Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін дәрі науқасқа дәрмен береді

Тегін дәрі науқасқа дәрмен береді

Әрбір қазақстандық мемлекеттен берілетін медециналық көмекті алуға толықтай құқылы. Денсаулық адам баласының ең үлкен байлығы. Кейде сол құндылығымызға қылаудай дерт жабыса қалса мән бермей асқындырып алып жататын жағдайлар да болады. Әсілі денсаулықтың қадірін басы ауырып, балтыры сыздаған жандар жақсы білсе керек-ті. Бүгінде елімізде түрлі ауруы бойынша тіркеуге алынғандарға тегін дәрі-дәрмек беріледі. Ол да өзінше көмек. Бүгінгі мақалаға тегін дәріні кімдер алады, және қалай тағайындалады деген сауалдарға мамандар пікіріне жүгініп жауап алған едік.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың тізбесі бекітілген. Ол үш бөліктен тұрады. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар. Екіншісі, ересектерге арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар. Үшіншісі, 18 жасқа дейінгі бала¬ларға арналған амбу¬ла-ториялық деңгейде МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттар мен бұйымдар.
Мысалы, еліміздің кез келген азаматы қандай да бір ауруға шалдыққан жағдайда, алдымен өзі тіркелген емханаға қаралады. Дәрігердің нұсқауымен анализдер тапсырып, диагнозы расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Содан кейін емдеуші дәрігер науқасқа дәрілік рецепт жазып береді. Алайда, науқасқа, жоғарыда аталғандай, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектер ғана тегін беріледі.
– Тегін дәрі-дәрмектермен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы №149/2020 бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепке алынған назалогиялар бойынша динамикалық бақылауды қажет ететін тұрғындарға және Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекеленген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы №75 бұйрығына сәйкес қамтамасыз етіледі. Тегін дәрі-дәрмекті алу үшін әрбір азамат жылына 1 рет профилактикалық тексеруден және скринингтен өтіп, ағзаларында қандай да бір ауытқулар болған жағдайда, әрі қарай толық тексеріліп, ҚР ДСМ №149 бұйрығына сәйкес, диспансерлік бақылауға алынуы тиісті, – дейді ауданаралық емхананың формацевті Әсемгүл Сүлейменова.
Көбіне дертті адамды дәрігер маман тізімге ала-алады. Егер азамат жүрек ақауы болса кардиолог, жүйке жүйелеріне залал келген болса психолог сынды арнайы мамандар есепке алады. Содан соң аймақтық дәрігерге ұсынады. Осыдан кейін арнайы беткітіген тізімдегі тегін дәрілік заттарды пайдалануға мүмкіндік алады.
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар 35-ке жуық ауру түрі бойынша барлық диспансерлік есепте тұратын науқастарға тегін беріледі. Оларға қан айналым жүйесінің, тыныс алу, ас қорыту, қан, қан ұю ағзаларының аурулары және иммундық механизмді тартатын жекелеген бұзылулар, эндокриндік жүйе аурулары, психикалық бұзылулар, нерв жүйесі, онкологиялық, тағы басқа бірқатар аурулар жатады. Тегін дәрі алушылардың тізімі жарты жыл бұрын қарастырылады. Және жылдың аяғында тізім нақтыланады. Мәселен, 2025 жылы тегін дәрі-дәрмек алушылардың тізімі қазір жасалып жатыр, – дейді формацевт маман.
Ұзақ жылдан бері тегін дәрі-дәрмек алып жүрген аудан түрғыны Элмира Сержанқызы қазіргідей қымбатшылық кезеңінде бұл үлкен көмек кендігін айтады.
– Мен 2016 жылдан бері анемиямен тізімде тұрамын. Маған аймақтық дәрігер тегін дәрі келген кезде арнайы хабар береді. Өзіме ұсынған тағайындауды растайтын құжаттымен барып, қажетті дәрілерімді аламын. Соның арқасында қазір денсаулығым біршама жақсарып қалды. Ал сол дәрілерді сатып алатын болсам, менің қалтама үлкен салмақ түсірген болар еді. Себебі өзім денсаулығыма байланысты жұмыссызбын. Отбасында алты балам бар. Сондықтан тегін дәрі маған үлкен көмек болып отыр, – дейді ол.

Н. БАҚЫРАН
16 сәуір 2024 ж. 227 0