Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысты жолды таңдаған тыл майдангері

Табысты жолды таңдаған тыл майдангері

Қанша байлық ұсынса да азаттығын әсте жоғары бағалаған елдер баршылық. Ғасырлар бойы жалғасқан бабалар мұраты бізге Тәуелсіздік болып келгенімен, оны Алланың ризығы екенін ұмытпаған ләзім. Сұрқай саясат қазақты қанша езгіге салса да, рухын сындыра алмады. Керісінше құлдықтан еркіндікке ұмтылды. Қуғын-сүрген көрген ұлт Ұлы Отан соғысында тобықтан қан кешті, толарсақтан саз кешті. Дүниені өгей еткен сол бір сұм соғыстың салқыны талай шаңырақты талғандады. Дәрменсіздер дала кезді, қауқарлылар қару асынды. Осылайша келген Тәуелсіздік ақыр соңында ТМД-ның ыдарауымен аяқталды. Шын Тәуелсіздік бізге сол кезде ғана бұйырды.
«Өткенсіз келешек жоқ» десек те, бізге әлі де артқа қарауға тура келеді. Тарихтың ақтаңдақтарын түгелдер болсақ талай боздақтың шерменде кеткен шерлі мұңы, кеудесінде қалаған кегі мен қазаққа деген құрметі қалған болуы мүмкін. Мына сайын дала мен тау-тас соған куә. Ғайыптан тіл бітсе талай дүниенің беті ашылар еді. Талай боздақтың сүйегі туған топырағына оралар еді. Шын мәнінде жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Қан майдан қабылдамаса да сол кезде қазақтың көптеген қара домалақ баласы қыр мен сырдың арасында еңбек етті. Балалығы ұрланған сол ұрпақтың есепсіз еңбегі еліміз тәуелсіздік алған соң да ескерусіз қалған жоқ. «Тыл майдангері» деген тең дәрежелі құрмет оларға да бұйырды. Сондай жандардың бірі – Тиыш ақсақал еді.
Сартмамбетов Елеш заманында «30 жылдық Қазақстан» колхозының жылқышысы болды. Құметті демалысқа да сол бір еселі еңбектің екпінімен шықты. Сол Елеш әкейден тараған ұрпақтың алды Қарымсақ еді. Ал кейіпкеріміз әкеден тараған ұлдың үшіншісі. 1936 жылы Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты Ақбай елді мекенінде жарық дүние есігін ашқан. Нақтысы, соғыс оты тұтанған 1941 жылы 5 жасар бала еді. Елдегі дүрбелек сол кездің өзінде-ақ ойын баласын ерте есейтті. Ағасы Қарымсақ 1943 жылы майдан шебіне алынып, әуе кеңістігінде әскери жорықтар жасаған майдангер. Сол кездерде уақытпен саннаспайтын сергелдең бала Тиышты ерте тұрғызып, кеш жатқызды. Бала болса да барып кел, шауып келге жарайтын қарасирақтар сол кезде егістік алқаптарды күзетіп, майдан шебіне күш беретін күзгі өнімдер дайындау ісінде үлескер атанды. Кейіпкеріміз Тиыш кейін соғыс бітіп, ел еңсесін енді тіктеп жатқан тұста, 1955 жылы Қамыстыбас орта мектебін бітірген. 1958 жылы Қызылордадағы электриктер дайындайтын учелищені бітіріп, ересектер санатындағы еңбек жолын «Қарақұм» кеңшарында электрик болып бастайды. Ол кезде оқу бітіргені өз алдына, құр жүрген жұмыссыздар қоғам жауы саналған ғой. Бертін келе Аралға көшпелі электр станциясы келіп, жұмыс жаңашыл жүйеге түсе бастаған уақытта энергопойыз мекемесінде өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Осы мекемеден зейнеткерлікке шығып, халықтың шамшырағына айналған сала мамандарының құрметтісіне айналды.
Әрине әр азаматтың басына тауып қонатын немесе ауып қонатын бағы болады. Кейіпкеріміздің басына бақ сірә, тауып қонған шығар. Адал еңбек абыройға бөлейтінін ескерген Тиыш ақсақал еңбекке жарамды дер шағында жұмыспен қатар кәсіпті де ұршықша үйірді. Балаларын да сол кәсіпке бауылып, тамақ өндірісіне ден қою арқылы Ұлы Жібек жолының қазіргі желісі, көлік логистикасының құретамыры саналған тас жол бойында жолаушы аялдайтын арнайы дәмхана ашты. Осылай басталған кәсіп қара шаңырақтың құты һәм ұрпақтарының үзілмес үмітіне айналды.
1959 жылы өмірлік жары Нағимамен бас қосып, өмірге әкелген перзенттерін кәсіпке баулыды. Жұбайы да бұл кәсіптен алыс емес еді. Саналы ғұмырын сауда саласына арнады. Көп жылдар бойғы еңбегін кәсіппен ұштастырған алтын құрсақты ана бүгінде өзі өмірге әкелген 4 ұл, 5 қыздан 40-тың үстіне немере-шөбере сүйіп отыр. Отағасы қалап берген кәсіпті балаларына нәсіп қылып отырған берекелі шаңырақтың базары бір тарқаған жоқ. Мұның барлығы сол әулеттің ұйтқысы болып отырған Нағима ананың арқасы болар. Біз таныған тыл майдангерінің табысты да өнегелі жолы осы...
А.БИСЕНОВ

09 мамыр 2024 ж. 208 0