қазақстан Республикасының Қарулы Күші енді-енді ұйымдастырылып жатқан болатын. Мен елге оралып, 1998 жылы Қорғаныс министрлігіне тіркеліп, Алматы қаласындағы авиабазаға капитан дәрежесінде ұшқыш болып қабылдандым.1998-2004 жылдары түрлі жауапты әскери қызметтерді атқара жүріп, елімізде жыл сайын өткізілетін әскери жаттығуларға қатысып, бірнеше типтегі «АН-26», «С-295», «Боинг»сынды ұшақтарды меңгеріп, кәсіби шеберлігімді шыңдадым. Испанияда, Америка Құрама Штатында әуе көгіне көтеріліп, бұл саладағы тәжірибемді одан әрі толықтыра түстім, – деді кейіпкепіміз Рүстем.
2009-2011 жылдары Мәскеу қаласындағы Ю.Гагарин атындағы Әскери Әуе Күштері Академиясын бітіріп, еліміздің Қорғаныс Министрлігінде қызмет атқарған кейіпкеріміз Министр ұшағының борт командирі ретінде сенім мандатына селкеу түсірмейді. Осылайша 2017 жылы полковник дәрежесімен еңбек демалысына шығады. Қазір де бұл саладан шет қалмаған ол. Яғни, өзі армандаған ұшқыш қызметін еліміздегі азаматтық авиация саласында әуе кемелерінің командирі ретінде жалғастырып келеді.
Бүгінде астанылық болып кеткен Рүстемнің әкесі Асқар ақсақал да қоғам дамуында айрықша маңызға ие кәсіптік салалардың жілігін шағып, майын ішкен маман. Әсіресе инженер-механик мамандығы бойынша әріптестері мен өз ортасында сыйлы болды. Мәскеу қаласында да еңбек еткен. Сонда жүргенде кейіпкеріміз Рүстем дүниеге келген. Өмірлік жары, оты өшпеген Сармағамбет әулетінің отанасы атанған Бақытпен бірге ғұмыр кешіп, үлкен ұлдары Рүстемнің қызмет бабына орай немерелеріне бас-көз болу үшін 2017 жылы Ақтөбеден Астана қаласына қыныс аударады. Міне содан бері сол Астананың тұрғыны бұл әулет. Рүстемнен кейінгі ұлдары Дастан отбасымен бірге Алматы қаласында тұрады. Бүгінде ұшқыш Рүстем мен өмірлік жары Анардың екі қызы бар. Үлкені оқу бітіріп, қаржы салсында еңбек етеді. Екіншісі мектеп оқиды. Осы немерелердің қызығына кенеліп, өмір көшіне ілескеніне куә болып отырған Асқар мен Бақыт бүгінде туған жердің туын тік ұстап, елдегі жаңалықтармен еншілес болып отырған қадірменді жандар.
Иә, бұл топыраққа аунап өспесе де атаның бойындағы қанмен дарыған қасиетті жоғалтпай, Аралдың перзенті екенін сәт сайын айтып отыратын жандардың мұндай тағдырына сол кездегі сұрқай саясат кінәлі. Десе де Асқар әкей де оның баласы Рүстем де шекара асып кеткен жоқ. Тегі шыққан топырққа сағыныш еселенген сәтте тартып отырады. Осындағы ағайынмен да араласып, арқа мен Аралдың ортасын жол қылып жүрген жайы бар. Мұның бәрі туған перзенттің туған топырққа деген шетсіз-шексіз құрметі һәм сағынышы. Оны ешкім жоққа шығара қоймас.
А. БИСЕНОВ
24 ақпан 2024 ж. 267 0