Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елді қорғау – ер азаматқа берілген ұлы мәртебе

Елді қорғау – ер азаматқа берілген ұлы мәртебе

Отанды қорғау – қандай жағдайда болмасын еліне беріліп, адалдық пен ақ намыспен қызмет ету. Сонау тарихтан белгілі оқиғалардан бастап еліміздің басынан өткен қайсыбір соғыста қорғаныш қызмет еткен әрбір ер азамат «Қорғаушы, батыр» атына лайықты. Солардың ішінде, Ауған соғысы – Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Он жылға жалғасқан шайқаста ауған әскерлерінің құрамында Қазақстаннан 22 мыңға жуық жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 1000-ға жуығы сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапқан, 21 адам хабарсыз кетіп, мыңдаған әскер елге ауыр халде оралды.
            
Елді қорғау – ер азаматқа берілген ұлы мәртебе. Соны абыроймен атқара білген ардагерлердің арқасында біз  бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгідей мейрамның қарса    ңында елін қорғаған азамат, Ауған соғысының ардагері Серік Жұмахметов Өткелбайұлының естеліктерімен бөліспекпіз.
Серік Өткелбайұлы 1967 жылы 24 шілдеде Арал қаласында дүниеге келген. 1985 жылы мектеп бітірген бозбала жыл өткен соң 17 қарашада қатардағы жауынгер болып, әскерге алынады. 20А тобында Атар қаласына аттанады. Ол туралы Серік Жұмахметов:
–    Дегенмен Атар қаласында 2 апта оқу-жаттығуларын өткізіп, қайта топтарға бөле бастады. Қызылорда облысынан 35 жігітті бөлек Қырғызстанға Аламүдін ауданы, Қойтас жеріне қызметке жіберді. Онда 8 айға жуық әскери борышымызды өтеген соң дабыл қағылды. Бізді полктан шығарып, шатыр құратын жерге апарды. Сол жерден бәрімізді дайындап, киім ауыстыртып, Ташкенттегі казармадан әндетіп шығарып салды. Біз қайда баратынымызды білмейміз. Не үшін олай сыйлап жатқанынан да хабарымыз жоқ. Тамақты, төсегімізді бәрін тиеді. Ол жақта орыс та, тәжік те, қазақ та бар, жалпы аралас ұлттар болып жиналдық. Бізге түрлі соғыс туралы фильмдерді көрсетті. Таңертең 94 жауынгер болып Урал жүк көлігіне тиелдік. Жанымызда танк, БТР бар. Біз сол кезде де ештеңені түсінбедік. Біраздан соң ғана бізге «сендер Ауғанстанға барасыңдар» деп  бірауыз сөзді айтты, – деп еске алады.
Ол кезде 18-19 жасар жас жігіттер бұл сөзден қорқудың не екенін білмеген еді. Соғыс туралы түрлі фильмдер көрсетіп, өздерін психологиялық тұрғыда дайындаған көрінеді. Ал нағыз соғыстың қиындығы әлі алда болатын.
–    Біздің алдымызда қаншама тепловоз, көліктерге шабуыл жасалған көрінеді. Соның алдын алу үшін  жүк көлігінің жандарына соғыс зымырандарын қосады екен. Оған мән беріп жатқан біз жоқпыз. Бір уақытта ұйықтап кетіппіз. Таң атқанда Кабулға келіп қалыппыз. Таң намазына шақырған азанның дауысы шығып жатты. Нағыз қорқынышты кез сонда басталды. Ауылдың баласымыз ғой, ештеңе көрмегенбіз. Ал ол жақта бәрі сақалды кісілер, арнайы жасақтар. Бізді арнайы киім киген жігіттер итпен күтіп алды. Сол жерден бәрімізді түрлі қызметке бөліп, іске кірісіп-ақ кеттік, – дейді Серік Өткелбайұлы естелігін жалғастырып.
Ауған жеріне барған Серік Өткелбайұлы 4 ротада қызмет етеді. Кабулда біраз уақыт болып, Пәкістанмен шекаралас Хост ауданына ауыстырылады. Онда 3 қазақ және басқа ұлт өкілдері болады.
–    Онда ылғи жер астында боламыз. Казарма қазылып жасалған. Терезеде әйнектің орнына целлофан пакеттер қойылған.
Біз әскердегі жігіттер бір-біріміздің орнымызға ауысамыз. Яғни менен бұрын келген жігіт мен барған соң қайтуы керек. Солай оның орнына 2 айда пулеметші атандым. Арнайы операциялармен Ғазни, Мазари-Шариф жерлеріне бардым. Ол жерде ойлануға уақыт жоқ. «Мында барасың!» деп бұйрық келеді, ал сен дайын болуың керек.
Уақыттың қай мезгіл екенін, ашсың ба, тоқсың ба оны да ұмытып кетеміз. Әлі жаспыз, бірінші келуіміз, түрлі айла-тәсілді де білмейміз. Бірде солай жүріп қолымнан жарақат алдым. 1988 жылдың 28 қарашасында біздің де қайтатын уақытымыз болды. Ең өкініштісі, 3 күн уақыт қалғанда досымыздың ішінен бірі ажал құшты.
Қазіргі таңда ол қиындықтың бірін де ешкімге көруге тілемеймін. Бейбіт күндеріміз көп болсын, – деп, игі тілекпен аяқтады Серік Жұмахметов сөзін.
Бұл еңбегі зая кетпеген Серік Өткелбайұлы «Ауған халқының алғысы», «КСРО жауынгер-интернационалистіне», «20 жылдық юбилей», «10 жылдық юбилей», «Кеңес әскерінің Ауғанстанға шақырылғанына 30 жыл», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» медальдарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бүгінде  ол жары Гүлбану апаймен 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты отбасының отағасы.
Гүлмарал САҚТАПОВА


08 мамыр 2024 ж. 237 0