Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызды тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің

Қызды тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің

Қызды тәрбиелегенің– ұлтты тәрбиелегенің» деген сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Себебі, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Әрбір отбасы қыз баланың бойына нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген. Соған сәйкес жақында №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатта "Сырғалым" аналар мектебінің ұйымдастыруымен "Сырласайық" кеші болып өтті.
Бұл іс-шараның мақсаты қазіргі таңдағы жастарымыз – қыз балаларының бойындағы мінез–құлық, жүріс-тұрыс, үлкендер алдында сөз сөйлеу мәнері секілді қазақы болмысымызға тән қасиеттердің болуын талқылау, имандылыққа баулу, жастардың өркениетті еліміздің даму талабына сай жан-жақты азамат болып қалыптасуына ықпал ету, ғылым-білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Кешке Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ардагер ұстаз Қалия Дәулетова, ХҚКО-ның Арал аудандық бөлімінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Лаура Ибраимова және Арал аудандық оқушылар үйінің директоры Қанағат Махамбетова қатысты.
Олар сында қатысушы аналар жалпы қазақ қызының болмысы қандай болуы керек, ана мен қыз баланың арасындағы қарым-қатынасы қалай, қазақ қоғамындағы қыз бен бүгінгі қыздар арасындағы алшақтық және қаракөз қыздарымыз елдің ертеңгі болашақ аналары екендігі жөнінде оқушыларға кеңінен түсіндірді. Сонымен бірге мектеп-лицей-интернаттың басшысы Гүлжанат Есенбаева:
– Ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін – қыз. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Қыз отбасында алдымен анаға, сосын сіздердей қоғамда өз орны бар үлгілі аналарға қарап бой түзейді. Нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын да жоғары көтеретінін естен шығармағанымыз абзал. Баланың тәлім-тәрбиесі – жауапты міндет. Сол себепті әрбір нәзік жанның ата-ананың үмітін ақтауы міндетті, – деп барша кешке қатысушыларға алғысын білдірді.
"Сырласайық" айдарымен өткізілген сырға толы кеш қыз баланың жадында сақталатындай өз мәнінде өтті.
Б. ЖИЕНАЛИЕВА,
№2 Облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернаттың тәрбиешісі.
05 наурыз 2024 ж. 178 0