Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрші ақысы – тәңір ақысы

Көрші ақысы – тәңір ақысы

Асыл дініміз Исламда көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят-хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге ... жақсылық жасаңдар», – делінген.
Көрші ақысы жөнінде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз көптеген өсиеттер айтқан. Бірде Алла елшісінен: «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, соның қайсысына сыйлық берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына» деп жауап берген.
Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек.
Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің үш түрі болады. Мысалы, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса, ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі: туыстық, мұсылман бауыр ретінде және көршілік ақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ діндес, оның екі ақысы болады. Үшінші, тек көршілік ғана ақысы бар, бірақ өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныстанған көршілер кездеседі. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік ақыңыз бар. Көріп отырғандай, дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуді уағыздайды.
Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә саналады. Әнәс ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі: «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (әл-Барраз) деген. Сондықтан қиындық, жоқшылық кезінде көршіге қарайласу – имандылықтың белгісі.
Халқымыздың басынан неше түрлі зобалаң өтті. Алтын басы қор болып, аша тұяғы қалмады. Сонда үйелмелі-сүйелмелі өз балаларының аузына тосқан бір тостаған ағарғанын көршісінің баласынан да аяған жоқ. Бір-біріне қарайласып, жан бақты. Бір күлше нанын бөліп жеп, бір сиырдың сүтіне тоғайды. Қазақтың іргесі сетінемей, бүгінге жалғанғаны да мүмкін дәл осы көрші ақысының арқасы болар.
Салтымызда көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса көмегіңді аямау міндет саналады. Тіпті әлдебір шаруашылық жайыңызды, мысалы монша, қора-қопсыны көршіңіздің келісімін алған жағдайда ғана салу – мұсылмандық. Ал егер көрші тарапынан оған қарсылық болса, белден басу жарамайды.
Қазақ халқының мақал-мәтелдері де Ислам дінімен астасып жатыр. Мәселен, халқымызда «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас. Жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас» деп шенейді. Сондай-ақ «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен» деп, жақсылықтың қайырымы тек жақсылыққа жеткізетінін меңзей келе, көршімен дұрыс мәміледе болсаңыз, ол да сізбен жақсы қарым-қатынаста болатынын білдіреді.
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Көрші өз үйінің қабырғасына көршісінің бөрене тіреуіне тыйым салмауы тиіс» (Бұхари мен Мүсілім) - деген.
Қ.Қабылғазиев,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы

Фото: muftyat.kz
04 мамыр 2024 ж. 269 0