Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Апалы-сіңілі кәсіпкерлер

Апалы-сіңілі кәсіпкерлер

Кәсіпкерлік – қоғамның экономикалық қозғаушы күші. Оның бағыты, дамуы еліміздің, ауданымыздың даму көсреткіші. Жалпы кәсіпкерлерде керемет идеялар ғана емес, оларды жүзеге асыруға деген ұмтылыс бар. Олардың инновациялық тәсілі мен еңбекқорлығы экономикалық және әлеуметтік салалардағы оң өзгерістерге ықпал етеді: нарықта жаңа өнімдердің пайда болуы, қосымша жұмыс орындарын құру, адамдардың әл-ауқатын арттыру. Басты назар да сондай кәсіпкерлерге түсетіні өтірік емес. Ал өз ісін дөңгелетіп отырған жандардың ағайынды болуы тіпті жақсы. Отбасы құндылығымен қатар жеке шаруасын да алып жүру кез келгеннің қолынан келмесі анық.
Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз ауданымызда өзіндік брендін қалыптастырып үлгерген апалы-сіңілі кәсіпкерлер. Олардың үлкені Айдана ханымның аудан тұрғындарына белгілі «Bright» кафесі және жеке нан өнімдері болса, сіңілсі Айнара «Ainaraw tattileri» атымен танылған цехтың иесі.
Кәсіпкерлер Арал ауданының Жіңішкеқұм елдімекенінде дүниеге келген. Дегенмен балалық шағында отбасылық жағдайға байланысты Жақсықылыш кентіне көшіп келіп, мектепті осы кенттен бітіреді.
Айдана ханым мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Одан кейін Астана қаласындағы Евразия Ұлттық университетінде «Шет тілі пәні мұғалімі» мамандығын оқып шығады.
Оқу бітірген соң 2017 жылы қалалық №14 мектеп-лицейіне мұғалімдік қызметке орналасып, соңғы 2 жылда декреттік демалысқа шыққан соңкәсіпкерлік бизнесті қолға алған. Ол туралы:
– Алғаш болып кәсіпкерлік туралы идеяны жолдасым айтқан болатын. Солай дайын фаст-фуд өнімдерін бірінші үй жағдайында жасап, сатылымға шығардық. Кейіннен ісіміз алға басып, шағын кафені жалға алып жұмыс істедік. Осы өткен жылдың аяғында автобаз мөлтек ауданынан «Bright» кафесін аштық. Бүгінде негізгі ерекшелік мәзірде. Онда ерекше, авторлық рецептпен тағамдар жасауды қолға алудамыз, – дейді Айдана ханым.
Иә, халық арасында Айдана ханымның кафесі туралы жағымды пікірлер жетерлік. Барушы тұрақты қонақтар саны да күн сайын артып келеді. Оның үстіне ауданымыздағы ашытқысыз нан өнімдерін алғаш болып сатылымға шығару да осы Айдана ханымның идеясы. Бүгінде ол кәсібімен қатар 4 баланың ардақты анасы, асыл жар, отбасының ұйытқысы болып отырған аяулы келін.
Сіңілсі Айнара ханым Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін «Мектепке дейінгі білім беру» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқушы кезінен ас үйдің шаруаларына қызығушылық танытқан ол өз кәсібі туралы:
– Өзім күнделікті тәтті пісіргенді жақсы көретінмін. Солай алғаш көршілерім тапсырыс бере бастады. 2019 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өтініш беріп, 252 500 тг көлемінде грант ұтып алдым. Алғашқы қомақты табысым сол уақытта басталды. 2020 жылдың аяғында арнайы цех аштым. Қазіргі таңда 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеміз, – дейді.
«Ainaraw tattileri» бүгінде әрбір мерейтойдың дастарқанына сән беретін десерт десек артық емес. Күнделікті және арнайы тапсырыспен жасалатын тәттілер арасында моти, макаронс секілді өзге ұлттың десерттері де бар. Тағы айта кететіні кәсіпкер отбасының жеке дүкені де халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Айнара ханым да кәсібімен қатар отбасылық өмірін қатар алып жүрген 4 балапанның анасы, ардақты жар және әулеттің сүйікті келіні.
Ағайынды кәсіпкер ханымдаротбасылық құндылықты арттыру барысында кәсіпкерлік бизнестің де өзіндік пайдасы бар екенін айтады.
– Бірге ақылдасу, сауда-саттық барысында да бірге қызмет жасау – ерекше сезім. Өзге жанмен жұмыс істегенге қарағанда өзіңнің бауырыңмен қызметтес болу оңай және барлық мәселені тез шешуге болады. Кәсіптің арқасында жолдастарымыз да дос әрі бажа әрі қызметтес. Көп жағдайда өзіміз бірге жүретіндіктен балаларымыз да көп уақытын бірге өткізеді. Бұның барлығы болашақта бауырмалдық сезімнің артуына, жанашырлыққа септігін тигізетіні анық, – дейді олар.
Иә, әр істің өз пайдасы бар. Оның үстіне қоғамға пайдасын тигізіп, бірнеше жанды жұмыспен қамту кәсіпкердің өз көңіліне де қуаныш. Ауданның экономикалық дамудың алғышартына айналған апалы-сіңілі кәсіп иелеріне отбасылық бақыт, істеріне береке тілейміз.

Гүлмарал САҚТАПОВА
09 сәуір 2024 ж. 243 0