Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық тәрбиеден

Тазалық тәрбиеден

Салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды айтпағанда, саулықта өмір сүруіміздің кепілі бола алатыны ол – деннің саулығы және тазалық. Ал дені сау ұрпақ қоғам байлығы.
Туған жерді сүю – оның дәстүрі мен әдебіне көну. Елінің тау-тасын қадірлеп, әр мекенін мақтан ету – бұл патриотизмнің алдыңғы көрінісі. Табиғатының сұлулығын қалаған  Отансүйер, оның ластанбауын  да ерікті түрде қалайтыны хақ. Көріп, біліп жүрміз. Ауданда тазалыққа, көгалдандыруға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бірақ мәселе осы жұмыстарды жүргізуде емес, оны сақтап қалуда. Осы мақсатта елін, жерін шексіз сүюді біз жас ұрпақтың санасына қалай сіңіреміз? Бізге дейін бұл тәрбие қалай берілді және не айтылды?
Қазақта ер бала азаматтығын дәлелдеу үшін  үштік  кезеңнен тұратын салтымыз бар. Онда алдымен, үй тұрғызуды, екіншіден, өз баласын аяққа тұрғызуды, үшіншіден, «бір тал кессең, он тал ек!» деп ағаш отырғызуды міндеттеген. Ата дәстүрді санаға түю үшін біз балаларды мектеп қабырғасынан бастап осы қасиеттерге баулысақ нұр үстіне нұр болар еді. Ал ересектер үйрете отырып үйренері баршаға белгілі дүние.
Қалай десек те, тазалық баршаға ортақ іс. Сондықтан тазалық мәдениетін қалыптастыра алсақ, тәрбиеге тереңірек мән берсек, қала көркі ажарлана түседі.
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ

Сурет: ашық дереккөз 

11 мамыр 2024 ж. 363 0