Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әнге арқау болған жеңеше

Әнге арқау болған жеңеше

2000 жылдары менің жарым Бақытгүл Қызылордада облыстық ауруханада неврология бөлімшесінде аяжан болып жұмыс істеп жүрген болатын. Содан бір күні оларға бір үлкен апа ауырып түседі, бірақ көп уақыт өтпей ауруханадан шығып кетеді де, қалған емін үйден жалғастыратын болады. Сол үйіне барып, қалған емін менің жұбайым жасап жүрді. Сонымен екеуі жақсы таныс болып қалады, оның үстіне Бақытгүл де аралдық болғасын, іш тартып сөйлескен болар. «Көп әңгімелерін айтатын, отыра тұр асықпа, шәй ішіп кет» деп айтады екен.
Ем алып болғасын сондай бір әңгімесінде: «Аралдағы жеңеше-ай» деген әнді есітіп пе едің, сол ән маған арналған еді депті. Сол жеңгеміздің жасы келіп қалса да Бақыт оның ажарлылығына, сыпайылығына тамсанып отыратын. «Әсіресе саусақтары сондай нәзік, сүйріктей болатын» деп әңгімесін айтатын маған. Ол әнді мен де жас кезімде естігенмін, бірақ оның тарихын, кімге арналғанын білмейді екенмін. Сөйтіп қызығушылығым оянып тарихын білу үшін, іздендім, сонда анықтағаным мынау еді.
1967 жылдың маусым айында Алматыда домбыра оркестрлерінің 2-інші республикалық байқауы өтеді. Осы байқауға қатысуға облыс бойынша Арал ауданының домбыра оркестріне жолдама беріледі. Оркестрді байқауға дайындау үшін аудан басшыларының өтінішімен байқаудан бір ай бұрын Алматыдан Қазанғап күйінің шебері Садуақас Балмағамбетов пен композитор Нұрғиса Тілендиев келеді.
Нұр ағаң Алматыдан Аралға келе жатып, жолда Қызылордаға түседі. Облыс басшылары Нұр ағаның қасына сол кезде облыстық шығармашылық үйде әдіскер болып жұмыс істейтін Адам Мекебаевты қосып жібереді. Оркестрдің дайындығынан бір жетідей өткенде Нұрағаны сол кездегі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Құлмағанбет Қартақов ағамыз түскі шайға үйге шақырады. Шай үстінде Құлмағанбеттің үйіндегі жеңгеміздің жүріс-тұрысы, сыпайылығы мәдениеті, тамақ дайындауы Нұр ағаға қатты ұнап, шабыттанып отырып сол жерде жеңгемізге арнап ән шығарады. Енді әнге мәтін керек, Шаханов Алматыда.
Нұр аға амалсыз Адамға қарап:
– Әй, Адам, сен мына әнге сөз жаз, – дейді. Адамның ол кезде әлі атағы шықпаған кезі. Жас ақынның өлеңді енді-енді жазып жүрген шағы. Адам әдепкіде тосын тапсырмадан сасып қалып, қашқақтай бастайды. Әй, Адам, сен адам болсаң сөзін жазасың деп Нұр аға одан әрі нығарлайды. Нұр аға Адамның Адам деген атын қызық көріп, онымен әзілдесіп қалжыңдасатын. Адам амалсыз түнімен ұйқы көрмей, терлеп-тепшіп таң атқанша әннің мәтінін жазып шығарады. Сөйтіп Нұр ағаның «Аралдағы жеңеше-ай» атты атақты әні осылай дүниеге келеді. Ертеңіне Нұр ағаны атақты «Коммуна» қайығымен теңіз үстіне қыдыртып жүргенде, әнді тұңғыш рет оркестрдің әншісі Жеңіс Қырымов орындайды. Жеңістің шебер орындауына Нұр аға қатты риза болады. Әннің шығу тарихы осындай екен.
Содан бір күні қызық болды, жұбайым екеуіміз қалада көкбазар аралап жүрсек, бір ер адам бізді көріп қалып, өзі келіп Бақытгүлмен, сосын менімен амандасты. Таныстық, сөйтсем бұл сол ем қабылдаған жеңгеміздің қолындағы баласы Райыс екен. Жасы менен көп үлкендеу, мен бұл адамды сырттай білетінмін. Қалалық қаржы мекемесінде жұмыс істейді. Сонымен Бақытқа ризашылығын білдіріп, анасының амандығын айтып, өз көлігімен бізді үйге дейін жақындатып салды. Қолымызда сатып алған заттарымыз бар еді. Мені таңқалдырғаны, жоғары дәрежелі қызметте жұмыс істесе де неткен қарапайымдылық, ақкөңілділік десеңші?! Анасының мейірімділікке, кішіпейілдікке тәрбиелегені көрініп тұр. Кейіннен жұмыс бабында да Райыспен кездесіп қалып жүрдік. Мен ол кезде құрылыс саласында істеймін, оның жұмысы бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын бақылау саласында болатын. Қартақов Райыс ән арналған жеңгеміздің ұлы, қазір зейнеткер болуы мүмкін, жас шамасы 70-тен асқан. Шіркін деймін-ау, сол заманда қазіргідей смартфон жоқ кезі, естелікке суретке түсіре салатын. Тек осылай ауызша айтып қана еске аламыз осындай асыл жандарды. Әнге арқау болған Роза Қартақова жеңгеміздің одан кейінгі тағдырынан хабарымыз жоқ. Одан бері де 24 жылдай болыпты, уақыт шіркін зымырап өтіп жатыр...
Ералы ЕСІМОВ

Фото: ашық дереккөз 
01 мамыр 2024 ж. 237 0