Еңбек еткен қырық жыл бір салада

Қазір мына ғаламда не көп, мамандық көп. Көрмек түгілі атын енді ғана естіп жатқан небір кәсіп түрлері бар. Бірақ солардың ішіндегі ең беделдісі де, ең мехнаттысы да ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысы бар осы ұстаздық кәсібі. «Жақсының жақсы¬лы¬ғын айт, нұры тасысын» дегендей, осы тұста жаны жайсаң, әрі өз ісіне өте жауапты, ұлағатты ұстаз Фарида Мәжікова жайлы ой қозғаудың да реті келіп тұрғандай.
Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейіндегі тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Фарида Ақниетқызы Мәжікова қырық жылға жуық уақыт бірнеше буын шәкіртті тәрбиелеп, білім нәрін берген білікті ұстаз, аудандағы тарих пәні мұғалімдерінің көшбасшы тәлімгері. Тарих – барлық ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына дарытушы пән. Ұлы ғұлама, ғалым Әл-Фараби «Тарихты білмей-қазіргі жағдайды, келешекті болжау қиын» деп орынды пікір қалдырған. Сан қырлы талантымен танымал Фарида Ақниетқызы мектеп-лицейдегі «Айша бибі» әжелер ансамблінің белді мүшесі, «Үздік авторлық оқу-әдістемелік кешендер және элективті курстар» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы, «Қазақстан тарихын жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқыту әдістемесі» бойынша 9 сыныпқа арналған дидактикалық материалдар жинағының жас мұғалімдерге көмекші құрал ретінде пайдасы мол болуда.
Фарида Ақниетқызы ұла¬ғатты ұстаз ғана емес, мол тәжі¬рибесін әріптестерімен бөлісе білетін тағылымды жан. Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аяған емес. Әсіресе жас мамандарға жақсы жетекші бола білетіндігі өз алдына. Ұжым мүшелерінің өзара сыйластық пен ауызбіршілікте болуына да өз үлесін қосып келеді.
Ұлағатты ұстаздың ұрпақтарының арасында ардақты жолын қуып, ұстаздық қызмет атқарып жүргендері баршылық. Білікті ұстаздың ештеңемен өлшенбейтін еңбегі мектеп тарихында алтын әріптермен жазылып қала бермек. Санада сайрап тұрар әр сабағы шәкірт жүрегінде мәңгі жаттаулы. Ұстаз еңбегінің өлшеусіздігі, бәлкім, осында жатқан болар. «Бүгінгі күннің қаһарманы» деуге лайық, нағыз ұстаздың өнегелі жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Л. ИМАНБАЙҚЫЗЫ