Оралдан Аралға...

Осыдан бірнеше күн бұрын Арал аудандық білім бөлімі Қазалыдағы темір жол бекетінен Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларын қарсы алып, аудандағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына орналастырды. Бұл да жылы орнынан қозғалған ағайынның балаларына үлкен қолдау болды. Барлығы 103 бала елдегі азаматтардың бастамасымен жайлы орынға келіп жайғасты. Жай ғана жатып кету емес. Сол балаларды сауық кештеріне куә қылып, бір сәт көңілін аулау бастамасынан туындаған берекелі іс еді бұл. Жылдағы бағыты оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырып, қосымша білім беру ісін қолға алатын орталықтың сыйымдылығы 150 орындық және 28 қызметкер жұмыс жасайды. Мұнда әр жылы жаз айларында Арал ауданынан 800 балаға жазғы демалыс ұйымдастырылады.
Оралдық балалар 10 күн бойы аталған орталықта білім мен тәрбие ғана алып қоймай, түрлі мәдени-сауықтыру шараларға қатысады. Сондай-ақ ауданның тарихи мәдени орындарына экскурсия жасайды. Мекемеде балаларға барлық қажетті жағдайлар жасалып, оффлайн оқу процесі, сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Аудан халқы мен мемлекеттік мекемелер қиын-қыстау кезеңде отандастарымызға көмек қолын созуға әрқашан дайын.
(Өз тілшімізден)